Айтпақшы, — Көптiлеу Iзеттi иегiмен нұсқады. — Мына кiсiнi танисың ба? Онда
дұрыс. Иә, ол бүгiн қалқозға мүше болсам деп арыз жазып әкелдi. Мен жалпы
жиналысқа салсақ деп отырмын. Неге? Қарсысың? Әрине, мен де оны қуаттай
қоймаймын. Өтiнiш еткесiн‚ қарау мiндетiмiз. Оның тағдырын көпшiлiк шешедi. Иә,
өзiм де солай ойлағанмын. — Көптiлеу тағы да Қызкүмбезге қарады. — Әдемi, ә! Өзiн
кiм салды екен‚ а? Iжкiм бiлмейдi, ә!? Өзi барып тұрған педализмнiң жұрнағы ғой
деймiн. Солай ма, Пұсеке?
— Дәл солай, — дедi Пұсырман әр сөзiн нақтап айтып.
— Ал, содан ел неге шошиды, а?
— Әруақтан қорқады да, — дедi Iзет те күмбезге назар аударып.
— Дiншiлдiк қой, — дедi Пұсырман
— Неге? Оның басқа жағы да бар, — дедi Ержiгiт сол арада сөз қыстырып. — Халық
арманда өткен сұлудың махаббатын қастерлеп, күмбез соққан. Махаббат деген ұлы
сезiм.
— Оған не сөз бар? Пұсеке, осы сенiң де махаббатың болды ма? — деп Көптiлеу
зәрлене жымиды.
Пұсырман қысылып, тершiп сала бердi:
— Ол... Өзi... былай...
— Ә, бiлдiк. Алмашкүлдей жеңгемiз кiсiнiң махаббатын оятпай тұра ма өзi? Пұсеке,
былай... — Басқарма жырқылдап күлдi. Сосын Ержiгiтке қарады. — Мына iнiлерiмiзде
сол махаббаты түспегiрдi... қызарып кеттi, ә? О қу бала! Талай қызды қан қақсатқанда
бүйтiп қызармайды? Ендi көрдiң бе? Не десең де, заман осылардiкi. Бас еркi өзiнде.
Бұрынғыдай қыз атастыру, алып қашу жоқ. — Ол тағы да Қызкүмбезге қарады. —
Ойбұй, егiнге баратын уақыт болып қалған екен ғой. Ал шығайық. Iзеке, кешке кел.
Дұрыс, дұрыс. Оны ертең... Ертең дедiм ғой.
Көптiлеу Ержiгiттi көзiне де iлместен кеңседен шығып, атына мiндi. Жолай Дәуiтке
соқты. Оған қысқа-қысқа бұйрық бергесiн, кешке дейiн егiндi аралады. Арықтарды
тексердi. Бас арыққа жете бергенi сол едi, әлдекiмнiң жаңқылдаған даусынан селк ете
түстi. Жалт қараса, жас күрiштi жапырып, Нұрғабыл мең Әлібек қызыл кеңiрдек болып
жатыр. Құлақты бұзып кетiп, айдалаға сарылдап ағып жатқан сумен бiрiнiң iсi жоқ.
Көптiлеудiң жыны қозып кеттi. Дереу атынан түсе қап, әке-бабадан бермен қарай
сыбап, екеуiне тұра ұмтылды. Екеуi тұра қашты. Әлібек арықтан әрi қарғып түстi.
Оралымсыздау Нұрғабыл тұтылып қалды. Басқарма жетi атасының көрiн қазып‚ зiрк-
зiрк етiп ақырып жүр:
— Өй, иттiң баласы, ана суды неге көрмейсiңдер?
— Әлібек қой жырған‚ — дедi Нұрғабыл қан түкiрiп тұрып. — Соны жабайын десем,
маған су керек деп болмайды.
— Неге кезектесiп суғармадыңдар?
Нұрғабыл үндемедi.
— Кәне, жандарыңның барында бiтеңдер! Кiлең ит түге! — деп боқтап жүрiп,
Көптiлеу су қашқан жердi бiтеткiздi. Әлібектiң де жон терiсiнен аздап қайыс алды.
Колхозшылар басқарманың таяғына көндiккен. Қанша ашуланса да кек тұтпай,
сонырағы күнi берiммен алдайтын мiнезiн бiледi. Осы жолы да екi жiгiт жұмған аузын
ашқан жоқ. Өздерiн айыпты кiсiдей көрiп, жұдырық тиген жерлерiн ауырсына
күлiмсiрей сипап қойысты.
Көптiлеу сабасына түскесiн‚ алдын кештете атына қонды, үйiне кеп, шәйға қанды.
Тершiген тұла бойы жеңiлдегесiн‚ аяңдал отырып кеңсеге келдi. Жалпылдасқан
жұрттың бет-өңдерiне қарап, әр түрлi ажар көрсетiп‚ сахна жаққа өте бердi. Ауыл
адамдарының басы тегiс құралып болды-ау дегенде барып, орнынан түрегелдi.
Кiсiлердiң тер жуып, май жаққандай жылтырай бастаған беттерiне жағалай көз тастап
шықты. Сосын неше түрлi көздердiң шам жарығына шағылыса жылтырай қарсы
ұшырасқан қарастарын қағып ап, миығына әлдеқандай кекесiнi мен мүсiркеуi аралас