төсемеген. Ендi кеше артынан қара қағаз келген Сәдiрмақанның аман-есен оралғанын
естiп, төбесiнен жай түскендей болды.
Күлбарам көзiн жаулығының ұшымен сүртiп тұрып, Ранай туралы да айтып өттi.
— Қойшы! — дедi Ержiгiт әбден шошынып. — Ау, оған не көрiнген?!
— Не көрiнген дерiң бар ма? Құдай екi оттың ортасына салып қойғасың күйiнетiн
шығар.
Күлбарам кеткесiн‚ Ержiгiт үйiне беттедi. Әлемет жауыннан кейiн салқын тартқан
дымқыл ауа бетiне шiмiрiктiре тидi. Ол аяғын сылбыр алып келедi. Ұзақ жортуылдан
қайтқан назбедеудей бар мүшесi жыртылып, ұнжырғасы түсiп, боркемiк тартқан
тәрiздi. Ранайдың қиын сәтте мына тiршiлiктi көзi қиып, талақ қып кеткiсi келген ессiз
әрекетiнен аза бойы қаза болса, оның әлi де көрер жарығы боп, аман-есен қалғанына
құпиялап куанып қояды. Ой торлаған көздерiне бiр үрей, бiр қуаныш алма-кезек ойнап
шығып, бiр-бiрiн жеңісе алмай, көбiне итжығыс түсiп жатыр. Сол шайқастың ересен
дүмпуi басын мыңғыдай ғып жiберген. Ержiгiт қанша дегенмен өзі өлiп-өшіп жақсы
көрген қыздың мына жер бетiнде жайнаң қағып жүргенiнiң орны мүлдем бөлек екенiн,
содан айрылып қалса, қара нөсер сабалап құлатқан ессiз тамның қабырғасындай
көңілiнiң бiр жағы опырайып, мүлдем үңірейiп қалатынын зайыр аңғарды. Ондай атты
күн басқа түссе, көрiнгенмен арпалысып өтiп жатқан тiршiлiктiң ешқандай да қызығы
қалмайтынын, мына шайдай ашық аспанның, анау жас көгiн жаңадан қылтитып шығара
бастаған қоқыр белестiң, мынау аядай ауылдың бар ажарынан айрылып, жүдеу тартып
сала беретiнiн айқын сездi. Осы уақытқа дейiн Ранайдың жер басып жүргенi кемдi-
күнгi өмiрiндегi куанышы мен алданышы болғанын өзінiң сезбегенiне таң қалды.
Тағдыр жолы қанша шырғалаң тартса да, бақ талайы запы болған аттай сан рет құм
қаптырып кетсе де, мұның екi көзi сонда болыпты. Соны медеу тұтып, жан жылуын
алыстан-ақ малданып жүре берiптi. Сүйткен Ранайдан ойда-жоқта айрылса, кеулiнiң
қаншама қара жамыларын ендi аңғарып, тiксiнiп қалды. Iшiнен оған не көрiнген деген
сұрағын сыбырлай айтып келедi. Бiр сәт сол сөзінiң астарына өзі мән бере қарап, әлден-
ақ абыржи бастады. Ау, Ранай басын бәйгiге тiкпей қайтсiн, дедi өзіне-өзі. Баста қиғаш
тартқан тағдыр соқпағының апарып соқтырар өткелiне тап келгенде бұл сияқты жасық
тартпай, қарабайыр тiршiлiктiн құшағынан үзілiп шығып, әке уысына көнбiс райын
көрсеткiсi келген болар. Дегенмен осы арада кiсi миы жете бермес жықпыл бар сияқты.
Ал, өзіңе өзің қол жұмса. Әлiң жетпей жығылып, рухың басым болып жең. Сенiң
қадiрiндi бiлмеген кейiнгiлер соңыңнан маңдайын қос қолымен төбелеп өкiнсiн. Бірақ
одан не ұтасың? Кейiннен әлгі жараның орны көнередi, шұрықтесiк кеуiл бiтелiп,
пенделер қараған қара басын күйттеп кетедi. Сенi мүлдем ұмытады. Бұл, айналып
келгенде, таспен ұрғанды аспен ұрдың керi емес пе? Қолмен ұрғанды рухпен ұрып бола
ма? Сөзін емес, қолын ала жүгіретiндер рухты түйсiне қояр ма екен? Ендеше таспен
ұрғанды таспен, қолмен ұрғанды қолмен ұр! Әлiң жеткенше күрес, талас. Басыңа бақ
құсы қашан қонады деп аузыңды ашып отырмай, ол түспегiрдi екi аяғынан қармап
ұстап, өз торыңа қама. Өмiр – күрес дегендегi бар мән осы. Осы шайқас үстiнде шейiт
кетсең, арман жоқ. Ал, жоқтан өзгеге өкпелеп, өзіңе өзің қол жұмсасаң, жеңiлгенiң. Бiр
ғана рухыңның жеңгенi толық жеңiс емес. Нағыз жеңiс қайратың тасып, қиындықты
қырқа шалып жығып, рухыңның асқақтап қанат қаққаны. Мұнсыз қандай жеңiс те
кемшiн. Сол арада Ержiгiттiң есiне бұрынғы өткен ғұламалардың қисыны түсті.
Баяғыда әлгі данышпандардың ыңғайына жығыла беретiн ойы буыны қатайғандай
белге жармасар сыңай таныта бастады. Өзіне өзі дау соқты. Неге осы бiз бұрынғылар
салып кеткен соқпақпен жүруге тиiспiз? Олардың айтқан пiкiрлерiн тұтыну мiндетiмiз
бе? Бәлкiм, олар қателескен шығар? Бәлкiм, олардың түйгендерiнiң жаңа тiршiлiктiң
аужайына қолайлы түспес тұстары бар шығар? Оны қойшы. Бiз неге өз заманымыз
жайлы, өмiр жайлы, өз көрген-бiлгенiмiздi, өз түйгенiмiздi ашық айтпаймыз? Неге
кейiнге қарай жалтақтай беремiз? Iлгерi басар кiсi арт жағына аз қарақ болар. Әлде бiз
бұрынғылардан кембiз бе? Мына менiң одан нем кем? Неге мен екi елi ауызға төрт елi