БIРIНШI САЛА
1
Жосалыдан шығысымен еш жерге тоқтамай арқырап тарта берген жүк пойызы
Байқожа стансасына жер апшысын қуырып жақындап та қалды. Оның жолдағы соңғы
“Ақай” дейтiн разъезден өте шыққаны жаңа ғана сияқты едi. Далиып жатқан жалпақ
жапанның танабын тарылтып, жолды кейiн қарай шақырымдап лақтырып, стансаның
бергi жағындағы қоңыр бұйратқа табаны тез iлiктi. Сәлден соң ашылған семафордың
жанынан заулап өте шықты. Қом-қом төбелердiң ортасымен жүрiп отырып, жазық
алаңқайға кеп құлады. Алдан балық иісi сасыған көлтабан көзге шалынды.
Сырдарияның ауылдың тұсынан бұралаңдап өтетiн иiнi көрiнгенде, кенет қара паровоз
құлақ жара шыңғырып, қатты айғайлап жiбердi. Мамырдың жасыл түгi жаңа ғана
әрiнен айрылып‚ сарғая бастаған далаға самарқау түрде қарап отырған Ержiгiт селк ете
түстi. Ол ебей-дебейi шыққан қара шашын қолымен жоғары қайырып қойып, қарсы
соққан екпiндi жел мен қиыршық тастардан көзiн сақтана қысып, алдыңғы жаққа
қарады. Жүйткiген пойыз ауылға келiп те қалды. Әне, стансаның бiрiншi постысы.
Оның әр жағында мойыны әлекше сорайған су тартатын құбыр-водокачка, сұрғылт тас
казармалар, бiр-бiрiне иiн тiресе соқтан салынған тапал тамдар жыпырлап көзге
шалына бастады. Одан әрiректе, Байқожаның желке тұсындағы бозғылт төбенiң үстiнде
төңiрегiне тәкәппар қарап Қызкүмбез тұр. Ұшар басы үшкiлденiп, қара жердiң тәнiн қақ
айыра жарып шығып, қатып қалған найза секiлдi. Алыстан қарағанда‚ ол үнемi
Ержiгiтке леп белгiсiндей боп көрiнедi. Өзi асқақ, күн екiндiге құлап, көлеңке басы
ұзара бастағанда еңсегей бойы зiңкиiп, мүлдем заңғарланып кетедi. Ержiгiт
Қызкүмбезге бiр рет көз тастады. Сосын: “Тоқтамай кетер”, — деп қауіп илеп, алдыңғы
вагонның ашық платформасында бiр темiрге қоңыр ешкiнiң бас жiбiн тас қылып байлап
қойған, бетi ешкемердiң жонындай бұдыр-бұдыр Төребайға қарап:
— Кеттiк! — деп айқайлады. Оның даусын жел үзiп әкеттi.
Төребай қонышына ала шаң баттаса қонған хром етiгiн салмақпен басып, мұның
қасына келдi. Сосын темекiсiн желден қолымен қорғаштап, құшырлана бiр-екi рет
сорды да:
— Шынымен тоқтамас па екен? — дедi. Бейне өз төрiнде көсiлiп жатып, жолаушы
шыққан бұның шаруасын сұрап тұрғандай, оны ештеңе де алаң етер емес.
— Қайдам, мынанын пәтi жаман.
— Тоқтар, не көрiнiптi, Тышқанбайып астанопкi алып берем деп едi.
— Өй, оны қойшы. Ерәлiнiң Қыжымы секiлдi жел сөзге қарық қыла салады. Оның
қолынан не келер дейсiң.
— Не көрiнiптi, келер.
— Келсе, көрермiз. Салт басты, сабау қамшылы маған екi дүния бiр-ақ қадам. Түсем
де қалам. Мына сенi айт. Иттi қонақ сияқты ешкiңдi маңыратып, Сотыйдан не
Майлыбастан бiр-ақ түсiп тұрсаң.
— Осы мүйiзiңдi с...дi ал, ал деп қоймаған әлгi қақпас қатын ғой, — деп, Төребай
қашанғы өз қисығын бiреуден көретiн әдетiне басып, ауылда қалған әйелiне ызалана
бастады. Кәзiр қасында болса, дарақы, қызғаншақ оның әйелiн көк ала торғайдай етуге
жүзi жанбайды. Темiржол бойында жұмыс iстегелi берi ернi аққа тиiп көрмеген
Төребайдың кеше Ержiгiттiң қалаға бара жатқанын естiп, соңғы жылдары тiрнектеп
жинаған азын-аулақ тиын-тебенiне ешкi сатып алайық, балалардың ернi аққа тисiн
деген өзi едi. Ендi сонысын тарса ұмытып, қабағынан қар жауып тұр.
Ержiгiт Төребайға қулана қарады:
— Өй, саған мал бiтiп, төрт құбылаң тең боп, паңқып келе атқаныңда мынау
тоқтамай...