серпiлiп, үзілiп шықты да, әлгі перiштенiң соңынан самғап ұшып кеттi. Оны алдынан
естiлген сиқыр саз, ақ отау, перiштелер арбап, елiктiрiп барады. Оны атақты Жамал
сұлу ақ отаудан шығып, бейiштiң жұпар иiсi аңқыған алма бағында қолын бұлғап
шақырып тұр. Бұл солай қарай қанатын асыға қағып, ұшып келедi, ұшып келедi, қош,
қайран қара жер! Қош, қоңырқай дала! Қош, қош, қо-о-ш! Бiрақ, неге екенi белгiсiз,
тынысы тарылып, көзi қарауыта бастады. Әлгі елестер бiрте-бiрте жоғалайын дедi. Сол
мезет ол Күлбарамның:
— Қасқа-ау, саған не көрiндi?! Ойбай, өлдi, өлдi! — деп даусы барқырай
айқайлағанын шала-шарпы есiттi.
Одан арғысын бiлмедi. Бiр кезде ұзақ ұйқыдан оянғандай боп есiн жиса, төргi тамда
жатыр. Үй iшi ала көлеңке. Әке-шешесi, жеңгелерi аяқтарының ұшынан басып кiрiп-
шығып жүр. Мұның көзiн ашқанын көрiп, Күлбарам қолымен аузын басып, мырс-мырс
жылады. Бетiн айғыздап аққан жасын сүрткен жоқ.
— Еркем-ау, мұның не? Күпiр өлiмiнде кетейiн деп пе едiң?
Ранай үндемеді.
— Шүкiр, тiрi қалдың. Қанша дегенмен ақырет-азар көрсең де, тiршiлiкке iждеме
жетпейдi. — Күлбарам жақын кеп, қолын қысты.
Ранай болған жайды есiне бiртiндеп түсiре бастады. Өзінiң не iстемек болғанын жаңа
сезiп, тұла бойы түршiгiп кеттi. Мойнының бiр қабат терiсiн сыдырып тастаған қыл
арқанның орны удай ашиды. Бар мүшесi жiлiктеп қойғандай ал-сал. Сол мезет дәл
қасынан мына дүниеде аяқ жолын жаңа бастаған әлi күнәға батып үлгермеген жас
өмiрдiң иiсiн сездi. Мойнын ауырлау бұрып қараса, қызыл шақа нәресте көзiн жұмып,
тәмпiш танауы пыс-пыс етiп ұйықтап жатыр. Бар тағдырын анасына тапсырғанын
сезгендей бейқам. Сонда оның сенген анасы Ранай жаңа... Құдай-ай, өзің кешiре гөр!
Мен мұны кiмге тастамақ болғам! Мұны қалай көзiм қиды? Кенет Ранайдың кеудесi
жылып, алпыс екi тамыры иiп, шым-шымдап енген тосын куат он екi мүшесiн
балқытып ересен қуатпен жас өмiрге қарай тарта жөнелдi.
Есiк ашылып, iшке шешесi кiрдi. Соны күтiп тұрғандай, аспан шатыр ете түсті.
Талай заман бойы қазақтардың ата-бабасы жайлаған мына қоңырқай құба даланың
төсiне қоныс тепкен қан мен көз жасын, қылмыс пен күнәнi, дарақылық пен
пасықтықты мәңгi қуып тастағысы келгендей қара нөсер сатырлап кұйып тұр.
25
Ержiгiт ауылға келгенде аспанның түбi жыртылып кеткендей төпеп жауған қара
нөсер басылған да едi. Жуылған жаулықтай нiл қара көк зеңгiрдiң бiр тұсынан
алмағайып қияметi мол жер бетiне күн алғашқы жылы сәулелерiн жаңа ата бастады.
Құмдауыт жерлер нәрлi ылғалды бойына сiңiрiп, қоңыр тартып, дел-сал көсiлiп жатыр.
Ауадан пiсе-пiсе жиған шiресi бойына сыймай, қақ-қақ айрылған қарбыздың иiсi
шығады. Ержiгiт саф ауаны көкiрегiн кере жұтып, iлгерi жүрiп берiп едi, қарсы келе
жатқан Күлбарамды көрiп кiдiрдi. Өзінiң көзi қып-қызыл, Ержiгiт аз-кем таң қалды.
— Ау, жайшылық па?
— Жәй, — келiншектiң сыбырлағандай ақырын сөйлегенi сонша, даусын әзер есiттi.
— Онда...
— Кеше қайнымыз кеп...
— Сәдiрмақан ба?! — Ержiгiт таң қалғаннан не дерiн бiлмедi. — Мәссаған!
Ол жақында ғана Пiрмақан суаяқ Үрзияны қайнысы Балмақанға некелейдi екен деп
есiткен. Осы төңiректе екiнiң бiрiнде болып жатқан бұл әдет-ғұрыпқа онша таңдай қала
қоймаған. Ранай қайтып кеп, iрметiлген жiптей шырғалаң тiршiлiктiң ұштығына шыға
алмай жүргенiнде, қара шалдың тосын ниетi жайлы гу-гу әңгiмеге құлағын онша