қақпақ деген мақалды есiме жиi алам? Шүкiршiлiк, қазір замана жақсы емес пе? Әлде...
Жә, тоқтай тұр. Қалай десең де, адам мына өмiрде бiр рет ғана туылып, бiр рет қана
жасайды. Осы тай құйрығындай шолақ тiршiлiкте жақсы-жаманды көрiп, бақ-талайыңа
жазылған ырзық-несiбеңдi татып өтуге тиiстiсiң. Жұрт секiлдi сенiң де жақсы өмiр
сүргiң, бақытты болғың келедi. Сол ниетiңе кедергi жасағанмен күреспесең,
ынжықсың. Өзі оқыған талай кiтапта бас қатырып жазған сөз топанының тобықтай
түйiнi осы. Мұндай қарапайым, барынша түсiнiктi ақиқатты бұл неге соншама
қиындатып, сала құлаш жiптей күрметiле берген? Күресу, таласу орнына өзгенi бекер
айыптапты. Қарап отырса, Ертілеу те өз бағы үшiн таласыпты. Бақытты болсам деген
оның ессiз әрекетi де өзінше жөн ғой. Ана Малбағардың да сол бақыт үшiн
арпалысқаны занды. Сен осы додаға бiлек сыбанып кiрiсуден айбынып, қол сөйлейтiн
тұста ой сөйлесе дедiң. Қол мен ойдың қабыса бермес сәтi баршылық. Қол жағаға
жармасқанда, естi ауыз ажарлы ой айтпас болар ма? Өрелi ойдың патшалық құрар
тұсында қол кеуiш қояр мiндет атқарар. Қол кеуiшiңдi әзірлемесе, аяғыңды кебiске
қалай сұғасың? Кебiссiз аяқ өрiссiз. Өрiс жаңа ой терiп отыруы керек. Отықпаған
малдың сүбесi бiлемденбесiн және бiлесiң. Соны бiле тұрып, бiлiксiздiк танытқаныңа
жол болсын? Мұны сары ауыз балапандық демеске шараң жоқ. Сол рас па? Ержiгiт
жағасын ұстады. Сонда адам өз өмiрiнде кездесер қара нөсерiне әлгі балапан қалпымен
жетсе, нағыз қорғаны жоқ, өзін де, өзгенi де қорғай алмас мiскiн, мүсәпiр болғаны ғой.
Дүниеде одан асқан қорлық бар ма? Мiскiндiк ұшқырлықтың жолдасы емес. Ендеше
алымды да шалымды бола бiлгеннiң еш айыбы жоқ екен, онсыз қара нөсерiңнен жағаң
жыртылмай өте қоюың қиын. “Қиын, қиын!” — дедi ол күбiрлеп.
— Не қиын?
Ержiгiт селк ете түсті. Төребайдың сазарған жүзіне тiктеп қараған жоқ.
— Жәй, әшейiн.
— Е, солай де. Әрмияға баратын болдың ба?
— Иә?
— Кашан жүресiң?
— Ертең.
— Жорытқанда жолың болсын, — дедi Төребай салмақпен. — Кiлең өрiмдей жас —
елдiң сәнi екен ғой. Жiгiттер соғысқа кеткесiн‚ ауыл кұсы кеткен көлдей жүдеп сала
бердi. Кеше ана Iзеттi ұстапты. Қасқа надандықпен қатты адасты ғой. Ал, кәне, үйге
жүр.
Қазақ арасында ұзақ жолға аттанар алдында көршi-қолаңнан дәм татып шығатын бiр
әдет бар. Ержiгiт лажсыздан Төребайдың үйiне барды. Әлмақанмен қауқылдасып
амандасты. Нан ауыз тидi. Төребай екеуi бiр жартылықты iштерiне құлатып салғасын,
сыртқа шықты. Айт-тойға баратындай стансаның үйлерiне тегiс бас сұқты. Тек
Пiрмақанның тамына жақындай бергенде Ержiгiт ерiксiз тоқтады. Соны сезген Төребай
қолын бiр сiлтедi:
— Әйда, кеттiк! Бұл шалды қой!
Олар Қуаңның үйiне келдi, Төребай отырып жатып:
— Ал, домбыра тарт, — дедi.
Ержiгiт төрге озып, өзі көптен берi ұстамаған жидеден шапқан қара домбыраны
алып, малдас құрды. Қағып-қағып жiбергенiнде бұрауы қашқан екi шек ұзара үйлесiм
таппай, әрқайсысы өз бетiнше лағып кеттi. Қолы ерiксiз екi құлаққа жүгірдi. Сұқ саусақ
шығарған дың-дың еткен дыбыс өзара төс қағыстыра отырып, бiразға дейiн
тәжiкелесiп, итырқылжыңға түсiп барып, бары-ы-ып, жаңадан келiсiм тапқандай
қосарлана шықты. Бiр жыл бойы перненi қуалай баспай, аққу мойнындай сағақта
лыпылдап жүгірмей тосырқап қалған саусақтар әдепкiде бiр-бiрiне шалыныса бердi де,
келе-келе бұрынғы машығын қайта тауып, тоң-торыс жатқан пернелердiң дерткен
емшегiнен бебеудi сауа бастады. Саусақтар перненi қадай басып, нықтап, нығырлап, әр
үндi саумал қалпында сауып ап, бәрiн бөлiп-жармай өзара ұластыра бастады. Жаңа ғана