— Менiң шаруам болмай-ақ қойсын‚ бiрақ мен де осы үйдiң адамымын. Менiң тиыш
өмiр сүргiм келедi.
— Тиыш! — Пұсырман мырс еттi. — Иә, сосын?
Алмашкүл мұның жүзiне ызалана қарады:
— Сосыны сол, сенiң осы жұмыстан басқа бiлерiң бар ма? Қатынның да адам екенiн
қашан түсiнесiң? Бiзге де‚ бiлесiң бе, жылу... жан жылуы керек.
— Жылу... тоңсаң, отқа жылына қой.
— Қалай жылынатынымды сенен сұрамайым. — Алмашкүл отты көсеумен ысырып,
лаулата түстi. — Көп сөздi қой да, басқармамен келiссейшi.
— Мен онынмен қалай келiсем? — Пұсырман басын көтерiп алды. — Ол бүгiн
мектеп салайық деген Ержiгiтке қарсы шықты...
— Ержiгiт... А, ана мұғаллем бе?
— Сең немене оны бiлетiн бе едiң?
— Сыртынан. Оны ана Пiрмақанның қызын алады екен деп ел шулап жүр ғой.
— Ранайды ма? Е, алсын‚ оған қой деп атқан кiм бар?
— Бiрақ о қызды атастырылып қойған дейдi.
— Жоқ, бұл болмайды, — дедi Пұсырман. — Олай еткiзбеймiз. Қыз өз кеуiлiнiң
қалағанына барсын. Оның құдасы ана Шiлмән ба? Оны қойдыру керек. Ау, үйтсек,
махаббат бостандығы деген қайда? Махаббат... — Ол ойланып, өзi өмiрi аузына алып
көрмеген сөздi айтып отырғанына iштей таңғалды. Бiр сәт осыны кiмнен естiдiм дедi.
Ә‚ бағана Көптiлеу айтқан екен ғой. — Көптiлеу... — деп, ол сол арада өзiнiң ерiксiз
дауыстап жiбергенiн байқамай да қалды.
— Не, не? — Алмашкүл жалт қарап, ұрлық қылған балаша қызарып сала бердi.
— Iждеме.
— Басқарманы айтасың ба? Оның сойталдай екi iнiсi келiншек ала алмай жүр.
Ертiлеудi биыл төсек жаңғыртады деп едi.
— Сонда... оған кiмді алып бермекшi?
— Ояғын бiлмедiм. Бiр бұйырғанын алады да.
— Нағылса да кеулi қалғанын алғаны дұрыс.
Пұсырман одан әрi тiс жармады. Тамақ үстiнде де жарытып сөйлемедi. Төсек салып
жатқасын‚ ниетi құлаған шаруасын қара ақылына салып көрдi. Әрi ойластыра, берi
ойластыра келiп, ертең партия жиналысын ашып, басқарманың тәртiбiн қарамаққа
бекiндi. Одан меселi қайтса, Сегiзовке, одан болмаса, тұра Есеновтiң өзiне барады.
Есенов демекшi, кәзiр әтеберлi азаматтар санатына кiрiп, ел басқарып отырған обком
хатшысына мұның етер базынасы бар. Кеше ғана осы екеуi Аралдың ар жағында болған
ақ пен қызыл шайқасында ол мұның взводында соғысқан едi. Отрядқа келгенде
Сегiзовтен гөрi Есенов әлi тiс қақпаған жас болатын. Үстiндегi шинелi бастықпай
қолпылдап, етегi жер иiскеп жүретiн. Бiрде кезектi шабуыл алдында Пұсырман оның
шинелiнiң етегiн дөңгелете қырқып, қысқартып бердi. Сол екен, қазақы бозбала
құйрық-жалын күзеген жабағы тайша сыптиып шыға келдi. Ана жолы Есенов шаруа
бабымен Жосалыға келгенде, сол шинелдiн әлiге дейiн үйiнде сақтаулы тұрғанын
айтқан. “Соған қарап, көп нәстенi... есiме алам”, — деген. Сонда Пұсырман қатты
ойланып қалған‚ қаудырлаған жаман тонынан екi елi ажыраспаған Аяз бидiң керi келiп
жүрген жоқ па деген. Iзiнше, қайдағы деп, өзiн өзi тыйып тастаған.
Ол құлқынсәрiден тұрып, кеңсеге барды. Бiр қара сирақты ұстап ап, жау тигендей он
шақты қоммунистi шақыртып алды. Әлi ұйқысын аша қоймаған кiсiлер тоңқылдасып,
қыржиып отыр. Көптiлеу сұп-сұр. Пұсырман жиналысты ашып, мәселенi тiкесiнен бiр-
ақ қойды.
Көптiлеу хатшының ниетiн жаңа андағандай, оған көзiнiң астымен қарап қойып:
— Iзеттi қалқозға мүше қылған халық. Мен халықтан асып қайда барам? — дедi.
— Жоқ, сен халықпен санаспайсың. Жұртты ашсам алақанымда, жұмсам
жұдырығымда ұстасам дейсiң. Жо-о-оқ‚ бiз оған көнбеймiз.