Стр. 47 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

9
Қымбат, асыл түктi қызыл ала кiлем төселген үлкен бөлме күндегiге қарағанда,
төбедегi аспалы ондық шамның жарығымен жайнап кеткен. Қабырғаға тұтылған‚ түгi
қарыс келетiн түрiкпен кiлемдер бедерiн бермен бере бастапты. Пырылдай жанған шам
сәулесi жайыла түсiп тұр. Неше түрлi қошқар мүйiз, айшығы көп әсем өрнектер өзгеше
бiр дүниедей құбылып көрiнедi. Төрде жағалай отырған осы ауылдың шалдары
әлденеден қымсынғандай, көн шалбарларын анда-санда қаудырлатып, қозғалақтап
қояды. Әсiресе, осы үйге күнде келiп, кетiп жүрсе де, өмiрi бұ бөлмеге басын сұғып
көрмеген шұбарбет Дәуiттiң берекесi қашып кеткен. Ол абдырап, не iстерiн бiлмей,
астына төселген шәйi көрпенiң бiр шетiнен шығып тұрған кiлемнiң майда тықыр түгiн
мүйiзгегi бар алақанымен ақырын ғана сипап қойды. Тек малдас құрған күйi қаққан
қазықтай шаншылып отырған Пiрмақан ғана сыр берген жоқ. Оның қалыңдау түрiк
ернi сәл жоғары көтерiле түсiп, қара сұр жүзi ымырт қараңғылығында тып-тиыш
жатқан дария бетiндей күңгiрт тарта көрiнедi. Өзi сөзге сараң. Өзiнiң мына одан-бұдан
жиналып қалған жаман шалдардың ортасында еңсесi көтерiлiп, айдыны таса түскендей.
— Сонымен Iзет не дейдi? — деп дуадақтай теңкиiп жатқан бiр шал Дәуiтке қарай
аударылып түстi.
— Не десiн‚ жаздым, жаңылдым дейдi.
— Ол ана жылы Ақмырза көтерiлiс ашқанда, оң қолы боп едi. Соған
қосылмағандарға Iзеттiн тiзесi айрықша батқан көрiнедi. Бiз басы-қасында болмағасын,
бiле бермеймiз ғой. Бұ заңғардың не iстемегенi жоқ.
— Сонда ол не iстедi?
— Ой, Дәуiт-ай, не iстедi дерiң бар ма, ол ана бiр жылы бiздiң үйге кеп‚ сарбаздарға
ат керек деп бiр үйiр жылқымызды айдап әкеткен.
— Ана Куаң жақтағы жасырын ұстап жүрген жылқыңды ма?
— Ойбүй‚ мына байғұс‚ — деп екiншi бiр шал күңк етiп, жастыққа қисая кеттi.
Қатты қызарып кеткен Дәуiт тiлiн тiстей қойды. Қуаң бойындағы осы жасырын
жылқы Көптiлеудiң әкесi Әбдiрейдiкi едi. Соны мына отырған iлiк-шатыс
жамағайынына бақтырып қойған болатын. Тек қана сыр бермеген Көптiлеу даусын
созып, әңгiменi әрi қарай жалғастырды:
— Бiр үйiр жылқы алса, саған еткен базынасы болар. Ол жылдары кiмдi кiм
таламады? Бiздiң де азын-аулақ малымызға қол салды. Осы Iзет келiп, әкемнiн
астындағы атын тартып әкеттi. Сонда да үндемей отырмыз ғой. Өткеннiң бәрiн
қазбалай берсеқ ел боламыз ба?
— Өй, бәрекелде!
— Өркенiң өссiн!
— Мiне, дұрыс сөз!
— Iзет қай бiр жетiскенiнен iстедi дейсiң‚ — дедi жұрттың назарын өзiне аударып
алғанын сезген Көптiлеу. — Ол кiм айтақтаса, соның итi болған жоқ па? О да бiр,
кiмнiн тарысы пiссе, соған жүгiрген тауық та бiр.
— Айтпа.
— Ал, ағайын‚ — деп Көптiлеу сөздiң бетiн ақырындап басқа жаққа бұра бердi. —
Мына бiр көптен берi ойда жүрген шаруа едi. Қанша десек те‚ ескiлiгiмiз қалмайды.
Ата-баба жолы деп...
— Оған сөз бар ма.
— Жөн-ақ‚ — деп шалдар бастарын шұлғысты.
— Иә, ата-баба жолы деп осы бiр құда жолыны жасап жiбергендi мақұл көрдiк. Кәзiр
заманның бет алысы бөлек қой. Естуiмше, жұртты жаназаны да түнде шығаратын
болыпты дейдi.