оянғандай, кеудесiне түсiп кеткен басын Көптiлеу кiлт көтерiп алды да, жанындағы
кiсiлерге сынай, ақырын көз тастап шықты. Сәлден кейiн барып:
— Ал, Әбеке, — деп молдаға бұрылды. — Кәзiр заман қызық боп тұр ғой. Осы
үкiметтi өзiмiз қолдап, өзiмiз орнатыссақ та, ескi әдетiмiз қалар емес. Мына
Ертiлеужанның үлкенi биыл жетiге толады. Әлi сүндеттелген жоқ. Соны...
— Кәке-ау, түн iшiнде қиын ғой.
— Iждеме етпейдi, шамды жарығырақ етiп жағармыз. Әй, баланы әкел!
Қалампыр төргi бөлмеден әлi ұйқысын аша қоймаған ақ сары баланы қолынан
жетектеп әкелдi.
— Кел, балақай, мына жерге жата ғой. Қорықпа, дәнеме де етпейдi, — деп, молда
оны қасына шақырды.
Бала аяғын батылсыздау басып, молданың жанына келдi. Қалампыр оны кұрақ
көрпеге шалқасынан жатқызды да, сырттан бiр қалақ күл алып келдi. Баланың аузына
әйдiк токпақтай шекер тықты. Бала тәттiнi сорып, қаннен-қаперсiз жатыр.
— Балам, жақсы екен‚ — деп молда оның шүметейiнiң ұшын уқалап бiраз отырды
да, кенет: — Бiр, екi, бес, шайтанның басын кес! — дедi.
Бала бақырып жiбердi. Аузына тыққан шекерден даусы жөндеп шықпай қалды. Екi
аяғын‚ екi қолын Көптiлеу мен Ертiлеу ұстап жiбермедi. Артынша қан аққан жерге
удай ашытып күл септi.
— Мiне, ендi мұсылман болдың.
— Құтты болсын!
— Ал, Пiреке, — дедi Көптiлеу салмақпен‚ — құдай қосқан құда едiк. Ойламаған
жерде мынадай жағдайға ұшырадық. Жиендерiң мынау, алды жiгiт боп қалды.
Тағдырдың жазғанына не дауа бар? Ендiгi дедiгiм, осылар жетiмдiк көрмей өссе
дегендiк.
— Жөн-ақ, — дедi Пiрмақан.
— Мынау отырған iнiмiз, күйеу балаң — әлi де өз балаң. Баяғы кеуiл — кеуiл. Қас
бар, дос бар, елге күлкi болмай, келешекте де қатысып тұрармыз деп ойлайым.
— Одан асқан не бар. — Пiрмақан босай бастады.
— Топырағы торқа болғыр келiнiмiз қандай едi. Кiсi алдынан кесiп өтпейтiн едi.
Пiрмақан үнсiз солқылдап жылап жiбердi. Көз жасы ондық шам жарығына
жылтырай шағылысып, бетiне ығалды iз сала төмен қарай сорғалады.
Көптiлеудiң күткенi де осы едi:
— Ендiгi арманым — iнiмнiң отауын жықпай, аяқтандыру. Мына балдардың бағына
мейрiмдi бiреу тап келсе деп құдайдан күнi-түнi тiлейiм.
— Оған не сөз бар.
— Балдардын маңдайы бiледi де.
— Талайына жазылғанын көредi де.
Олар аз үнсiз қалды. Әркiм өз ойына шомып кеттi. Тағы да шәй келдi. Шәй
жиылысымен, Пiрмақан мен молда ұйқы қысқан көздерi құм түскендей қызарып, осы
үйде қисая кетер ыңғай байқатып едi, Көптiлеу бұлар күтпеген тосын бiр әңгiме
бастады:
— Ал, ағайын‚ өкпелей көрмеңдер. Қонам десеңдер, үй жетедi. Бiрақ ертеңгiнi де
ойлайық. Азанда осы үйден шығып бара атсандар‚ көршi-қолаң бар дегендей‚ неше
түрлi әңгiме тарайды. Болмағанды болғандай қып өсiрiп айтады. Оның арты онша
жақсы бола қоймайды. Өздерiң бiлесiңдер, мен сендерден үйдi қызғанып отқан
жоқпын.
— Дұрыс қой. — Пiрмақан: “Бұл жат тарта бастағанының алды”, — деп ойлап
қойды.
— Оның рас, қой, қайталық, — деп молда орнынан қолымен жер таянып тұра бердi.
Кетерде Қалампыр молданың қолына бiр буат ақша ұстатты. Пiрмақанға: