— Қылмағанда... Оһо-оһо, сен сүйдейсiң. Тек менiң бiр түсiнбей жүрген нәстем, осы
сен осалсың ба, әлде құрдас осал ма?
— Кiнә кұрдасыңнан шығар. Байы мықты болса, қатын қайда қашады?
— Әй, қой! — дедi Көптiлеу жақтырмай. — Бүгiн қаладан не бiтiрiп қайттың? Соны
айтпайсың ба?
Ол кеше Дәуiттi Жосалыға бiр шұғыл шаруамен жiберiп алған едi. Ол жарғақ құлағы
жастыққа тимей жүрiп, таңның атысымен базар аралап, елдiң әңгiмесiне қанған-ды.
Кәзiр жұрт ас берудi, жаназа шығаруды түнде iстейтiн болыпты. Мешiт жабылғалы берi
молда табу да қиындап барады. Баяғыда басына ақ сәлдесiн орап ап, ас болған жерден
қусаң да кетпейтiн молдалар кәзiр бұйымтайыңды айта бастасаң‚ аузынды ашырмай,
зар илеп қоя бередi. “Алапасы құрсын”, — деп, жалына қол апартпайды. Дәуiт қаланың
сыңайын байқап кеп, ендi көрген-бiлгенiн айта жөнелдi.
Көптiлеу оны ықыласпен тыңдады:
— Сонда ел ас берудi қойған ба?
— Олай деу қиын. Алды-артына қарап отыратын естi кiсiлер жақын-жуығын ғана
шақырып, асты түнде жасайтын көрiнедi. Бұрынғыша бүткiл уәлайатқа жар салып, ат
шаптырып, дәрiп шашуды өзi...
— Апырмай, ә?!
— Айтары жоқ. Ана Ерәлi сияктылар...
— Солай де. — Көптiлеу ойланып қалды. — Ол өзi Қаратоқа ма едi?
— Иә, Қаратоқа ғой. Мына Көбектегi... иә. Соның жамағайыны. Ертеде әке-шешесi
бай болған...
Көптiлеу үндемедi. Ана бiр жолы ол Жосалыдан қайтып келе жатып‚ Төребайдың
үйiне қонып отырғанда, бiр әңгiме естiген едi. Мұның құдасы Сәдiрмақанмен тiлге
келiп қалған Ерәлi: “Сен талтаңдай берме. Әуселең белгiлi. Көп болса, арқаңды
сүйейтiнiң Көптiлеу шығар. Қазбалай түссе, онда да шикiлiк толып жатыр. Атқа мiнiп
алғасын‚ оның елге iстемеген қиянаты жоқ. Оның түбiн тексерсе, ер үстiнен жұлып алу
оп-оңай. Осы қазақ жөнiн неге бiлмейдi?”, — деп толы жұрттың көзiнше қыңырлана
сөйлептi. Соны естiп, иманы қара таяқтай болған Көптiлеу сыр бермеген. Төребаймен
арақ iшiп отырып, әлi өңiн алдырмаған жас келiншекке, оның мүше-мүшесiн көзбенен
тексергендей боп, тiнте қарап өткен-дi. Келiншектiң жас баланың етiндей үлбiреген
мап-майда бұғағын көзi шалғанда кәмелетке келiп, iштей тоят тiлеген қыранша шарқ
ұрған құмарлық пен құштарлықтың әлi де басылмай, қайта жаңадан қуат алып,
сарқырай аққан дарияша сыртына тепсiнiп жатқанын андағандай едi. Онысын
Ұлманның өзi де жасыра алмай, анда-санда аялы көзi кеуiлiндегi асық ниетiнен хабар
бергендей жарқ-жұрқ ете қалады. Жанарының түкпiрiнде күн санап оянып, қаулап,
өршiп келе жатқан өрт қанатымен су сепкен қарлығаштай зәру асын тауып берер нәр
суын тiлегендей. Кей кезде құмарлық жеңiп, қасындағы күйеуiнен де именбестен
бұның жүзiне тесiле қарап та қояды. Оны аңғаратын Төребай жоқ, қайдағы бiр
келiспейтiн әңгiменi көңiрсiтiп отыр. “Мынау итке қор боп жүр екен ғой. Оңбағанның
аузының салуы барын қараш!” — деп Көптiлеу оны iшiнен боқтап отыр. Ол ертеңiне
ауылға жетiсiмен Қоңырбаймен сөйлескен едi...
— Артын ойлайтын ел екi елi аузына төрт елi қақпақ қояды, — деп Дәуiт баяғы
әнiнен танар емес.
— Дұрыс. Сонда жұрт ас бередi ғой?
— Бергенде қандай.
— Ендеше ақылдасатын бiр шаруа бар едi. — Көптiлеу қозғалақтап қойып, Дәуiтке
бұрыла бердi.
6