Стр. 31 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

Ел дабырласып, орындарынан өре түрегелiп, сыртқа лап қойды.
Көптiлеу жиналыстан соң, көп айналмай, үйiне қайтты. Қасында ағеден Дәуiт
дәудiрлеп келедi:
— Құдайдың жаңылыстыра жаздағанын қараш! Көлденең сөздi қопсытып нем бар
едi? Одан да қалқозға кiрсiн деп шорт қайырғанымда, әлгi қызылкөзден осыншама сөз
естiмеген болар едiм.
— Өзiңнiң обалың жоқ.
— Оның рас. Көсегең көгергiр сәбет үкiметi боп, ел санатына кiрiп жүрмiн ғой.
Бұрынғы заманда мен секiлдi екi елi аузына төрт елi қақпақ қоя алмайтындар кiм
көрiнгенге ит түрткi боп, iшсе асқа, кисе киiмге жарымай жүрер едi.
— Айтары жоқ, — дедi Көптiлеу мысқылдап.
— А-а? Иә, иә, жаңа тiлiмнен қағынып...
— Қағынып... Одан да үйреткен сөздi айтпадың ба?
— Құрдас-ау, ол деген есте тұра бермейдi. Бiрiн ойыңа сақтасаң‚ екiншiсi жадыңнан
сарт етiп шығып кетедi. Мына мен хат танитындарға қызығам. Жаңағыдай жерде сен
бағанағы сөзiңдi бiр парақ қағазды қаралап, жазып бере қойсаң‚ мен соны сұңқылдатып
оқып шықпайым ба? Сонда бiлгiш те мен‚ суырылған шешен де мен‚ тiптен көсем де
мен! Қағазға қарасаң‚ бет алдыңа ылақпайсың. Әсiресе, оны бiреу жазып берген қандай
жақсы! Дап-дайын нәрсенi өзiм жетi түнде көз майымды тауысып отырып
шимайлағандай, был-а-ай, тамағымды кенеп қойып, судырата жөнелсем, жұрт аузын
ашпай ма, ә?
— Әрине, ашады.
—Шамасы, ендi соған көшем-ау.
— Көш. Ал үйге кiрiп, шәй iшiп шығасың ба?
— Е, iшпей. Шақырмасаң да, қатыныңның қолынан дәм-тұз татып кетейiн деп келе
атқам.
Екеуi үйге кiрдi. Ортаңғы бөлмеде шәйi көрпенiң үстiнде бiр-бiр құс жастықты
шынтақтарына басып, шалжиып-шалжиып жатысты. Қалампыр шәй әкелдi. Қызыл
күрең қою шәйдi асықпай бабымен сораптай отырып, Көптiлеу көзiнiң астымен
Дәуiттiң шұбар бетiне қарап қояды. Есiне қайта-қайта оның баяғы бала кездегi
қылуалары түсе бердi. Сонда аңқау едi, әлi сол бойы. Қатын алып, бала сүйiп, ата
сақалы аузына түссе де, оның алыс-жақын ағайын iшiне пiкiр сақтайды-ау деген ой
қаперiне де кiрiп шықпайды. Көптiлеуге ұнайтыны да осы қасиетi. Көбiне азбен алдап
қойып, көздеген шаруасын Дәуiтке айтып, бiтiрiп жатады. Бүгiн де ел арасында
абыройы бар әтеберлi азаматтарға Дәуiттен сәлем айтып, басалқы сөзiн жеткiзген едi.
Алдын алғаны жақсы бопты, өзiн бiр бөрiктiрiп алғысы келген оны екi бүктеп, астына
салды. Астына демекшi... Ана жолы бетiне кеп қалған оған тәкит жегiзбекке белiн
бекем буған-ды. Оның сөзiн аяқ асты қып, жерге тастағаны жынына тиген. Қалайда
төбесiнде тайрақтатпауды көздеп‚ бiр рет үйiне шақырып ап, әр сөзiн астарлап, ұзақ
сөйлескен болатын. Татулық жағын реттеп алғасын‚ қалған шаруасы өздiгiнен
шешiлетiн де едi, бiрақ ол тiк кетiп, бiтуәжаға көнбей, қарсыласатын сыңайын анық
байқатты. Басқарма содан оған берi тiсiн қайрап жүр. Бiрде ол осы Дәуiтпен оңаша ұзақ
сөйлестi. Бұл салған жерден қолқ етiп түсе кеттi. Көптiлеу елпiлдектердi онша жақтыра
бермейтiн. “Әй, бұдан палау пiспес”‚ — деп ойлаған-ды. Жоқ‚ Дәуiт iстi оңына
келтiрдi. Қандай сөзбен кеуiлiн жiбiткенiн өзi бiлсiн‚ ол Алмашкүлдiң жүзiн берi
қаратты. Содан берi бұл оның ығын алмай‚ ұрымтал тұстарда қайырып тастап жүр.
Ендi мiне... Көптiлеу мырс ете қалды.
Дәуiт сұңқылдап отыр:
— Өй, қатын‚ шайың тәттi екен. Өзiңнiң тәттi емес жерiң жоқ-ау, сiрә? Болмаса
құрдас сенi қатын қыла ма?
— Қылмағанда кәйтедi, — дедi Қалампыр күлiп.