Стр. 33 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

Алмашкүлдiң қызыл күрең шәйiн iшiп, тырысқан кеуiлi жiбiгенмен, жаңа ғана
жиналыста мүлт берiп алғаны Пұсырманның бiр бүйiрiнде шаншудай қадалып тұрып
алды. Қанша ұмытайын десе де, ойламаған тұста сазға отырғаны есiнен шықпай қойды.
Содан арылғысы келгендей, тiлдей газет киындысына махорка орап, темекi шектi.
Қолқа қабар ащы түтiндi iшiне кұмарлана сорды.
Алмашкүл ауада көкшiл тұманша жайыла жүзген түтiндi жақтырмай қолымен қақты:
— Тағы да пеш бола бастадың ба?
Пұсырман ләм-мим деген жоқ. Әйелiнiң сөзiн құлағына да қыстырмады. Бiр сәт
өзiне Көптiлеудiң неге ала көзбен қарайтыны жөнiнде ойлады. Шамасы, билiкқұмар
басқарманың аяғын тарта жүреiн бiр тұсы болуға тиiс. Бұған салса, осы жұмысы қатты
ұнайды. Тек шымбайына бататыны — Көптiлеудiң буынсыз жерге пышақ ұрып,
мұнымен санаспастан‚ шаруаны тiзеге сап шеше беретiнi. Пұсырман оған көнбейдi.
Көбiне қызыл кеңiрдек боп айтысып, текетiрес кеп қалады. Бүгiн де тәжiкелесiп
қалысты. Бұл онымен сөз алыспас та едi, басқарманың түбi шикi ұрыны айқұшақ
қапқанына ызасы келдi. Қалтарыстау жерде ұшыраса қалса‚ кiм-кiмнiң де қабырғасын
сөкпей‚ өтiн ойып алатын Iзеттi бiрден қалқозға кiргiзем дегенiне ақылы жетпей дал
болды. Ақыры шыдамай, қарсы шықты.
Ол темекiсiнiң тұқылын аулаққа лақтырып жiбердi. Алмашкүл жерошаққа қу
жыңғылды пышырлатып сындырып салып жатыр. Өсек сынды сүйреңдеген от тiлi
аңсыз отырған әйелге тап берiп, демде құшағына орап алатындай ұйтқи жаңады.
Алмашкүлдiң екi бетi қып-қызыл. Жүзiн сағым шалғандай бар мүшесi балғын тартып,
аздап үлбiреген бұғағы бiлiне бастаған.
— Неге қарап отырсың? — дедi Алмашкүл қысылып мұның өзiне қарап отырғанын
байқап қап.
— Жәй.
— Немене, тағы да сөз алысып қалдыңдар ма?
— Аздап.
— Аздап... Сенiң аздабың белгiлi емес пе? — Алмашкүл көсеумен отты ысырып,
қоздата түстi. — Сенiң өз қисығың өзiңе бiлiнбейтiн шығар. Болмаса ойқы-шойқы
жаратылған жан екенiңдi...
— Иә, сосын... — дедi Пұсырман кекетiп.
— Сосыны сол, неге жайыңа жүрмейсiң? Немене бүткiл дүнияның кiлтi сенiң
қолыңда тұр ма? Ыңғи өзiңнiң айтқаның бола бере ме? Одан да әмпей-жәмпей боп,
жұмыс iстемейсiң бе?
— Сосын?
— Не сосын? Саған бiрдеме десең, осылай кекетесiң. Қатынның да ақылы бар-ау
деп, бiр рет тыңдап көрдiң бе?
— Ал тыңдадық. Сонда не айтпақсың?
— Айтарым, Көптiлеумен шәлкем-шалыс келе берме. Ел ұлтаны — оның туыстары.
Жаңғыз өзiң қиқылдағанмен‚ ештеңе де өндiре алмайсың,
— Жазған-ау, өндiрем деп жүрген мен жоқ қой. Менiкi оның кез келген жерге қол
сұққанына көнбеймiн дегендiк қой. Болмаса онда ұзында кегiм, қысқада өшiм бар ма?
— Қол сұқса, сұға берсiн, өз шаруаңды бiл де, жайыңа жүр.
— Жоқ, олай етуге хақым жоқ. Мұнда менi ымыраға келсiн деп жiберген жоқ.
Кәмөнес басыммен қисықты көре тұрып, неге тезге салмаймын?
— Қит етсе болды‚ сүйдеп шыға келесiң. Немене сенен басқа жан ақымақ па? Бәрiне
қараш, бiр-бiрiмен майлы қасықтай жылпылдасып‚ ың-шыңсыз өмiр сүрiп отыр. Сен
болсаң... жүрген жерiңнiң бәрi айтыс-тартыс. Кеше Майдакөлде де басқармамен
сыйыспадың. Ақыры құлауыз болдың да, бұ йақтан бiр-ақ шықтың. Ендi ес енетiн кезiң
жеткен жоқ па? Бұл жерге сыйыспасаң бар ғой‚ сенi ындық өткiзiп жiбередi.
— Әй, қой, ол сенiң шаруаң емес.