Стр. 28 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

— Кiрсiн‚ кiрсiн!
— Немене?! — дедi Пұсырман гүжiлдеп.
— Кiрсiн.
— Дәуке, сонда қалай? Ол ғой барып тұрған көнтiр. Кеше қалқоздасу кезiнде
бүлiншiлiктiң жуан ортасында жүрдi. Ел арасына iрiткi салды. Айтқанына құлақ
аспағандардың басына қамшы үйiрдi. Тiптен зорлық-зомбылық жасап, кiсiлердiң атын
аударып алған кезi де болды. Ол аздай, халық басын ұйыстыруға мәйек болған
азаматтардың қанын төктi. Ендi сондай құнықер ұры, тойыст, көкжал көнтiр қалқозға
кiрем дедi екен деп оның өткендегi қылуасын қалайша тез ұмыта қаламыз‚ а?
— Пұсырман қарағым, келiмдiнiң алды кең, келiстiнiң соны кешiрiмдi деген...
— Жоқ, бұл дұрыс емес. Мына айтып тұрғаның тап жауы шығарған мақал. Ызнашит,
сен де...
— Құдай сақтасын! — дедi Дәуiт шошып.
— Ендеше Iзеттi неге қолдайсың?
— Мен... тек... ағайын болғасын...
— Жоқ, мұндай жерде ағайыншылық жүрмейдi, — дедi Пұсырман қызуланып. —
Бұны қоятын кез жеттi. Әгәр бiреудiң көзi жақсы, бiреудiң сөзi жақсы десек‚ онда
қалқозға көнтiрлердi қойдай тоғытып жiберемiз. Бiз сендерге олай еткiзбеймiз. Арам
пиғылмен мүләйiмсiп келген дұшпанның көк желкесiн киямыз... — деп, Пұсырман оң
алақанын жазып, құдды пышақпен бiрдеменi кесетiндей боп, жоғарыдан төмен қарай
бiр сiлтеп кеп қалды.
— Оған iжкiмнiң дауы жоқ. Сен сүйтесiң, — дедi соны көрiп иманы қара таяқтай
болған Дәуiт бүгiле түсiп.
— А-а? Әй, сен не деп тұрсың‚ а? — дедi қызып кеткен Пұсырман ендi айқайлай
сөйлеп. — Немене, мен саған сайқымазақпын ба, әлде педалдарды дәрiптеп қыса
айтатын жыраумын ба, а? Жоқ, Мырзағұлов, еш уақытта партияның жолынан тайған
емес, таймайды да. Кеше ақтар абақтыға жауып қинағанда да, мен қоммунаға деген
сенiмiмнен айныған жоқпын. Бiлсеңдер бар ғой. — Ол қызыл Жұлдыз орденi қадалған
кеудесiн қолақпандай жұдырығымен қойып-қойып қалды. — Мен еңбекшi бұқара үшiн
Аралдың әр жағында шайқасып, қасық қанымды аямай төккенмiн. Мынаны сонда...
қомиссардың өз қолынан алғанмын‚ — деп Пұсырман кобурасынан пистолетiн суырып
ап, басынан асыра жоғары көтердi. — Сонда мен не үшiн қан төктiм, а? Мына
көнтiрлер кейiн қалқозға кiрiп, емiн-еркiн өмiр сүрсiн дедiм бе?
— Пұсырман қарағым-ау, — дедi Дәуiт дыбдырлап. — Үйдеп атқан кiм бар?
— Әлде сен де көнтiрсiң бе?
— Құдай сақтасын! Шиеттей бала-шағам бар...
— Ендеше неге шыр-пырың шығып отыр?
— Жолдас Пұсеке, сiз олай деме. Мен ақ пен қызылды айыра алмайтын соншалық
көрсоқыр надан емеспiн‚ — дедi Дәуiт ендi салқын тартып. — Мен сiздiң сөзiңізге
түгелдей қосылам. Сiздей көзi ашық кәмөнес болмасам да, кеше көнтiрлерге қарсы оқ
атқан саналы кiсiмiн. Жақсылардың қосын жеккенмiн...
— Ендi Iзеттiң...
— Құдай сақтасын. Ол мен қосын жегетiндей немене мiнiстiр ме едi? — Дәуiт
бұрынғыдан жұмсара түстi. — Осы менiң түсiнбейтiн бiр жәйтiм бар. Жарайды, Iзеттi
көнтiр дейiк. Оны қалқозға алмайық. Бiрақ оның әйелiн кәйтемiз? Күлдiр сонау қалқоз
құрылған жылдан берi мүше ғой.
Табан астында аузына лайқат сөз түсе қоймаған Пұсырман сәл iркiлiп қалды. Соны
көрген Дәуiттiң жаңарында қуақы ұшқын жылт-жылт ете түстi. Iзет абыржып,
қозғалақтап қойды. Көптiлеу мырс етiп, қасындағы шикiл сары Мырқиясқа бұрылып:
— Қасқа, әлiн бiлмеген әлек деген осы-ау, — деп сыбырлады.
Мырқияс ернiн кере түсiп күлiмсiредi.
Пұсырман есiн тез жиды. Ол пистолетiн төбесiнен асыра көтерiп: