— Бұл — барып тұрған саяси көрсоқырлық. Нағыз ымырашылдық! — дедi жындана
айқайлап.
— Неге? Оны қалқозға алған Көптiлеудiң екi көзi шырадай жанып-ақ тұр ғой, — деп
Дәуiт жан-жағына алаң-ғұлаң етiп қарады.
Жұрт ду ете түстi. Жалпылдақ шамның оты үйтқып барып басылды.
— Жолдастар, тиышталыңдар! — дедi Пұсырман мүлдем әңгiрлеп. — Мен екi көздiң
соқырлығын емес, көкiректiң соқырлығын айтып тұрмын. Сәбет заманында қалқоз
басшысы бола тұрып, тап дүшпанын айыра алмау — нағыз қылмыс, бұл — нағыз
қоммунистке жат қылық. Коммуна құрысам, жарлы-жақыбайды теңгерем, дүние
жүзiнде ең әдiлеттi қоғам құрысам деген кiсi бұлай етпейдi.
— Менiң бiр сұрағым бар, — дедi Дәуiт. — Дүниядағы ен жақсы қауым құрған
жақсы-ақ. Сонда оған кейiннен ниетi түзелгесiн көнтiрлер қатыспай ма? Ау, олар да
адамның баласы емес пе?
— Жоқ, қатыспайды.
Осы кезде:
— Ал, оның жазығы жоқ бала-шағасын кәйтемiз? Аштан қатырамыз ба? — деп бiреу
түпкiр жақтан айқайлады.
— Жоқ‚ аштан қатырмаймыз. Олардың бала-шағасын қайтадан тәрбиелеймiз.
— Жарайды, бәрi дұрыс. Менiң таңғалатыным, осының бәрiн көрiп-бiлiп жүрiп, осы
уаққа дейiн неге үндемей келдiң, а? — дедi Дәуiт бiр iлетiн түс осы-ау деп ойлап.
— Мен мұны жаңа естiп отырмын.
— Онда... ауданға жеткiзетiн шығарсың? — дедi қутұяқ шал оны отқа
итермелегелдей қытығына тиiп.
— А как же? Сөз жоқ, жеткiзем, — дедi Пұсырман қайтадан қызынып. — Немене,
сен менi ымырашыл деп пе едiң? Жоқ, Мырзағұлов ондай емес...
Көптiлеу Пұсырманның не дегенiн шала-шарпы ұқты. Бар есiңде қалғаны, хатшы
қолын алға қарай құрықша созып сермеген сайын, сасқан шалдың екi көзiнiң
шарасынан шығып, бақырая бергенi болды. Әшейiнде атасы тегiн жел сөздi қарша
борататын кiсiнiң тiлiне тұсау түсiп, аузына құм кұйылды. Дәуiт бiрдеңенi мiңгiрлеп,
көткеншектеп барып, қара жерге дүрс етiп отыра кеттi. Пұсырман оны әбден тапап
тастағысы келгендей жерлеп барады. Iшiнен: “Қап, мынау ит бүлдiрдi-ау!” — дедi де,
Көптiлеу ендi тышқан аңдыған мысықша Пұсырманның сөзiнен iлiк iздедi.
— Жолдастар, кәзiр сендердiң таптық сана-сезiмдерiң сынға түсiп тұр. Сендер,
бұлай, былжырағанды қойыңдар. Езiлген елдiң ұлы көсемi төңкерiстi қолғап киiп
жасамайды деген...
Осы кезде Көптiлеу оның сөзiн бөлiп, даусын одан асыра сөйлеп:
— Тоқта, сол көсемнiң еңбектерiн бiз де оқыған едiк. Ұлы көсем бiр сөзiнде
бұржуазия ғалымдарын социалистiк отанның кәжетiне жарату керек деген жоқ па едi?
— дедi.
— Иә, деген. — Пұсырман бұның бетiне ажырая қарады.
— Ендеше, сенiң менi саяси соқыр дегенiңе жол болсын?
— Соқыр екенiң өтiрiк пе? Мiне, тағы да сауатсыздығыңды көрсетiп отсың. Көсем
айтса, бұржуазия ғалымдары жайлы ғана айтты, ана майбалақ Күлдiр жайлы айтқан
жоқ. Күлдiр ғалым емес, тап жауының қатыны. Мұның көсемнiң сөзiне қатысы қанша?
— Қатысы сонша, — дедi Көптiлеу даусын нықтап. — Кешегi қалқоздасу кезiнде
қатысы сонша, оны мына отырған жарлы-жақыбайлар жақсы бiледi. Жұртқа мәлiм,
Ақмырза Сәбет үкiметiне қарсы көтерiлiс ашқанда‚ ел қай жаққа шығарын бiлмей,
шөре-шөре болды. Бұрынғы тiршiлiгiн көзi қимай, жаңа тұрмысқа көндiге алмай,
халықтың берекесi қашты. Оның үстiне шаш ал десе бас алатын белсендiлердiң асыра
сiлтеп жiбергенi халықты үркiттi. Кiнәлiнi кешiрмейдi деп тап жаулары таратқан сасық
өсек те ел арасына iрiткi салды. Мiне, бiз сондай кезде Күлдiрдi қалқозға мүше қып, қас
дұшпандарға аямай соққы бердiк. Мұның саяси мәнi, мiне, осында. Бұл саяси соқырлық