жарқырап жатқан нақ ортасына шықты. Бұл арада қатты ағыс бар екен. Салған беттен-
ақ қу қайықты қалтылдатып ала жөнелдi. Iзет ығып кетпейiн деп оң жақтан тез-тез естi.
Дәуiт сасар емес, қос ескектi ауанымен табан тiрей есiп отыр. Кенет қайықтың
жақтауына бiр дөңбектей нәрсе ақырын дүңк етiп соғылғандай болды. Қараса,
ұзындығы екi құлаштай келетiн қайыр тал екен. Оның су сiңген жапырақтары қалай
болса солай шашыла тарбиып жатыр. Дiңi аздап шiри бастаса керек‚ өлi ағаштың иiсi
шығады.
— Әтенелет, қайдан келдi? — деп Дәуiт ескегiн көтерiп алып, қайыр талды ысыра
итерiп жiбердi.
Қатты ағысқа iлiккен қайыр тал қарауытқан күйi тағы да беймәлiм жаққа қарай ыға
жөнелдi. Бәлкiм, ол тағы да талай-талай бөгетке, жар-жақпарға соғар. Он сегiз мың
ғаламды алшаңдай басып жүрген мына жұмыр басты пенделердей мандайына не
жазылғанын көрмек боп, өз тағдырына амалсыздан бой сұнар. Ол үйтпегенде қайда
барады? Қарсылық етердей қауқары қайсы? Қимылдауға оның бас еркiн алып қойған
қүдiреттi ағыс мұрша бере ме? Iзет тiксiнiп қалды. Кешегi жылдары өзi де кiм
көрiнгеннiң айтағымен әлгi қайыр тал сияқты замана ағымына ерiксiз ердi. Соның
ақыры мынау. Тым құрымаса, мына қара май сасыған қара қайықша өрге қарай бiр
салмады.
Мұның ойын Дәуiт бөлдi:
— Ығып барамыз, оң жақтан өрге қарай қаттырақ ес!
Олар бiр қалыппен есе отырып, қатты ағыстан өтiп, қара кiлем тұтқандай түнере
қарауытып тұрған жарқабаққа жақындады. Қара көлеңкеге кiргесiн, айнала дем
арасында бiр түрлi түнерiп сала бердi. Сап-салқын дария үстi бiрден суық тартты.
Майда толқындар күңгiрттенiп, сұсты түрге ендi. Қолтық тиыш екен. Екеуi ықпастан
жағалаудан тура шықты. Қайықтың тұмсығы жағаға барып тiрелгенде, Дәуiт қос
ескектi қоя сап, жерге жас жiгiтше ширақ қимылдап қарғып түстi де, шынжырдан ұстай
алды:
— Мiне, келген деген осы болады.
— Алдыраз болсын, Дәуке.
Iзет жағаға шықты. Дәуiт керi қайтқасын‚ iлгерi жүрдi. Әдепкiде табаны май
топыраққа тигенде, тынысы тарылып, көзi қарауытып кеттi. Өзiн-өзi ұстап, жарқабақты
қиялап шығатын жаңғыз аяқ жолмен жоғары өрмеледi. Кей жерлерде аяғы тайып кете
бергесiн, әлдеқандай бортылдақ шөптен ұстап, биiкке тырмысып өрлей бердi. Жардың
басына шыққасын, ентiгiн басып, аз-кем тұрды. Алып дала құлаққа ұрған танадай тып-
тиыш. Әр жер-әр жерден шiлделiктiң шырылдағаны естiледi. Ол өзiнiң үй жағына
қорқасоқтай көз тастады. Әне, баяғыда өзi талай рет топан сылақ ұрған ескi қыстау.
Күтетiн кiсi болмағасын, соқпа там жапырайып, жерге сiңiп кететiндей шөге түскен
тәрiздi. Тек әлi де осында тiршiлiк белгiсi барын сездiргендей, бiр тартар қазақы пештiң
сыртында қам керпiштен аласалау етiп өрiле салынған мұржасы сорайып көрiнедi. Бiр
түрлi ып-ыстық. Iзет кеуде кере дем алып, солай қарай асыға адымдады. Қайыс
бәтеңкесiнiң шолақ қонышынан iшiне құйылған борпылдақ май топырақты да елемедi.
Қыз қойнынан шыққан жiгiтше кеуiлi алып-ұшып, жас балаша жүгiргiсi келiп кеттi.
Онысынан өзi қараптан-қарап қысылды. Бiр сәт: “Өздерi аман ба екен? Оны жаңа
Дәуiттен неге сұрамадым, а? Балдар сау ма екен?” — дедi iшiнен. Ата қонысына
жақындаған сайын қуанышы қойнына сыймады. Тек ескi тамға жете бере әлi
құрығындай тiзесi дiрiлдеп, iлгерi басқан аяғы керi кете бердi. Көзiне оттай басылған
қыстауды көрiп, алқымына ащы өксiк тығылып, кеуiлi сөгiле босап бара жатты. “Қой,
менiң мұным не?” — деп бойын жинап, қыстауға жақын кеп тоқтады. Қол созымдай
жерде сәкi үстiне құрылған масахана ағараңдап көрiнедi. Iзет iле-шала дыбыс бердi:
— Уа, кiм бар?! — Даусы сәл қалтырап кеттi.
— Бұ кiм? Көтек! — деп бiр әйел шошып оянды.
— Қорықпа, өзiмiз.