әткеншек тәрiздi арқанға асыла отырып, Ранай сәби тыпыршып бұлқынған сайын ащы
дауыспен құлақ жара шыңғырып жiбередi. Ондайда аялы қара көзi бақырая кең
ашылып, қарашығы керiле түсiп, үрей елесi қаптай торлап кетедi. Iзiнше ыстық жасы
парлап шыға келедi. Әйелдер аллаға сыйынап, оған басу айтады.
Ранай олардың сөзін естiп те, ұғып та отырған жоқ. Құлағына әйелдердiн
жаңқылдаса сөйлескенi, балалардың жылағаны алыстан ұласа шыққан долы сарындай
боп естiледi. Басына алас-қапаста жаман ой да сап ете қалады. “Мен баланы неге
туамын? Кiм үшiн?” Артынша асылық ойына кешiрiм сұрағандай, тәубаға кеп, аллаға
жалбарына бастайды. Бiр сәт ұяттан екi бетi өртенiп кетедi. Оң босағасында отырып
босанған қыз бұл өлкеде кемде-кем. Мұны естiсе ел-жүрт не дер екен? Соны ойлағанда
өлiмге де қайыл боп, Ранай қып-қызыл ерiнiн қырқа тiстеп ап, жан-жағына көз салмауға
тырысады. Бiр сәт көз алдына Қызкүмбез елестеп кетедi. Талай заман бойы аяулы
махаббаттың ән-жырынша ел аузында аңыз боп келген киелi күмбездiң дәл түбiнде
Ержiгiт тұрып ап, қолындағы ұшы үшкiр қайламен қабырғасын солқылдатып ұрып
жатыр. Әне, адамдардың соққысына шыдамаған Қызкүмбез кенет астындағы қара жер
қозғалғандай, зор тұлғасына ие бола алмай, ауыр салмағымен төмен құлап барады.
Жерге керпiштерi сатырлап үйiлiп жатыр. Ал ана Ержiгiттiң ойына ештеңе кiрiп-шығар
емес. Мәз-мейрам. О қасқа, дәрменсiз сорлы! Есi бар кiсi өз махаббатының күмбезiн
қиратқанға мәз-мейрам бола ма екен?! Бұл да дәрменсiз. Неге жаңа Ержiгiттiң
қолындағы қайласына жармаспады, неге оған жалынып, жалбарынбады? Неге кеше
ғана Көптiлеудiң айтқанына көндi, неге артынан сұрау салған Ержiгiттiң шалғайынан
ұстамады? Бұл тағы да дәрменсiздiк көрсеттi. Тым құрымаса, ана Жамалдай жаны
қаламайтын кiсiнiң құшағынан шығына қашып, шөлдеп өлгенде ғой, кiм бiлiптi, әке-
шешесi өздерiнiң қате iстегенiн, қыздарының обалына қалғанын бiлiп басына жылап-
сықтап жүрiп, жаңа күмбез орнатар ма едi? Жаңа күмбез? Құдай-ай, асылық етсем
кешiре гөр! Тәубә, тәубә! Менiң бұ не дегенiм?! Асылы кiм болса да мына жарық
дүниеге, айдай әлемге бақытты өмiр сүрсем, үйлi-баранды болсам, нәресте сүйсем деп
келмей ме? Менiң сонда бұл не дегенiм? Алла, асылық айтсам, кешiре гөр! Құдай-ай!
Мынау не, мына әйелдер осыншама анталап нағып тұр? Нәресте қашан жарық дүниеге
шығады? Ой! Ой-ба-а-ай! Ранай тiстене көгерiп, шыңғырып жiбердi. Кенет соңғы
кездерi асқа күптi болғандай еңкеюге шамасын келтiрмей жүрген iшi босап сала бердi.
Нәрестенiң ащы даусы шар ете қалды. Оны Күлбарам жөргекке орап жатыр. Шешесi
самсоз. Үрзия iшкi тамға жүгiрiп барып, қалың көрпе әкеп, мұны жерге жатқызып,
қымтап орап тастады. Ранай тұла бойын ала алмай, бар мүшесi сал-сал боп, азаптан
құтылғанынан ырза қалыппен бiр сәт күле қарады. Тек шешесiнiң абдыраған түрiн
көрiп, оның осы шақта не жайлы ойлап тұрғанын iштей оқығандай, қабағына тез кiрбiң
шапты. Қайта қараса, шешесi әлi бiр орнында қаққан қазықтай сексиген қалпын
бұзбапты. Байғұс, қызының үйiнде босанғаны ерсi екенiн, қазiр-ақ ауыл үйдiң табасына
қаларын ойлап, не iстерiн бiлмей тұр-ау! Соны ерте бастан ойлағанда, мұның
тағдырына араласып несi бар едi? Асылы, қандай кемеңгер болсақ да, адам тағдырын
өзгертем деп бiлек сыбанып кiрiспес бұрын бiр мезгiл соның жөн-жосығын тереңнен
ойластырып алғаны жөн емес пе? Ал, соны өзгерттiң, бiрақ сенiң бар жасаған тәртiп-
жүйеңнең, iс-әрекетiңнен халық, адам бақытты боп кетсе жақсы, ал арылмас қалың
сорға қалса қайтесiң? Ондайда ертең сенi бүкіл ұрпақ қарғап, рухыңды бұл әлемнiң
бетiнен жоқ қылуға тырысып, көрiңе от қоймай ма? Ең дұрысы, қалауды халықтың,
адамның өзіне салған; сен тек өз бiлген-түйгенiңдi айт, оны ел-жүрт қоштап, қолдап
жатса, өзі бiледi. Егер жақсы ниетiң керi кетiп, ел басына қалың сор орнатсаң, жұрттың
көз жасына қаласың ғой. Көз жасы? Мұның әке-шешесi де қызының көз жасына қалып
отырған жоқ па? Ата-бабаның кегi, мал-мүлiк, от басының ырыздығы мұның бақыты
бола алды ма? Жарайды, дүниенi тәрк қып жатқан ешкiм жоқ, бiрақ адамның көңілi
деген бар емес пе? Жаның қаламайтын кiсiмен түтiн түтетiп жүрсең де, түнiң осында
болғанмен, жаның басқа жақта жүрсе, үйткен тiрлiктiң не қызығы, не рақаты бар? Одан