Стр. 48 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

— Ол рас.
— Соны ойлап, қас бар, дос бар дегендей, өзiмiзге қараған кiсiлердi ғана шақырдық.
— Көптiлеужан‚ ояғынан қам жеме.
— Бiзден бөтен сөз шықпайды.
— Ендеше бәтуә осы болсын. Әй, шәй әкелiңдер!
Төрге көлдей ақ дастархан жайылды. Ақ бауырсақ ат жал қып төгiлдi. Жент те,
қарынға салынған сары май да қойылды.
— Иә, бiссiмiллә! — десiп, шалдар тамаққа қол созды.
Төменгi жақта жайғасқан ашқарақтау Дәуiт ештеңеге қарамай, обып барады.
Тек Пiрмақан ғана сабырлы қалпын сақтады. Бауырсақтан ауыз тидi де қойды.
Қолына ұстаған кәрлен кеседегi сүт құйылған қою шәйдi баппен iшiп отырып, кеуiлiнiң
бiр түкпiрiнде жатқан бөтен бiр ойдың әлi де мазалап жатқанын байқады. Арам өлсе де
есепсiз аяқ баспайтын Көптiлеудiң осы басқа бiр көздегенi жоқ па екен? Неге бүгiн тым
сонша жалпылдап кеттi? Қой, үйтпес. Үйтiп не көрiнiптi? Не десе де осы құдалығы
өзiне майдай жағып едi. Қызының көзi тiрiсiнде астық демей, ет демей науадай кұйып
тұрған-ды. Сол былтырдан берi саяқси бастады. Тек бүгiн ғана Көптiлеу дәулетi
орталанып қалған бұған жылы шырай көрсеттi. Сондағы мақсаты не? Берiммен
ағайынның түсiн жылытып алу ма? Әлде мұның ойлағаны... Жоқ, мүмкiн емес. Не
көрiнiптi? Баласындай боп көз алдында бұлғаңдап өспеп пе едi? Ендi соған салмақ
салуға бет-жүзi қалай барады? Қой, үйтпес. Әгәр үйдемесе‚ сонда не iстемекшi? Бөтен
бәлекей алып бермек пе? Нағылса да ана бишара жетiм балдардың құдай көз жасын
көрiп, мейiрiмдi бiреудi маңдайларына жазсын де! Қара сұр шал осыған тiрелгенде ет-
бауыры елжiрей, iш жағында оянып бас көтерiп келе жатқан аяныш сезiмiне бiр сәт
берiлiп босаңсып отырды да, кенет шұғыл сiлкiнiп, бойын жинап ала қойды.
— Ал, пәте iстемеймiз бе?
Шалдар қолдарын жайды. Бұ да қолын жайды. Қақ төрдегi ақсақал ас қайырды.
Батадан соң беттерi сарғыш тартқан “Құранын” аспалы портфелiнен алып, молда сүйек
сырқыратарлық әдемi зарлы дауыспен сүренi сарната жөнелдi. Кей жерлерде үнi
жетпегендей, тамақтан қылғына айтады. Кейде кеудесiн ащы өксiк буғандай аңырата
бастайды. Оның ақ сұр жүзi шам жарығымен көлеңкелене қоңыр тартып көрiнедi. Жұқа
түзу мұрнының астыңғы жағында әп-әдемi боп қиылған қою қара мұрты анда-санда
әнтек дiр ете түседi. Ол бiреудiң азасын шығарып отырғандай емес, ән айтып отырған
сияқты бiтеуленiп алыпты. Мына шалдар да демдерiн iштерiне тартып, сыртқа сырын
шашпастан томаға-тұйық отыр. Тек олар “Құран” дұғасы аяқталып қалғанда барып,
“Иә, рәһман рәһим!” — деп‚ тез-тез күбiрлесiп, қолдарын жайды. Сосын өлi аруаққа тие
берсiн дедi де, беттерiн сипасты. Бұл да бетiн сипады. Иә, өлгеннiң артынан өлмек жоқ.
Тiрi кiсi тiрлiгiн қылады. Кәзiр мына шалдардың үйден шыға бере-ақ өз от басының
шаруасымен мүлде дым болмағандай айналысып кететiнi шын. Тек ата-ана кеуiлi ғана
ортайып қалады. Бiрте-бiрте о да басылады. Бәрi де ұмыт боп, келер өмiрдегi татар
ырзық-несiбесiн терiп жеуге тырысып, әркiм өздi-өзiмен болып кетедi. Несi бар, өмiр
заңы солай. Ертең осы туыстықтың iзi өшедi. Жаңадан түскен бәлекей бұларға
жиырыла қарайды. Бұрынғы науадай құйылып жатқан қара азық та, ет те сап тиылады.
Сол арада Пiрмақан iшiнiң өртенiп бара жатқанын сездi. Жастайынан малқұмар бұған
бұ да бiр ауыр нәубет. Амал жоқ, көнедi де. Әлде сүйтсе... Пiрмақан өзiнiң бiр бозарып,
бiр қызарып отырғанын сездiргiсi келмей‚ тiктелiп отырды.
Ет желiндi. Тағы да “Құран” оқылды. Тағы да шәй iшiлдi. Түннiң бiр уағы болғанда‚
ауырлап кеткен денелерiн босатысып, үй егесiнен лұқсат алған ауыл шалдары тарай
бастады. Олар кеткесiн, абажадай бөлмеде шоқиып-шоқиып Пiрмақан, молда,
Көптiлеу, Ертiлеу төртеуi ғана оңаша қалды, Көптiлеу әлi де айтар шаруасы бардай,
сарғыш бетiнiң боз түгiн сыртына шығара сызданып үнсiз отыр. Басқалар да батып тiс
жармады. Бөлме iшiнде ауыр тыныштықтың орнағаны сонша, төбедегi аспалы ондық
шамның пырылдай жанғаны естiлiп тұр. Әлден уақыттан соң барып ұзақ ұйқыдан