Кәзiрде де сонда шығар деген оймен дарияның жағасына келдi. Майда толқындардың
үстiнде айна сынығынша жылт-жылт етiп ай сәулесi ойнап, Сырдария жарқырап жатыр.
Осы тұс тар өкпелiк. Бергi жағы жайылма болса да, арғы бетi тiк жар. Сүттей жарық
түнде жарқабақтардың терiскей бетi кесе-көлденең сулаған нәһан жайынның қатпар-
қатпар жонындай сұстана қарауытады. Жағада екi қайық тұр. Екеуiнiң де шынжырында
iрi екi құлып. Ескегi жоқ. Iзет не iстерiн бiлмей, жан-жағына қарап едi, таяқ тастам
жердегi жаппаны көрдi. “Қайықшы болды ғой”, — деп ойлап, жақын кеп дыбыс бердi.
Iштен бiреудiң:
— Бұ кiм жетi қараңғы түнде тентiреп жүрген? — деп күңкiлдеген даусы естiлдi.
— Өзiмiз ғой.
Жаппадан еңкiш бойлы, ұзын сақалды кiсi шыға бердi:
— Қай баласың? Тоқта! Осы сен... Iзет емессiң бе?
— Болсақ болармыз, Дәуке.
— Ым. — Дәуiт қоңылтаяқ киген сүйiр тұмсық қара галошының ұшына қарады: —
Өздерi босатты ма, әлде қашып келе атсың ба?
— Босатты ғой.
— Жөн‚ жөн. Әгәр қашып келе атсаң, шыныңда айт, шиеттей бала-шаға асырап
отқан жанбыз.
— Дәуке, қорықпай-ақ қой, мен мұғайым ақталған кiсiмiн.
— Е, солай де.
Дәуiт ендi басқа сөзге келмей, аяғындағы галошын тырп-тырп басып, дарияға
беттедi. Iзет оның соңынан ердi. Жағалау көкорай шалғын. Жол жиегiндегi шыққа
малшынған кекiре айналаға ащы иiсiн тарата мүлгiп тұр. Қадам басқан сайын тiзеге
соғады. Дәуiт қалың шөптi аяғымен жапыра басып бара жатып, әлi де сенбегендей күңк
еттi:
— Жетi қараңғы түнде ар жаққа өтiп нағыласың? Әуелi басқармаға бармайсың ба?
— Оған барып не iстейiм?
— Ау, кәзiргi бастық‚ жердi, көктi сұрап тұрған әкiм Көптiлеу емес пе? Мына
қайықтардың да қожасы сол. Ертең: “Ау, Дәуке, менiң лұқсатымсыз ар жаққа өткiзгенiң
не? Оны бiлмеушi ме едiң?” — десе, не дейiм? Онан да өлгенiм жақсы емес пе?
— Дәуке, арғы бетке өткiзгенiң үшiн сенi ешкiм сөге қоймас. Жаңа ғана ақталдым
дедiм ғой. Әлде бәрiң де ағайыншылықтан безейiн дедiңдер ме?
Дәуiт оның сөзiн естiмегендей:
— Оны... Өзi қызық қой. Айтпақшы, сен осы қаякта болдың, а? — деп сұрады.
— Оны нағыласың?
— Жәй... Әшейiн...
— Оны сен бiлмей-ақ қой. Одан да қайығыңды суға сал.
Дәуiт тағы да бiрдеңелердi күңкiлдеп жүрiп, тот басқан құлыпты ашты. Шынжырды
қолына жинай ұстап, қара май сiңген қу қайықты суға итерiп түсiрдi. Қатты ағыс салған
беттен-ақ оны бiр қырындатып бұрып әкете бердi. Iзет қарулы қолымен шынжырдан
ұстап тұрды. Дәуiт екi ескектi қос жақтаудағы таған темiрге салды да‚ бұған:
— Құйрық жағына отыр. Бол, тез. Өзiң немене ескек есудi ұмытып қалған жоқсың
ба? — дедi,
— Неге?
Iзет қайықтың құйрығына отырғасын, жол дорбасын аяғының астына қоя сап,
ескектi оңтайлай ұстап, жағадан қайықты итерiп жiбердi. Қайық жағадан қол созымдай
жерге ұзап шығысымен, өрге қарай гүрпiлдетiп есе жөнелдi. Кәнiгi Дәуiт те қос ескектi
ауанымен күрей есiп келедi. Көк жүзiне шығандап кеткен айдың дiрiлдей құйылған
сәулесiнен жақтау ағашқа шылпылдап соғылған майда толқындар жылт-жылт етедi.
Кейде Iзеттiң қолына мұздай тамшылар шашырап кетедi. Кейде қайықтың басы қайқаң
етiп жоғары ұмтылып барып, кiлт төмен түскенде, мына құрдымға сүңгiп кетердей боп
көрiнедi. Дария үстi сап-салқын. Олар өрге қарай есе отырып, Сырдың айнадай