өкiнiшке уланып, қара жерге тырс-тырс тамады. Сол жасқа қосылып, өзi кәдiрiн
бiлмеген кешегi бақты-базарлы шағы шүу қарақұйрық деп желкесiн бiр-ақ көрсетедi.
Оның үңiрейген орнын кiсi сонда ғана сезедi‚ өкiнедi, бармақ тiстейдi. Сосын мына
қым-қуыт тiршiлiкте басқа алданышы қалмағандықтан, кешегi болып-толып тұрған
күнiн еске алып тiрлiк кешедi. Сонда бұ не? Еш пенде қолымен өзгертуге болмайтын
заң ба? Неге оны әр ұрпақ өзiнше таразыға салып көрмейдi? Осы бiр ой көптен берi
басынан шықпай жүрген-дi. Ол шiркiн кәзiрде де сап етiп оралып, кеуiлiн торлап ала
қойды. Шындығында, сабыр айласаң, бақ үрiкпейдi. Қыз сөзiне берiк болса, заман
жақсыда бақ қашып қайда барады? Ол сәл-пәл мүдiрiп қалды. Жарық ала-құла етiп
тұрған бөлме iшiне қарады. Қасында отырған Ранайдың от табындай өзгеше жылуын
зайыр сездi. Сол екен‚ кеуiлi шiрей тасқан дарияша шалқып қоя бердi. Қиялы демде
оны осы отырған үйден алып шығып, мына Сырдың бетегелi бозы шаш етектен келер
құба даласынан жырақтатып, ертектегi айтылар әлдеқандай кенiш өлкеге қарай алып
кеттi. Тұла бойын уытты сезiм жайлап, демi ысып, Ранайдың албыраған ернiне төне
бердi. Ендi мас бола бастаған қыздың жиi-жиi алған тынысы аса жақыннан сезiлдi.
Мақтадай жұмсақ төсiне төсi тиiп, алпыс екi тамырын иiтiп, бимәлiм құштар сезiм
ойнақ сала жөнелдi. Көз алды кiреуке тартқандай мұнарланып, ессiз iңкәрлiк буын-
буынына түсiп, бiр суытып, бiр ысытты. Сонау iш түкпiрiнен бастау алған сылқым бiр
күй кербездене шалқып, сыңғырай күлiп, әп-сәтте көл-кәсiр тасқынға ұласты да кеттi.
Есемелеп дүметiлген толқындар жағалауға майда тиiп құлап жатыр. Арсы-гүрсi
тасымай, бiр қалыппен ыңыранып‚ шiрей жөнелген келiстi күй күмбiрлеп, жайыла
қаптап, бар денесiн шымырлатып, құдiреттi еркiне игерiп барады. Ранайдың көзi
жұмық. Ол да әлгi күйдiң сазына елтiп қалғандай. Оның да осы рақат сәттен
ажырасқысы жоқтай.
Бiрде қараса, таң сыз берiп келедi екен. Ержiгiт орнынан ақырын тұрып, балбырап
ұйықтап жатқан қыздың нұры тасыған жүзiне сұқтана көз тастап, есiктi сықырлатпай
ашып, сыртқа шыға бердi. Қуанышты жiгiттiң кеуiлiн делбегендей, таңғы салқын майда
тидi. Сыр бойының саф ауасы мұрынды жарып барады. Түнiмен шарап iшкендей
балбыраған атырап ал-сал денесiн жаза алмай, марғау керiлiп жатыр. Дария жақтан
ылғал иiсi шығады. Адыраспандарға қонып қалған шық сiрке суындай боп мөлтiлдеп,
күмiсше жылтырайды. Осы қалпы бар табиғат түнiмен Ержiгiттi баураған күйдi
тыңдай-тыңдай, бiр сәтке көзi iлiнiп, мызғып кеткен сияқты. Тек қана мұндай бақытты
сәттiң шырқын бұзар жат дыбысты аңдаған тәрiздi Қызкүмбез етек-жеңiн жиып, жетi
қат көкке ұша жөнелердей боп, қомдана қалыпты.
Ержiгiт оған сүйсiне қарады.
4
Iзет Байқожадан шығысымен, Ақсуатқа тура салды. Қышырлаған сусымалы ақшыл
топырақты былғары бәтеңкесiмен кешiп келедi. Кей жерлерде аяғы тайғанақтап, қалың
құмнан итшiлеп зорға шығады. Аздан кейiн теңкиiп-теңкиiп жатқан тасбақадай
төбешiктерге жамырай өскен бұйырғынды алқап басталды. Бұл ара жүрiске жеңiл. Ол
ендi қалған жолға қам жемедi. Маңдайынан сорғалаған ащы терiн күректей қолының
сыртымен сүртiп, ауанымен аяңдап келе жатып, бiр рет кеуде кере дем алып қойды.
Мұрнын жарған Сыр бойының түнгi салқын ауасынан жан сарайы кеңiп сала берген
тәрiздендi. Ол жан-жағына сүйсiне көз тастады. Байқап қараса, осы бiр таза, салқын
ауаны, мына сарғайып жатқан ессiз даланы он жыл бойы аңсапты. Он жыл! Сонау
жылы күзге таман кеткеннен берi туып-өскен жерiне табанының тиiп тұрғаны осы. Ата
қонысын ендi қайтып көрем бе, көрмейiм бе деп талай түн толғанып, кiрпiк iлмей
жүргенiнде, ақыры тұз-дәм тартып, ел қарасына жеттi. Жан-жағына жiтi қарап келедi:
халық сонау жылғыдай емес, өзгере бастаған. Кешегi заманда көн шалбары көтiне