кеп кеттi. Аяғын бiр-екi басты да, әлденеге iркiлiп тоқтады. Жеме-жемге келген сәтте
әлденеден шайлығып қалғандай, ескi жан жарасы қол апартпастан қақсап қоя бергендей
үркектеп баспайды. Сол кез ауыл кiсiлерiн көрiп, бойын жинап ала қойды.
Түске таман поезға мiнбек боп, станция басына келдi. Ауыл кiсiлерi жиналып
қалған‚ қыз-келiншектер де бiр төбе. Бәрi мұнымен қол алысып, қоштасып шықты.
Қуан, Сәуинә, Төребай, Мұздақбайлар қораланып тұр. Ержiгiт Ранайды iздеп едi, құдық
басына су алуға келген оның таныс орамалы көзiне оттай басылды. Өз-өзінен абыржып,
күлімсiреп сала бердi. Ранай да бұған қарап тұр екен. Шелегiн құдыққа салуды ұмытып,
қолына ұстаған қалпы осы жаққа қадалып қалған. Бұған жақын кеп қоштасуға
батпағандай үрке қарап тұр.
Осы кезде алба-жұлба киiнген Кәдiрмақан аласа там бұрышынан жүгірiп шықты.
Бұларды көрiп:
— Әне! — деп айқайлап, әрi қарай зыта жөнелдi.
Соны көрiп, Ержiгiттiң төбе шашы тiк тұрды.
Пойыз келдi. Ержiгiт ел-жұртпен қоштасып, составтың соңғы жағындағы вагонға
мiндi. Жамырай сөйлескен елге не дегенiн бiлген жоқ. Ау-тауық құдық басындағы
Ранайға көз салып қояды. Оның таныс орамалы көзiне жылы ұшырап, қасына барғысы
келдi, бiрақ батпады. Бiр сәт Қызкүмбездiң орнына, далиған Сыр даласына көз салды.
Зеңгiрге қарай талпынып кеткен күннiң салқын сәулесiне шомылған боз дала қашанғы
маңғаз қалпын сақтап, моп-момақан боп бұйығып жатыр. Сырдың айдыны айнадай
жарқырайды. Бәрi бiр түрлi ып-ыстық. Сол қимастықты үзгісi келгендей, паровоз
составты жұлқа тартып қалды. Ержiгiт селк ете түсті. Ағайын-туғандарымен қол бұлғап
қоштасты. Бiр сәт құдық басына қарады. Ранай ендi шелегiн жерге қоя сап, бұған тура
қарап тұр екен. Екi көзi кең ашылып, тостағандай боп, үздіге қарайды. Қияметi шаш
етектен келер сапарға аттанып бара жатқан жақсы көрер жiгiтiнiң келбетiн соңғы рет
анықтап көрiп қалғысы келгендей iшiп-жеп тесiледi. Әлден-ақ бұзыла бастаған өңi
қазiр состав ұзап шығысымен жылап жiберетiнiн айтпай-ақ байқатады.
Ержiгiттiң кеудесiнде бiрдеме аударылып түскендей болды. “Байғұс, құдық деп
сылтауратып маған келдi-ау!” — деп асығыс ойлады да, қолын жоғары көтердi, Ранай
да қолын жоғары көтердi. Сол екен, мұның жаны жылап сала бердi.
Ержiгiт селк етiп, бойын жинап ала қойды. Бұл кезде қарқын ала бастаған пойыз
салдырлап, стансадан ұзап шыға бастаған да едi. Ендi бiраздан соң ол мына бетегелi боз
дала мен күмiстей жарқыраған Сырмен, аядай ауылмен, қайда жүрсе де мұның тiлегiн
тiлейтiн Ранаймен ұзаққа, бәлкiм, мәңгiлiкке қоштасады. Тiптен, Ранайдың дидарын
қайтып көрмеуi де мүмкін. Адам бақыты деген осындай бiр ыстық сәт, өзін өлiп-өшiп
сүйген жаныңмен жүздесiп, арыздасып, көңілiңдегi ең жақсы сөзіңдi айтып қалу емес
пе? Ержiгiт одан әрман не болғанын бiлмедi. Қалайда Ранайды бiр көрiп қалғысы келдi.
Тар басқышта керi айнала берiп, сұрақ белгiсiнше иiлген стоп-кранның қызыл тұтқасын
көзi шалды. “Таптым!” — деп өзіне-өзі сыбырлай айтып, бiлегiне құйылған алапат қуат
селiн бөгеместен қолын жоғары қарай соза бердi. Кешегi әлемет қара нөсерден кейiн
сонау ғарыш төрiнен он сегiз мың ғаламның кез келген бiр түпкiрiнен көз тастағанда
нәрестенiң жұдырығынша түйiлген жұмыр жерде Хауа Ата мен Хауа Анадан өрбiген
екi аяқты, жұмыр басты пенделердiң неге бiр-бiрiмен сыйыспай тайталасып тiрлiк
кешетiнiн, сол күрестiң сырын ендi жан-тәнiмен ұғынып, сұрақ секiлдi стоп-кранды
жазып жiбергiсi келгендей зор қуатпен төмен қарай жұлқа тартты.