— Елдiң өзi сайлаған деген өтiрiк. О кезде ел билейтiн кiсiнi халық сайлайтын ба
едi? Болыс, ауылнай, тағы да басқа бастықтар жоғарғы жақтан тағайындалады да,
халыққа оларды зорлатып сайлататын. Елдi өтiрiк үгiттеп, алдап, дауыс бергiзедi. Бiрлi-
жарым дауыс бермегендердiң күнi қараң. Сондағы ерiктiлiгiң осы ма? Жоқ, бұл
әдiлетсiздiк — дедi Пұсырман мүлдем қызып. — Ызнашит, сенiң әкең де — тап жауы.
— Тап жауы емес. Ол кәмпескеге iлiнбедi. Орташа шаруа болды. Ел арасында сөзi
сыйлы едi. Сондықтан да жұрт оны бiр ауылдың басшысы еттi.
— Дегенмен мұның түбi шикi сияқты. Ал, өзiң қалайша сәбет мектебiнде мұғалiм
боп жүрсiң, а? — Пұсырман оған жүзiн суытып, қадала қарады.
Ержiгiттiң түрi сұп-сұр боп кеттi:
— Басқа оқыған кiсi болмағасын...
— Ә, түсiнiктi. Бұржуазияның алымдарын... — Пусырманның есiне түндегi айтыс
түстi.
— Уақытша пайдалану керек дейсiз ғой.
— Сөз жоқ.
— Өз кадрларыңыз жетiлгесiн‚ оларды нағыласыздар?
— Ол.... кезiнде белгiлi болады.
— Ал, ол алымдар шәкiрттерiне ұсақ буржуазиялық пиғылды егiп жүрсе
кәйтесiздер?
— Екпейдi. Үйтiп көрсiн...
— Жарайды, мұның басы ашық. Ендi ескi салт-жоралғыны қашан құртамыз?
— Ол жақында құриды.
— Егер құрымаса ше?
— Онда шара қолданамыз.
— Дұрыс делiк. Мәселен‚ қалыңмал берiп, құда түсудi қашан қоямыз?
— О кiм құда түсiп жүрген? — деп Пұсырманның көзi адырайып кеттi.
Ержiгiт сөздi көбейтпейiн деп:
— Жәй айтып атқаным ғой, — дей салды.
— Ә, онда жөн. Ендi керпiш бастыру жағын мықтау керек. Бұл шаруаға
қалқозшылар белсене араласады. Қалайда керпiш табамыз, — деп Пұсырман
маңдайынан аққан ащы терiн сүртiп тұрып, Қызкүмбезге қарады. — Мынаны кiм салды
екен, ә?
— Бiлмейiм.
— Кiм де болса, ұста‚ ә?! Бiз неге мектебiмiздi осылай сұлу етiп соқпаймыз? Оған
шамамыз жетедi ғой. — Пұсырман Қызкүмбезге тағы да қарады. — Өзiнiң керпiшi
қандай! Көрдiң бе, тап жаулары халықтың қанын сорып, ешкiмге керегi жоқ күмбез
соққан. Құдай бiледi, осының керпiшi үшiн байлар елден қыруар мал жинады. Ол кезде
алдау деген не? Салық дейдi, тағы басқа дейдi, жұрттан малды сыпырып ала бередi. Ал,
ендi iске дұрыстап кiрiс. — Пұсырман Қызкүмбезге тағы да қарап қойды. — Не десең
де, керпiшi жақсы екен.
Ол жолаушылар пойызына мiнiп, күн еңкейе Жосалыға жеттi. Сегiзов Тұңғышбай
кеңсесiнде екен‚ мұны баяғы қалпынша жылы қарсы алды. Ол мұның сөзiн тыңдап боп‚
ертең сөйлеселiк, дедi.
Ертеңiне Пұсырман мен Көптiлеу хатшының алдында бетпе-бет кездестi. Бар
жағдайды тындаған Сегiзов Көптiлеуге қарап:
— Iзеттi мүшелiкке тартқан өзiнiз бе? — дедi.
— Жоқ, өзi келiп, арыз бердi. Ал оны қалқозшылар жалпы жиналыста бiр ауыздан
қалқозға кiрсiн дедi. Мiне, пiртәкөлi‚— деп Көптiлеу бiр буат қағазды оның алдына
жайды.
— Жарайды. Мәселе мұнда емес. Iзет арам пиғылынан бас тартпаса, кейiн көре
жатармыз. Әзiрге айтарым, егiн орағы болса, жақындап қалды; мұндайда ынтымақсыз
iждеңе де бiтiре алмайсың. Асылы, ырың-жырыңды қойып, ауызбiршiлiк еткендерiң