Стр. 178 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

көңілiне оралған салмақты саз екi шектiң буынына түсiп, домбыра мойнында шпалша
бiр-бiрiн қуалай қоныс тепкен пернелермен беттескенде саулы iнгендей күңіренiп,
солқылдай жөнелдi. Оған пернелер қосылып, дiрiлдей басқан саусақтардың астынан
шыр етiп ұшқан қоңыр әуен ауаны дiрiлдете шығарды. Ара-арасында толғап-толғап
алады. Ондайда ойға малтыққандай қыл сағаққа барып қалған қолдың уысынан
тiтiркене қанат қағады. Саусақтардың жақындағанын сезiсiмен-ақ әр перне өзінше үн
қосып, өзек өртеген сырын ақтара жөнеледi. Оған екiншi перне үн қосады. Оған
үшiншi, төртiншi... тағы басқалары қосылып, мына тосын толғамның ойға шамған
қалпын бұзғысы келмегендей, ыңыранған ауыр ырғақты бiрiнен-бiрi алма-кезек
қақпақылша қағып ап, екi шекке қосылып, қатар бебеулейдi. Соны азсынғандай,
дәулескер саусақтар әлгінде ғана өзі емiне қараған пернеге қайта оралып, мәңгi
таусылмас сазды қайтадан сауады. Пернелер тынбай боздайды. Осы толғаныс күшейе
келе, алақанынан қапылыста ұшып кеткен тектi құсының, сирек кездесер бақытының
қадiр-қасипетiн жаңа бiлгендей терең сыр шертiп, ыңыранған Аралдай солықтайды.
Солықтай келе күрсiнедi. Осы күрсiнiс әлденеше рет қайталанды. Домбыра әлденеше
рет булығып қалды. Көңiлiндегi ереуiлдеген толқынды екi шекке түсiрген Ержiгiттiң
өңi бұзылып кеткен. Ақсұр жүзіне жұмсақ мұң iз салыпты.
— Мынау Мырза тартқан ба? — дедi Төребай.
Ержiгiт басын сәл изеп, ендi ойына оралған жаңа күйдi тарта жөнелдi. Өзі қазiр
екi қолынан дүр сiлкiнтер әлемет күйден кәрi Аралша талықсыған, ауыр дөңбекшiген
күйлерге қайта-қайта оралғанына таңғалып отыр. “Қайран шешем”, “Аман бол, шешем,
аман бол”, “Алатау” орташа аяқ алыспен тербетiлiп бiр кеттi. “Көбiк шашқан” асау
ыңыранып, безбүйрек жағалауды әлсін-әлсін шапалақтап, лықсып керi қайтып, тағы да
өршелене ұмтылып барып басылды. Бiр сәт “Кiшкентайдың” күңіренген ойлы сазы
тамыр-тамырды шымырлата куалап, әлмәһал өсе түсiп, өрекпи басылып, жаңадан күш-
қуат жинағандай жанталаса ұмтылып, кең жайылып аға жөнелдi. Қоңыр әуен күшейген
сайын домбыраның сарыны әлдеқандай жортуылша лек-лек боп тұтаса естiлдi. Сонау
алыста, түу-түу қияндағы сары даланың күн қақтаған бiр өңірiнде жалғыз жортқан
жолаушы келе жатқандай. Астындағы назбедеу қамыс құлағын қайшылап, аяғын топ-
топ тастайды. Бiрде ұзақ жолдан қажыған бейбақ жiгiт ат қапталында салақтаған
домбырасын алып, екi шектi қағып-қағып жiбердi. Мұңлы күй бебеулей жөнелдi. Мына
жарық дүниеде екiнiң бiрiне бұйыра бермес қимас бақытын жоқтаған саз ыңыранып
барады. Сол мұң көктемгi шiреп тасыған дариядай қанасына сыймай, көкiректi кернеп,
ақтарыла жөнелгiсi келедi. Кешегi әсем жанның дидарын бiр көруге зар болады. Соны
алас ұрып iздейдi. Аяғына тұсау түскен жасық жiгерiн ендi ғана қажырға жанып-жанып
алып, тектi Жамал үшiн қандай да көзсiздiкке бел буғысы келедi. Бiрақ бәрi кеш. Ол
рух боп кеткен. Соны сезген жiгiттiң қолындағы домбыра өксiк буғандай булығып,
тосын мұңды сазды ақтара бастады. Жан пернесiн қытықтар саз кеше ғана алақанында
тұрған бақытының қадір-қасиетiн бiлмегенiне өкiнiп, ащы зар төгеді. Ол бақыттың
қайта оралмасын сезгендей ауыр-ауыр күрсiнедi. Бұл не сонда? Көз жасы ма, шер ме?
Әлде ыза ма? Әлде адам рухын асқақтата ардақтақан аламат күй ме? Нағылса да, қиын-
қыстау сәтте адам жанын жебер, қос қолтығынан демеп, қанат бiтiрер серпiндi саз.
Мұнсыз жер бетiнде тiршiлiк ету қандай қиын! Алшындағы алапат күйшiлердiң күйлерi
әлге дейiн кiсi қиялын шарықтатып, жiгерiне жiгер қосып, рухтандырып отырады.
Шамасы, адамның бiр парызы осы болар.
Кешкiсiн жұмыстан Қуаң келдi. Шәй үстiнде тұйғындай шал мән-жайды сұрасқасын:
— Құдай өрт iшiнде де мақтаны сақтаймын деген. Өлшеулi демiң бiтпесе, аман-есен
келерсiң. Нелер келiп, не кетпес ер жiгiттiң басына деп бұрынғылар айтыпты ғой. Алла
амандықпен қауышуға жазсын, — деп үнсiз қалды.
Ел орнына отыра, ауылдың өзі қатарлас бозбалалары келдi. Ортасында Төребай.
Жастар түн ортасы ауғанша отырды. Майдан жағдайынан неше түрлi әңгiмелер
шертiлдi. Кеш үстiнде ән мен күй дамыл тапқан жоқ. Халық басына түскен ауыр