Стр. 39 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

— Сонда құданы кәйтемiз? — дедi Нұрсұлу әлден уақтан соң.
— Құда...— Пiрмақан мырс ете қалды. — Құда дейдi... Сен онан да мән-жайды бiл
де... — Ол үйге кiрiп келе жатқан бiр кiсiнi көрiп, басын көтерiп ала қойды.
— Салаумаликум, — деп әндеткен шұбарбет Дәуiт қос қолын созған күйi тұмсығы
шаң-шаң етiгiн шешпестен төрге қарай шыға бердi.
— Әлiксалам. — Пiрмақан жақтырмай қалды: “Осы иттiң-ақ сумаңдап жүрмейтiн
жерi жоқ екен. Тағы да бiрдеменi көңiрсiткелi келдi қой”.
Дәуiт төрге малдас құрды да, кесе-аяғын жиыстыра бастаған Нұрсұлуға қарап:
— Ә, шәйларыңды iшiп қойған екенсiңдер ғой. Мен көп кiдiрмейiм. Кәне, нан ауыз
тигiзе сал, — дедi.
Нұрсұлу дастарханды жерге қайтадан жайып, нан турады. Дәуiт таба нанның
шетiнен бiр сындырып жеп, ас қайырды да, Пiрмақанға бұрылды:
— Пiреке, хал-жағдай жақсы ма?
—Шүкiршiлiк. — Пiрмақан ернiн жыбырлатты да қойды.
— Дұр-рес‚ дұр-рес. Одан артық не керек? Бiз де аманбыз. Бала-шаға шапқылап жүр,
құдаң да аман. Сәлемде деп атқан.
— Сәлемет болсын.
— Биыл оның айы оңынан туып тұр. Егiнi бiтiк. Шаруасы күйлi.
“Оны маған несiне айтып отыр?” — деп Пiрмақан iшiнен ойлап қойды.
— Ертiлеу де сау.
— А-а?
Пiрмақаннын есiне былтыр бала үстiнде қайтқан үлкен қызы Мақбал түстi. Ана
жылы гүрлеп тұрған Көптiлеу өзiнiң келеңсiздеу дөкiр iнiсi Ертiлеуге Мақбалды
айттырып‚ құда жiберген едi. Әуелгiде алды-артын ойлаған бұның бұлғандатып өсiрген
баласын қолайсыз кiсiге бергiсi келмеген. Сонымен әне-мiне деп‚ тура жауаптан
қашып‚ бiр жылға жуық жүрдi. Ақыры Көптiлеу бiр қайымын тапты. Каршадайынан
малжанды бұған қызыл нарын бұйдасынан жетелеп әкеп тастады. Сол-ақ екен‚ мұның
iшi жылып сала бердi. Ақыры бұл қызын Ертiлеуге ұзатып тынды. Алғашқыда құда
жағынан еш сыбыс бiлiнбедi. Кейiн келе дөкiр Ертiлеу арақ iшiп ап, кiм көрiнгеннен
қызғанып, жас келiншектiң басынан таяқ айырмайтынды шығарды. Сүйтiп жүрiп
Мақбал үш ұл бала тапты. Ол қайтқаннан кейiн құдалардын арасы суысып кеткендей
болған-ды. Көптiлеу де ендi бұрынғыдай қарасуды қойған. Тiптен құдайдын құтты күнi
қалаға қатынап жатқанында да мұнын есiгiн бiр ашпаған. Ендi оның мына шұбарбеттi
бұған бимәлiм әлдеқандай шаруамен жұмсап отырғанын сезген Пiрмақан iштей кiп
алып, тырыса қалды. Дәуiттiң сөзiн құлағына да қыстырмады. Бiрақ оны елейтiн Дәуiт
жоқ. Сайрап отыр:
— Пiреке, саған арнайы келдiм. Ертедең құдай қосқан кұда едiк‚ құдай айырмаса
адам айырмайтын жақын едiк‚ құдай басқа салғасын шара не, бүгiн топырағы торқа
болғыр келiннiң жылын беремiз, сенi соған келсiн деп менi құдаң Көптiлеу арнайы
жiбердi. Басты шаруам осы. Ал кәне не дейсiң?
Мұны күтпеген Пiрмақан:
— Е, жөн‚ — дедi де, жан қалтасынан жарғағын алып, насыбай атты.
— Маған да, Пiреке, — деп Дәуiт ақжем болған алақанын тоса қойды.
“Осы ит те жарымайды да жүредi екен”, — деп Пiрмақан iшiнен тыжырына отырып,
оның алақанына бiр атым қарақошқыл насыбай салды. Дәуiт насыбайды тiлiнiн астына
басып ап, малжаңдай сөйледi:
— Ал, Пiреке, мен жүрем. Құдаңа не дейiн?
— Не дейсiң, мұндайға бармай бола ма? Өзi былай... көлденең көзден сескенбей ме
екен?
— Сосын ғой, Пiреке, асты түнде iстеп атқаны. Ауылдың аузына берiк деген
шалдарын ғана шақырды. Кәзiр молдаға барам. Бүгiнде құран оқитын кiсi де қалмады