жапон самурайларын да сүйттiк‚ — деп ол әдетiнше қыза сөйлеп бара жатыр едi‚
Көптiлеу:
— Қой әрi, — деп‚ оны тиып тастады. — Немене оларды ақымақ дейсiң бе? Жаудың
үлкен‚ кiшiсi жоқ. Жау да бiр, сырын бiлмейтiн жолдас та бiр. Сырын бiлмесең, жаман
жолдас та қолайлы жерiнде аяғыңнан қырқа шалып, шалқ ортаңнан түсiредi.
— Дегенмен де...
— Бiр самурайды талқандадық деп соншама далия бергеннiң несi жөн? Самурайдан
да өткен сұмырай табылар. Тек тиыштығы болсын де. Жаңа ғана ұйысып, ел боп келе
жатыр ек...
Мақамаш үндемедi. Ол биыл Алматыдағы Ауылшаруашылық институтының соңғы
қурсында оқиды. Жыл өткен сайын мiнезi өзгерiп барады. Қызба. Көптiлеу оның,
әсiресе, аңқылдақтығынан‚ кiсiге сенгiштiгiнен қорқады. Кәзiрде де: “Әлi шикi, iшi де
бiр, сырты да бiр”, — деп ойлап қойды.
— Аға, бүгiн бiрдеме iстейсiңдер ме? Мал байлаулы тұр, — дедi Мақамаш әлден
уақтан соң,
— Ау, оны өзiң де бiлмейсiң бе? Жеңгеңнiң орнына жыл толды. Ата-баба жолымен
жылын берiп, парыздан құтылмаймыз ба? Ол жөнiне. Үш баласымен ағаң қашаңғы қу
тiзесiн құшақтап отыра бередi?
— Сонда... оған әйел алып бермекпiсiз?
— Өй, баламысың деген. Әйтеуiр, бiр бұйырғаны болады да.
— Байғұс балдар қиындық көрмесе...
— Мейiрiмдi бiреу тап келсе де. Дегенмен Пiрмақанның қызындай... — деп,
Көптiлеу тоқтай қалды. Оның есiне бұғағынан үзiлiп отырған құдашасы Ранай түстi.
Соңғы кездерi оң жақтан әлi ұзап шықпаса да‚ сұлу қыздың Ержiгiтпен байласқан
уәдесi бар екен‚ жақын арада бас қосады екен деген алып-қашты әңгiме дүңк-дүңк
естiле бастаған-ды. Сол құлағына шалынысымен, Көптiлеу қанын iшiне тартқан. Жаны
қас атаның баласы биыл стансадағы мектепке мұғалiм боп келгеннен бастап шеке
тамыры тырысып жүргенде‚ мына хабар жұдырық үстiне жұдырықша тиiп, кәпелiмде
есiн жиюға мұрша да бермеген едi. Ендi арғы-бергiнi ойластырып қараса, кеше өзi
тақымының астына басқан жiгiттiң сол құрсаудан ақырындап шығып кетпек сыңайы
бар сиякты. Егер тiзгiнi өз еркiне тисе, тiс қайраған онын күнi ертең келеге келген
бурадай өз егесiне қарсы шаппасына кiм кепiл? Шаптырмау үшiн бураны келеге
келтiрмеу керек. Келенiң көзiн құрту үшiн... Ә‚ солай екен ғой. Әрине, осы араға бұл
килiге кетсе, қоржынның екi басынша тартыса бастаған екi жақтын ешқайсысына да
бұйыртпай, қызды көкпардың лағынша тартып әкете бередi. Оған дейiн осы қаңқу
әнгiменiң ел iшiнде гулеп, тарай түскенi мақұл. Бұл сөз ана Шiлмәнның‚ әсiресе,
Пiрмақанның құлағына шалынса, iсiнiп, аузы долыра бастаған жараның ушыға-ушыға
барып, бiр-ақ жарылатыны рас. Көптiлеудiң көздегенi де осы. Оған дейiн Пiрмақан мен
Шiлмәнның арасының қандай екенiн бiлiп алса, таразының қай басына үстеп салмақ
қосатыны анықталмай ма?
Iшке толық денелi, бидай өңдi қатыны Қалампыр ызыңдаған сары самаурынды қос
құлағынан көтерiп кiрдi. Төрге дастархан жайылды. Ат жал қып бауырсақ төгiлдi.
Қарынға салынған сары май да, iрiмшiк те, сары су да қойылды. Көптiлеу шәй үстiнде
елеусiздеу ғана:
— Осы Пiрекең Көбектегi құдасымен қалай екен? — деп сұрады.
— Кешеге дейiн-ақ аяқ-табақтары қатынасып тұрушы едi.
— Кәзiр ше?
— Ояғын бiлмейiм. Анада құдағайымыз атастырған жерiн менсiнбей отқан.
— Ә‚ солай ма?
— Осы атастырғанды қою керек қой, — дедi сол арада бағанадан берi билiгi қыштап
отырған Мақамаш сөзге араласып.