— Ол өзi... онсыз да қойылып келе атыр емес пе? — деп оны Көптiлеу жақтырмай
қалды.
— Әлi де бар. Ескiлiктiң түп тамырына балта шабу керек‚ — деп дәл бiр балта
шабатындай ол қолын сiлтеп қойды.
Көптiлеу тыжырынып, қабағын шытты:
— Ал шаптық. Сосын не болады?
— Сосын не болсын‚ өмiр жаңаша болады. Әркiм жаны қалағанын алады.
— Қарағым-ау, кеше ғана бiз де сүйдегенбiз. Ескiлiктi құрталық дегенбiз. Кәзiр
байқасақ‚ сол ескiлiктiң жалғасы мына бiздер екенбiз. Ендi жастар, ескi деп бiздi
құртсаңдар, кейiнгiлер де ескi деп сендердi құртады. Сонда бұ қалай болады‚ а? Рәсiм,
ата жолы дегендер қайда қалмақ? — деп ол iнiсiне сынай қарады.
— Дәстүрдiң жақсысы бар, жаманы бар.
— Жарайды, дұрыс делiк. Мысалы, әмеңгерлiк — ескi салт. Бiреудiң әйелi шиеттей
бала-шағасымен жесiр қалды дейiк. Оны алған басқа кiсi өзгенiң балдарына өз
әкесiндей бола қоя ма? Бола алса‚ жақсы. Бола алмаса, қиын. Ал, байға тимесе,
жаңғызбасты қатын бiр үйдi қалай асырайды? Мұндайда қазақ жесiрiн туған iнiсiне, не
бiр ет жақынына қосады. Ондайда бала-шаға жетiмдiк көрмейдi. Өз ағасынын баласы
не, өз баласы не, бәрi бiр емес пе? Сенiңше бұ қалай?
— Бұл — ескiлiктiң қалдығы. Мемлекет жетiм балдарға жәрдем бередi, балдар үйiн
салады...
— Ол әзiр бiздiң елге жете қойған жоқ қой.
Мақамаш қарсы дерек таба алмай, қызарақтап қалды.
Көптiлеу кесесiн қолына ала берiп, үнсiз жымиды. Сосын қою шәйдан бiр ұрттады
да, өңешi күйгендей боп‚ қабағын кiржиттi. Жаңа ғана қызарақтаған iнiсiнiң жүзiне
шапқан әлдеқандай әжуаның iзiн байқап, шытына қалды. Есiне бiр бүйiрiне көмбедей
ғып тығып тастаған, баяғы бiр құпия сыры түстi. Сол-ақ екен‚ ескi жара қан қақсап қоя
бердi. Көз алдынан Ақмарқаның сылқым сымбаты елестеп өттi. Айтып-айтпай не
керек‚ қыздың бұған дегенде ынта-ықыласы басқаша едi. Сол жақсы күнiн ағасының
ажалы әдiрә қалдырды. Әкесi зорлағандай қып, Көптiлеуге жесiр қалған жеңгесi осы
Қалампырды некелестiрдi. Әбдiрей: “Қатын ерден кетсе де, елден кетпейдi деген. Келiн
бала-шағасымен қаңғып қайда барады? Ертең бұл кәртейсе‚ тоқал аларсың”, — дегесiн‚
өзi де ауаланып, онша азар да безер болмаған едi. Басы байлаулы Ақмарқа жүгенiн ала
қашпас деп ойлаған. Сол жылы мұның сорына “Бiрлiкке” басқарма боп Шортан дейтiн
құрбақабет бiреу келдi. Өзi етi тiрi неме екен‚ шаруаны тасқаяқтай қағыстырды.
Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермей, жалпақ елдi бiр өзi билеп-төстедi. Аз уақыт iшiнде
колхозды аяғынан тiк тұрғызып та жiбердi. Бiрде орайын келтiрiп, бұған кеуiлi суынып
қалған Ақмарқаны алып та үлгердi. Соны көрiп‚ Көптiлеу сең соққан балықтай болды.
Дымын сыртына шығармай, iштей азарланды. Көзiне күйiк болған Ақмарқаны көргiсi
келмедi. Ақыры мұның көктен тiлегенiн жерден берiп, соңғы бiр-екi жыл көлемiнде
колхозды теспей сорған Шортан басқа жаққа ауысты. Кетерiнде ол басқармалыққа
мұны ұсынды. Сонда-ақ Көптiлеудiң ойы өзгерiп сала берген болатын. Iшiнен бiреу
шыжығын көредi, бiреу қызығын көредi деп түйген. Қарап отырса, колхоз үшiн жанын
жалдаған ағасы не сый-сияпат алды? Ол аздай‚ мұның мойнына қамытын iлiп кеттi.
Ақмарқадан тiрi айрылып, жеңгелей қосылған Қалампырдың үстiне бөтен бiреудi
түсiре алмай‚ жер соғып қалған бұл өмiр ағысын өзiнше жорамалдаған. Әкесiнiң
қауқары барда ағайынға билiк бермей, бас пайдасын көздейтiн дағдысын ұстанғанның
еш ерсiлiгi жоқ деп бiлген. Бертiн келе осы ниетке қатты бекiнiп те алды. Ақмарқаның
орны толмаса да, отбасының шаруасына алданып, байсалды тартты. Ожар, ұрдажық
мiнез де шығарды. Өз дегенi аяқ асты болатын тұста бiлегiн де, айласын да қатар
жұмсаудан тайынбайды. Бiрақ Ақмарқаның орны бөлек едi. Кәзiрде де ет-бауыры
езiлiп‚ түсiнiксiз бiрдеме өзегiн өртеп‚ кеуiлi алабұртып отыр. Ол бiр сәт өзiне iнiсiнiң
қарағанын байқап қап‚ бойын тез жинап ала қойды.