ойнады. Көптiлеу жастайынан қырағы болатын, жетi қараңғы түнде де көзi алысты
шалатын. Бiр ұзынтұра жiгiт толғап-толғап тұрып, ақсүйектi басынан асыра зымыратып
жiбергенде, кеуiлдi жастар жапа-тармағай жүгiре жөнелдi. Бұл Ақмарқаның iзiнен
қиялап тартты. Ел көзiнен тасалау жерде, ай жарығы құйыла түсiп тұрған дүзген
арасында, қалтырап дiрiлдеген науша бойжеткендi бiлегiнен қыса ұстап, әлдеқандай
ыстық сөздердi айтып, өзiне қарай тарта берген. Содан көп өтпей әкесi Ақмарқаға құда
түсiп те үлгердi. Жалпы әкесiнiң мiнезi қызық едi. Кешегi жылдары шолақ дәулеттiң
арқасында-ақ Тәжiнiң орнына ауылнай бола алатын да едi, бiрақ құбылып тұрған
замана райын аңлап, ел тiзгiнiне жоламады. Сонда да билiк құруға iшi кетәрi емес.
Маңайындағы жақын-жуығын уысында ұстап, бiр шыбықпен айдағанды жақсы көредi.
Айтқанына көнбей бара жатса, сабап та алады. Кейде ақылы шолақтарға қамшы
жұмсамай-ақ‚ майда тiлмен асты-үстiне түсiп, оларды дегенiне көндiретiн. Әкесiнiң осы
әрi ожар, әрi майда әккi мiнезi Көптiлеудiң де сүйегiне сiңген. Әсiресе, Әбдiрейдiң
төрелiк ет десе iшкен асын жерге қоятынын сол қалпынан аудырмай көшiрiп ала
қойған. Ондай таққұмарлығына қарамастан‚ Әбдiрей құлағын жел жаққа тосып, алды-
артына қарауыл қойып отыратын кiсi едi. Ана жылы жер серiгi тарағаннан кейiн
қалқоздасу басталғанда‚ бұл аңқылдап iшiн аша қоймаған-ды. Ақтiлеудiң бас жоқ‚ көз
жоқ колхоз құруға бiлек сыбанып кiрiсiп кеткенiн iшiнен онша қолай көрмеген. “Әй,
қарағым, асығыстық шайтанның iсi деген. Iбiлiске ерем деп, Хауа Ата мен Хауа Ана
бейiштен шығып қалған”, — деп, қаба сақалын тарамдап, ойлы кескiнiн бұзбай ұзақ
отырған. Әкесiнiң бұл кеңесiн Көптiлеу қабыл алған. Бiрақ Ақтiлеу әке сөзiн белден
басып кеттi. Ол қасына осы Қоңырбайды ертiп, жер-жердi аралап, елдi колхозға кiруге
үгiттей бастады. Оның көнбегендердiң басына қамшы үйiрген кезi де болды. Жұрт
толқыды. Сондай аумалы-төкпелi бiр күнi Қоңырбай астындағы атын ақ тер көк‚ тер
ғып шауып келдi. Оның бұжыр бетi өрт сөндiргендей қарауытып кетiптi. Ол ерден
түспестен үйден жүгiре шыққан бұған:
— Бала, атқа мiн! — деп ақырды.
— Е, неге?
— Мiн дегесiң мiн! Екi мес тап...
Бұл әуелгiде мән-жайды түсiне қоймаса да, ел арасының сөзiн ұстағалы
Қоңырбайдың тегiн шаруамен жүрмейтiнiн бiлiп, ауылдың қатын-қалашын тiк
тұрғызып, екi мес тауып алды да, құдықтың iшкенде шекеңнен шығатын суын
толтырып құйды. Қоржынша байланған екi местi былқылдатып әкеп, аттың артына
кесе-көлденең салды. Көзi от шашып, тұяғы қозып, жер тарпын тұрған атына қарғып
мiнгенiнде‚ белi майысып кеткен жануар салмағын ауырлағандай орнынан ытқып кеттi.
Көптiлеу құлай жаздап барып, шақ қалды. Сосын тiзгiндi қолына оңтайлап ұстағасын,
Қоңырбаймен үзеңгi қағыстыра отырып, кебiр топырақты бұрқылдатқан қалпы
Басықарадан ұзап шыға бердi. Ауыл қарасы көрiнбей кеткесiн, Қоңырбай ат басын
Қылышбайға қарай туралады. Сонда ғана Көптiлеу неге келе жатқанын пайымдады.
Кешелерi ағасы Ақтiлеу колхоздасудан қашқан Шөмекей Бозғұлдардың әскерiн
талқандамақ боп, отрядты бастап, Көсеге кеткен едi. Әлi хабар-ошар жоқ. Бұл қашанда
алысты кеуiлiмен де, көзiмен де көрiп, жол сiлтеп отыратын ағасының қандай шаруаға
да жан-жақты ойластырып барып кiрiсетiнiне құдайдай сенетiн. Бұл жолы да оның
Ақмырзаның қолын талқандайтынына зәредей күдiктенген жоқ-ты. Қайта кешегi
заманда мұсылманша оқуымен осы өңiрге дәрпi жайылған беделдi кiсiнi уысына
түсiрсе, қалған шаруасы өз-өзiнен оңала жатады деп ойлаған. Ендi Қоңырбайдың аяқ
астынан әй-шәй жоқ жын қуғандай жетiп кеп, қанжығасына местi таңдырып, мұны ерте
жөнелгенiне iштей таңғалып келедi. Әшейiнде қойны-қонышын жел кеулеп жүретiн
лақуа неме тағы да құр далақпайға ерген шығар? Оның осы ойын растағандай, топ-топ
түскен ат тұяқтары қара жердiң бетiн тынымсыз дүңкiлдетедi. Әсiресе, тақыр жерлерде
бастарын шайқап қойып, желқайықша заулайды. Олар сар желдiрiп отырып‚
Қылышбайдың күзерiне келдi. Сиыр сәске болғасын ба, күн жанып кеттi. Аңызақ аптап