қатып, қаудырлап жүрген ана Төребайлар да әйел алып, бала сүйiп, үй болып отыр. Сол
Төребай жаңа ғана ел қалқоз болды, басқармасы Көптiлеу дедi-ау. Ол мұны өзiнше
қуанып айтты. Сүйттi де, үндемей қалды. Бұл да қайтып тiс жармады. Өзiнiң қас
жауының атын естiгенде сыр бермеуге тырысып, iшiнде ақырын бас көтере жөнелген
толқынды тұншықтыра басып тастады. Бiрақ қанша ойламайын десе де, қайдағы бiр
жаман түстей Көптiлеу есiне орала бердi. Ендi кәзiрде сол жадынан шықпай келедi.
Өзiнiң соншама азап тартуына бiрден-бiр себепкер осы жiгiт. Шынында, мұнысы рас
па? Рас, тақыр кедейлiгiне қарамастан, Ақмырза сарбаз жинап, совет өкiметiне қарсы
көтерiлiс ашқанда, бұл көптiң бiрi боп кете барды. Әуелгiде өзiнiң қияс қадам басқанын
аңғармады. Кейiннен райдан қайтуға кеш болды. Онда бұлар Ақмырзаның ауылымен
жапсарлас отырып, Қызылдың iшiн қыстады. Қыс бойы кәмпескеге ұшырап, совет
үкiметiне наразы болған бұрынғы байлар, ауылнайлар, кейбiр орта шаруалар үстi-
үстiне дүмелiп келiп жатты. Сөз iләмдарына қарағанда, бәрiнiң де қалқозға жаны қас.
Мешiттi жауып, ислам дiнiнiн салт-жоралғыларына тиым салған үкiметтi төңкерiп
тастап, қазақтың бұрынғы өмiрiн қайтадан қалпына келтiру керек. Ол үшiн ел ұлтаны
боп саналатын төрт Шөменнiң бұрын аты шыққан игi жақсыларына сөз салу қажет.
Ендi бiреулер Өзбекстан, Түркменстан жақтағы басмашылармен байланысып, тiзе қоса
күрессе кәйтер едi дестi. Iзет бұлардың ешқайсысының шешушi сәтте берiк тiреу бола
алмайтынын бiлдi. Қиын iс түскенде қазақтың өз басын қайттап кететiнi ежелден
белгiлi. Соны сезе тұра, неге осы бiр ылаңға араласты? Өзге жұрт болса,
кәмпескеленген мал-мүлкiн жоқтап жүр. Шыр еткенде маңдайына бiткен бiр үйiр
жылқысы мен жүз қаралы қойы бар бұл кiмнiң арын арлап, кiмнiн жоғын жоқтады?
Кешегi заманның ығай мен сығайларынан iргесiн аулақ салудың орнына, қайта Сырдың
сарылдаған ағысына iлiнген бiр тал жаңқадай сол бiр аласапыран уақиғаларға араласты
да кеттi. Ақмырзаның оң қолы болды. Жаз кезi едi. Бiр күнi Көсе бойындағы қарауыл
атын ақ тер, көк тер қып шауып келдi:
— Аттан! Аттан! — дедi ол даурыға айқайлап.
Тiгiп тастаған қара үйлерде жайбарақат отырған кiсiлер сыртқа атып-атып шықты:
— Уа, не болды?
— Қарағым жайшылық па?
— Ойбай, әтрәт келiп қалды!
— Қай жерде?
— Көсенiң арғы ой жағында. Бастығы — Ақтiлеу.
— Қанша кiсi?
— Елу шамалы. Кiлең мылтықты.
— Кәне, атқа қоныңдар! — дедi Ақмырза.
Лезде сайдың тасындай жүз қаралы жiгiт атқа мiндi. Көбi аңға шығатындай ықшам
киiнiп алыпты. Тақымдарында бiр-бiр қара шоқпар. Он шақты жiгiттiң бесатары бар.
Олар дереу Көсеге қарай салдырта жөнелдi. Қыс бойы Қызылдың мал тұяғы таптамаған
отын жеген аттар елiрiп, бастарын ала-ала қашып, қамшы салдырмай келедi. Кейде
делебесi қозып, жолдан бүйiрлеп шығып кете бередi. Жасақ ет пiсiрiмдей уақыттан соң,
Қуаңнан өтiп, екi топқа бөлiндi. Ақмырза мылтығы бар он шақты кiсiнi жолдың
жиегiндегi сәйкелерге орналастырды да, Iзет бастаған бiр топ сарбазға отрядтың сырт
жағынан айналып өтiп тиiс дедi. Iзет сөзге келмей, Қуаңның сусыз арнасымен жүрiп
отырып, Көсенiң күнбатыс жағындағы қалың қопалыққа кiрдi де, жiгiттердi аттан
түсiрдi. Нарқамыс iшi тұнып тұрған шыбын-шiркей, маса-сона екен. Ызыңдаған әлжуаз
сарғыш масадан аттар пысқырып, үстi-бастарын құйрықтарымен сабалады да қалды.
Сарбаздар дем арасында қызара бөрткен жерлерiн алақандарымен сартылдатып ұрып
жатты. Кейбiреулер:
— Iзеке, мынау ақырет қой!
— Қопадан шығайық та!
— Басқа жер құрып қалды ма? — деп күңкiлдей бастап едi, Iзет: