кiсiнiң ерiнiн кептiрiп, тынысты тарылтып, жалынша бет шарпиды. Аспан айналып
жерге түскендей. Төңiректе тiрi қара жоқ. Торғай екеш торғайларға дейiн қаны кеуiп
қаталағандай, екi өкпесiн соғып‚ ауыздарын ашып, дiңi сидиып, қара кеңiрдек боп
қалған жусандардың жарытымсыз көленкесiне тығылып жатыр. Олар қанша жақындап
келсең де, ұшатын емес; қайта осы ыссыда салқа жортқан бұ кiм дегендей, кiшкене
ақықтай көздерi түйiршiктей жылтырап‚ мөлдiрей қарайды. Аузын ашып солықтаған
сайын кiшкене тiлi анық көрiнедi.
— Мына сорлылар да шөлдеген екен‚ — дедi Қоңырбай.
— Айтпа.
— Апырмай, бұлар тегiн кешiкпедi. Бiр пәлеге ұшырамаса жарар едi.
— Қайдам.
Екеуi бiр төбеге жортқан қалыптары екпiндеп шыға келген бетiнде ат тiзгiнiн
тартып, көздерiн күннен қолдарымен көлегейлеп, жан-жағына ұзақ қарады. Ештеңе
көрiнер емес. Мелшиген қоңыр төбелер мен ажырығы сарғайып күйiп кеткен жазықтар
тып-тиыш. Маңайда тiршiлiк белгiсi жоқ.
— Ендi күйттiк?
— Кәке, анау немене?
Қоңырбай Көптiлеу сiлтеген жаққа қарап, тiксiнiп қалды. Шығыс беткейдегi қара
жонның үстiнде екi қара құс далпылдап ұшып жүр. Олар қанаттарын жалпылдата
қағып, биiкке көтерiледi де, кенет төмен қарай құлдилай жөнеледi. Қоңырбай мұны
жақсылыққа жорымады:
— Әлдеқандай өлiмтiктi көрген болар.
— Қайдам. Барып көрсек кәйтедi?
— Барсақ барайық.
Қошқаралы Қоңырбай атын тебiнiп қалды. Олар ала жаздай нәр тамбаған
қоңырлықтың ала шаңын ат тұяғымен ұшыра отырып, үзеңгi қағыстыра жүрiп келедi.
Екеуi сол беттерiмен қара жалға екпiндеп шыға бергенде‚ шашылған патрон, ат дорба,
қалайы құтыларды көрдi. Әлi жел суыра қоймаған ақшыл құм үстiнде адам iздерi
сайрап жатыр. Анадай жерде аударылып қалған жас топырақ. Одан әрiректегi,
ағасының бiр түп жусанның түбiнде жатқан‚ суырған құм көме бастаған бөркiн көзi
шалып қалған Көптiлеу бiрден еңкiлдеп жылап жiбердi.
— Бала, сабыр қыл, иманы жолдасы болсын‚ — дедi Қоңырбай.
Екеуi аттан түстi. Қоңырбай жерге жүрелей отырып, даусын қирағаттап соза құран
оқыды. Сосын: “Тие берсiн!” — деп бiр уыс топырақ шашты.
Мас адамша әнтек-тәнтек басып барып‚ аяғын үзеңгiге сала берген ызалы
Көптiлеудiң көзi сол арада меске түстi. Ол дереу тiсiн қышырлатып, қынынан кездiгiн
тез суырып алды да, местi тiлiп-тiлiп жiбердi. Су жерге лақ етiп төгiлдi. Ол екiншi местi
тiлмек боп ұмтылғанда‚ Қоңырбай жетiп кеп, мұның қолына жармасып:
— Өй, оңбаған! Сенi немене перi қақты ма? Өзiмiз шөлдеп өлемiз ғой! — деп‚
қырылдай айқайлады.
Сонда ғана есi кiрген Көптiлеу дiр-дiр еткен қолымен кездiгiн қынына әзер салды...
Ауылға келгесiн, ол бiрден ауданға тартты. Сол жолы Арал жағынан келген,
Қазалыда қайтадан жасақталған жазалаушы отрядты өзi бастап барды. Қарлан
көпiрiнен өткесiн‚ олар Жаңарық‚ Мойшақ арқылы Сарбұлаққа жетiп, Қуаңның сырт
жағына шықты. Көптiлеулердiң бұл ойын Ақмырза бiлмеген едi. Жасақ Қуаңда отырған
бiр топ ауылға желке тұсынан тап бердi. Тарс-тарс мылтық атылды. Шәуiлдеп үрген ит,
ойбайлаған қатын‚ шырқырап жылаған бала. Әскер ойдағы ауылды дем арасында
қоршап алды. Көтерiлiсшiлер тегiс қолға түстi. Сол арада шеткi жаппадан Iзет атына
мiне сала тұра қашты. Оны еңгезердей бiр кiсi бастаған үш солдат тұтқындап
әкелгенде‚ бағанадан берi тиыш тұрған Көптiлеу кездiгiн қынынан суырып ап‚ оған
қарай тұра ұмтылды. Оны еңгезердей екi солдат шаққа дегенде қолын артына қайырып,
байлап тастады. Ол: