деп жүрген‚ үш ұлдың ортасында бұлғақтап өскен Ранайы солардын жолын қуса, не
шара? Сонда Көбектегi бесiк құдасы Шiлмәнға не бетiмен қарайды? Оның үстiне әкесi
Николай заманында ел арасының сөзiн ұстаған Тәжiмен өмiр бойы қырқысып өттi. Со
кездерi болған бiр жағдай мұны әлi есiнде. Төңкерiс болардың алдындағы жылы әкесi
Нұрмақан салық төлеуден қашып, Арал жақтың жан аяғы баспаған бiр түкпiрiн қыстап
отығар едi. Қарашаның соңғы күндерi болатын. Ызғырық жел арқадан соғып тұрған-ды.
Түске таман‚ қайдан тапқаны белгiсiз‚ палуан денелi ауылнай Тәжi торы атпен
салдыртып жетiп келдi. Ол төрдегi киiзге отырар-отырмастан әлi төленбеген салық
жайын айтты.
— Сен қубасқа салық па? Өй, әкеңнiн аузын... Қубас Шөмекей, — дедi әкесi
ызбарланып.
Аққөз, ер кеуiлдi Тәжi:
— Ендеше соны айтқан аузыңды жырта қояйын! — деп Нұрмақанға тарпа бас салды.
Үй iшi опыр-топыр болды да қалды. Бiр жiгiтке әлi толық келетiн ауылнай Тәжi
шарғалау Нұрмақанды астына бүгерлеп басты да, екi қолының бас бармағымен оның
езуiн кере бастады:
— Кәзiр... соны айтқан екi езуiндi айыра қояйын!
Сол кезде әкесi Тәжiнiн сол бармағын тiсiмен шайнап алды. Ауылнай сәл қабақ
шытып, дереу үнемi жанында жүретiн қынынан құс кездiгiн суырып алды да, сiлтеп кеп
қалды. Өткiр кездiк Нұрмақанның оң жақ самайын тiлiп түстi. Қарақошқыл қан бұрқ
ете қалды.
— Ойбай, өлдiм! — деген онын жан даусы шықты.
Сол жолы көп Төртқараның жiгiттерi Тәжiге батып тиiсе алмады. Ертеңiне болыстың
шабарманы келiп, салыққа берiлген малды айдап әкеттi. Мыңнан астам жылқысы бар
әкесiнiң тал түсте таяқ жегенiне бұл өлердей боп намыстанды. Содан бастап екi рудың
арасында қыжыл пайда болды. Кейiн Совет үкiметi орнады. Орта шаруа, ел арасында
беделдi, сөз ұстар ақсақалы саналатын Тәжi тағы да он жылдай ауылнай болды. Өз
әкесi тiрнектеп жиған малының қызығын да көре алмай‚ кәмпескеге ұшырап, жер
аударылып кеттi. Бұл әкесiне ермей‚ темiржолға кеп жұмысқа тұрды. Ендi сол бiр ата
жаудың баласының қолындағы жаңғыз қызына көз салғанына бұл қалай шыдайды?
Пiрмақан тамға кiрдi де, темiр кiлт пен балғаны босағаға дүрс еткiзiп тастай салды.
Қой көздi, қызыл шырайлы Нұрсұлу оған тандана қарады:
—Шал-ау, жайшылық па?
— Бол‚ шәйiңдi тездет!
Шәй үстiнде де Пiрмақан үндемедi. Ер жетiп қалған кiшi ұлы Балмақан мен
әлденеден қысылып-қымтырылып отырған Ранайға көзiн де салмады. Олар шәй iшiп, ас
қайырғасын‚ сыртқа шығып кеттi. Пiрмақан әйелiне сыздана көз тастады. Оның бiрдеңе
айтқысы келетiнiн байқаған Нұрсұлу берi бұрылды.
— Өй, қатын‚ осы Ранай биыл нешеде?
— Құда қаласа, күзде он жетiнi толтырады ғой.
— Ә?! Бәлиғатқа толып қалды десейшi.
— Немене, жәйша ма?
— Жәйша ма? Өзiңнiң... мына елдiң күңгiр-күңгiр өсек айтып жүргенiнен хабарың
бар ма?
— Өй‚ құдай шебер-ай, ел не демейдi.
— Жел тұрмаса, қамыс басы сыбдырламайды деген.
—Шал-ау, бұ не өзi? Есiткенiң болса, ашық айтсайшы.
— Айтатыны жоқ, қызың ана Ержiгiт деген жалаң аяқпен қашқалы жүрген көрiнедi.
— Қойшы, қайдағыны соқпай. Ранайжанның ойында әлi дәнеме де жоқ сияқты.
— Қыздың бiр тiнi iшiнде деген...
Екеуi де үндемедi. Нұрсұлу орамалмен сүртiп жатқан кесесiн қолында ұстап‚
қимылсыз тұр. Үй iшiнде қолайсыз тиыштық орнады.