— Тиыш тұрыңдар басты қатырмай! — деп ақырып тастады. Жүзбасының аса қатты
зәрлана қанын iшiне тартып алғанын көрген жiгiттер жым болды.
Олар қопа iшiнде сүт пiсiрiмдей уақыт тұрды. Көбiсiнiң тағаты таусылып, қобырлай
бастағанда, Көсенiң үстiне екi салт атты шауып шыға келдi. Шолғыншылар аттарының
тiзгiнiн тартып, маңайға барлай көз жiберiп аз тұрды да, содан кейiн барып кейiнгi
жағына қарай қолдарын бұлғады. Сол екен‚ көп кiдiрмей олардың қасына елу шамалы
мылтықты салт атты дүсiрлете жетiп келдi. Бәрiнiң алдында ұзындығы есiк пен төрдей
ақ арғымаққа мiнген Ақтiлеу. Кешегi Николай заманында-ақ орташа дәулеттi әкесi
замана аңысын аңлап, мұны Орынбор жағына апарып, орыс оқуына берген едi. Жылда
елге келгенде қасына әр ауылдың әсем киiнген бозбалаларын ертiп, жер-жердi
қыдырып, сауық-сайран құратын. Кейiн төңкерiс болды. Ақтiлеу Ташкент жағында iрi
қызметтерде жүрдi. Кәмпеске жылы белгiсiз себептермен елге келдi. Қартайған әкесiн
дегенiне көндiрiп, билiктi қолына алған Ақтiлеу тетелес iнiлерi Көптiлеу, Ертiлеу‚
Мақамаштарды Жосалыға апарып мектепке бергiздi. Өзi ауданда әр жерде қызмет iстеп
жүрдi. Ақыры “Бiрлiк” колхозын ұйымдастыруға уәкiл ретiнде жiберiлдi. Соның аяғы
мынау...
Отряд Қуаңды бетке ұстап, суыт жүрiп кеттi. Бұлар олардың iзiн ала қозы көш жерде
ердi де отырды. Күн еңкейе отрядтың алды тосқауыл құрылған сайға iлiктi. Алдан
бытырлап мылтық атыла бастады. Бiрнеше солдат жерге ұшып түстi, қалғандары ерден
түсе-түсе қалып, шеп құрды. Бiр солдат аттарды қуалап әкеп, сай бойына иiрдi. Мiне,
осы кезде Iзет бастаған топ арт жақтан ұран сала андыздап қоя бердi. Көлiк жанында
қалған қызыл әскер бiр тiзерлей отыра қап, мұны бесатармен көздеп атып жiбердi. Оқ
ысқырған күйi құлағының түбiнен жанап өттi. Солдат затворды қайта сартылдата
бергенiнде, Iзет ағызып келген бойы оны қара шоқпармен қарақұстан қойып кеп қалды.
Жирен мұртты солдат мылтығын қолынан түсiрiп жiберiп, етпеттей құлады. Iзет екiншi
рет қарақұстан ұрды. Солдат бiр аунап түстi де, қайтып тұяқ серiппедi. Оның бесатарын
iлiп алып, Iзет осы кезде иiрулi тұрған аттарды тым-тырақай қуалап бара жатқан
жiгiттерiне қарай салды. Қара жаяу қалған отряд қас қарая керi қайтты. Ақмырза
олардың iзiнен ере отырып атысты. Алдын ала құдық басына мықтап бекiнген бұлар
Ақтiлеулердi оқ атып жолатпады. Екi жақтан қысымға түскен отряд жаяу-жалпылаған
күйi Қылышбайдың кезiне жете бере шөлден қырылды. Iзет жiгiттердi бастап кеп,
отрядтың олжаға түскен бесатарлары мен тезатарларын‚ оқ-дәрiсiн сарбазға бөлiп
бердi. Жiгiттерге кiсi бойы келетiн апан қаздырып, мүрделердiң беттерiн жаба-жаба
салдырды. Басына еш белгi қойылған жоқ.
Сол жылдың күзiнде көтерiлiсшiлер тас-талқан болды. Жолай Төстiң баласы
Ақмырза қажы қолға түстi. Iзет атына мiне сала қашып едi, Қарамұрт бастаған үшеу
ұрымтал жерден қосылды. Арттан тарс-тарс мылтық атылды. Ат жалына жабысып
алған ол жұлдыздай ағып келедi. Сәлден кейiн бәйгi көктiң қиған қамыстай қос
құлағының түбiнен жылтырап шып-шып тер шықты. Жануар мойнын аққудың
сұңғағынша алға қарай созып жiберiп, төрт аяғын тең тастайды. “Қазанат-ай!” — деп,
бұл iшiнен сүйсiнiп қойды. Сүйткенше болмады, бәйгiкөк кенет сүрiнiп кеткендей
омақаса құлады. Қолынан тiзгiндi қоя берген Iзет тоңқалаң аса ұшып түстi. Сол аяғы ат
астында қалып қойды. Ол аяғын суырып алам дегенше, кейiннен дүсiрлете келiп қалған
үшеу үстiне жабыса-жабыса түстi. Бұл орнынан атып түрегелiп, екi солдатты лақтырып
жiбердi. Дереу үшiншiсiне бұрыла берем дегенде, басы дың ете қалғандай болды. Басы
екiншi рет дың ете қалғанда, көзiнiң алды қарауытып, жер қозғалып, аспан айналғандай
құлап бара жатты. Ар жағы түс сияқты. Әлдекiмдердiң боқтағаны, қол-аяғын қыл
шылбырмен байлап жатқаны, өзiн тулақтай дырылдатып сүйрегенi емiс-емiс есiнде
қалыпты. Соның аяғы осы... Iзет ауыр күрсiнiп қойды. Иығындағы сырғи берген
дорбасын дұрыстап асынып, оттары жылтыраған “Бiрлiкке” соқпастан, жалпақ
жазықпен, ата қонысына тура тартты. Ақсуаттан өткесiн‚ аяғын ширақ басып жүрiп
кеттi. Үйi өзi сотталғанда Қылышбайдағы тозығы жеткен жаман қыстауда қалған едi.