жүргенiн айтты. Оның “Қара нөсердi” 1978 жылы “Жазушы” баспасына
тапсырғанын бiлетiнмiн.
Мен кейiн “Қара нөсердiң” жаңа вариантын автордың өтiнiшiне орай оқып
шықтым. Ол көп өзгерткен екен. Негiзгi конфликтiнi қоюлатып‚ ширата түскен.
Алғашқы нұсқада сексуализмдi көбiрек тәптiштейтiн болса‚ жаңа вариантта
бұлар мүлде қысқарған. Жергiлiктi жерге ғана тән говор сөздердi азайтқан.
Б.Мұқаев. 10 ноябрь‚ 1980 жыл”.
Содан кейiн мен бiреуден О.Бөкеевтiң осы ұрлық “романының“ “Жазушы”
баспасынан шыққалы жатқанын естiп‚ баспаға бардым. Ондағы кiрiс-шығысты
тiркейтiн журналды тексерiп қарап ем‚ О.Бөкеевтiң қолжазбасын 1979 жылдың аяғында
тапсырғанын көрдiм. Ал менiң қолжазбамды тапсырған кезiм 1978 жылғы июль
айының 18-i! Яғни‚ ол қолжазбасын менен бiр жыл кейiн тапсырған! Және бiр
бiлгенiм‚ оның “романы” 1981 жылдың алдын ала жасалынған жоспарына енгiзiлген
екен. Бұл кезде “Жазушы” баспасының 1980 жылға арналған‚ iшiнде менiң
романымның аннотациясы бар тақырыптық жоспары жеке кiтапша боп шыққан едi.
Мен ендi осы ұрлық жайында мақала жазып‚ “Жазушы” баспасының кiтапша боп
шыққан тақырыптық жоспарын‚ өз қолжазбам мен Бөкеевтiң “Жұлдыздағы”
жарияланған нұсқасын алып‚ алдымен басқа газеттерге қарағанда батылдау ғой деп‚
бiр кездерi өзiм қызмет iстеген “Лениншiл жасқа” бардым. Оның сол кездегi бас
редакторы С.Бердiқұлов ыңыранып: “Өй‚ бұл қып-қызыл дау ғой. Жазушылар Одағына
бару керек шығар”‚ — деп ат-тонын ала қашты. Одан кейiн басқа бiрнеше газет
редакциясына бардым‚ бәрi де без-без еттi. Содан болмағасын‚ “Ара” журналының бас
редакторы С.Әлжiковке барып ем‚ ол да шығына қашты. Сол екi арада дау басталғанын
сезген Ә.Кекiлбаев жүз сексен градусқа терiс айналып кеттi. Ендi амал жоқтықтан
партияның Орталық Комитетiне хат жазуға мәжбүр болдым. Сол хатты‚ барлық
материалды алып‚ ЦК-ның ғимаратының бiрiншi қабатындағы арнаулы телефонмен
ЦК-ның мәдениет бөлiмiнiң меңгерушiсi М.И.Есенәлиевке хабарласып‚ қабылдауын
өтiнiп ем‚ ол кiсi кәзiр мәдениет бөлiмiнiң қызметкерi М.Сқақбаевтың сыртқа шығып‚
хатты алатынын айтты. Аздан кейiн өзiм бұрыннан танитын Марал келдi. Мен оған
романымның О.Бөкеев оқыған қолжазбасы (ол менде сақтаулы тұр‚ — Б.А.) мен
“Жұлдыздың” үш нөмiрiн табыс еттiм. Арада шамалы уақыт өткесiн оған телефон
соғып ем‚ ол маған материалды Қазақстан Жазушылар Одағына жiбергенiн айтты. Мен
ендi Одаққа барсам‚ ондағы бiр хатшы маған бұл жөнiнде арнаулы комиссия
құрылғандығы‚ оның бсшысы боп “Жұлдыз” журналының Бас редакторы Б. Тiлегенов‚
хатшысы боп О.Бөкеевтiң туған нағашысы әрi жерлесi Қ.Ысқақовтың бекiтiлгендiгi
жөнiнде айтты. Мен солар арада оған: “Олар өз журналында жарияланған нәрсе туралы
әдiл пiкiр айта алмайды ғой”‚ - деп едiм‚ әлгi хатшы: “Ондайды болдырмаймыз”‚ —
деп‚ менi құрғақ уәдемен шығарып салды. Содан Б.Тiлегеновтi iздеп едiм‚ ол кiсi
таптырмады. Қ.Ысқақовты да таба алмадым. Ақыры салым суға кетiп‚ үйге қайттым.
Соның соңы... мен әлгi комиссиядан‚ бiр қызығы‚ Б.Тiлегеновтiң емес‚ сол кездегi
екiншi хатшы Қ.Мұхамеджановтың атынан (оның орнына хатшы қыз қол қойыпты!)‚
орысша жазылған(?) “әдәбиетте ондай-ондай бола бередi‚ алып-жұлып бара жатқан
ұрлықты көре ал-май отырмыз” деген хат алдым. Сосын мен Одаққа қолжазбамды
алайын деп барып ем‚ олар менiң келiсiмiмсiз‚ материалды‚ шамасы‚ заңдастыра
түсейiн деген болуы керек‚ ВААП-қа жiбергендiктерiн айтты. Соның артынша
“Лениншiл жаста” орынбасар боп жүргенiнде С.Бердiқұловтың орнына таласып‚
қызметтен босап қалған‚ Ленин туралы арнайы кiтап жазып‚ ЦК-ның көзiне түсiп‚
жақында ғана ВААП-қа бастық боп барған‚ мен туралы бiрнеше рет талқандаған
мақалалар ұйымдастырған‚ Бөкеевтiң досы С.Әшiмбаевтан хат алдым. Ол хатында
(тағы да орысша жазылған!?) Ә.Кекiлбаевтың хикаясындағы мәңгүрт жайын