қып жаратқасын қиын көрiнедi. Өз теңiмдi таптым ба деп жүрмiн‚ — деп салғанын
байқамай да қалды.
— О кiм?
— Осы ауылдың жiгiтi.
— Ержiгiт пе?
Ранай ұрлығының үстiнен кiсi шыға келгендей қатты қысылып, демде өрттей
қызарып кеттi.
— Ә, бiлдiм. Әр жағын айтпай-ақ қой. — Нұрсұлу күрсiндi. Иiрiп отырған ұршығын
жанына қоя салып, қызының бетiне тура қарады. — Қарағым-ау, өз заманында не
iстейiм десең, өз еркiң. Сонда құдаларды кәйтемiз? Олар ертең берген малын даулап
келсе, не беремiз? Сатынып-суынатын iрi қара қолда жоқ. Сен бiздiң жағдайды да
ойлап көрдiң бе! Жарайды, iлiп алар дымы жоқ, қураған жаңғыз бастыға тиерсiң.
Сосын ертең қалай күн көресiң? Киер киiмге, iшер тамаққа жарымай, жылап өтесiң ғой.
Онан да бiр орынды жерге бармайсың ба? Iрә болмаса ана мәстiрдiң баласының
етегiнен ұста. Ол сенi қор қылмайды.
— Апа...
— Қой, бөлме сөзiмдi. Не десең де балалық жасап отсың. Кәзiр албырттықпен
тиерсiң, бәрi бiр ертең бармағыңды шайнайсың. Не бiр сылқым жiгiттер сөз салғанда
көнбеп едiң. Сондағы тапқаның осы ма? Қураған қубас, жалаңбұт әлдекiмге қыз беретiн
жағдайым жоқ. Қашып кетсең, аналық ақ сүтiмдi аспанға сауам. Бұ дүнияның жүзiнде
дидарыңды көрмейiм.
— Апа, дүния деген не‚ қолдың кiрi емес пе?
— Әй, шырағым, сен әлi не бiлiп болыпсың? Таңдағаның пәпкi ұстаған әкiм де емес,
қара жұмысшы. Не дәулетi жоқ‚ не тiреп тұрған дөкей ағайыны жоқ.
— Теңiзбаев ше?
— А-а? — Шешесi аңтарылып қалды. — Қой, қарағым, оның бастық болса, жөнiне
бастық. Бұған не қайраны тиiп атыр? Онан да айтқанды тыңда. Шiлмәнның баласына
барсаң, екi қолыңды жылы суға маласың да отырасың. Не iшем, не кием демейсiң. Тоғы
шайқалмаған жер.
Ранай үндемедi. “Бермесеңдер, қашып кетем”, — дедi iшiнен. Осы сөздi оп-оңай
айта салса да, бiр сәт соны жүзеге асыру кейiн қиынға соғып жүрмес пе екен деген
сумақай күдiк кеуiлiн лезде торлай қап, қабағына кiрбiң шапты. Iзiнше жаңа ғана
шешесiне шынын айтып салғанына өкiндi. Оның осыншама сұғын қадап сұрағанына
қарағанда‚ мән-жайды не бiлген‚ не ұзын құлақтан хабар естiген. Әрине, ел арасында
пыш-пышты өсiрiп, еселеп жеткiзетiн төмен етектi қатындар жыртылып айрылады. Бiр
Үрзияның өзi сүттей ұйып отырған екi ауылды қоңсы қондырмайды. Бұл әңгiме оның
құлағына шалынса, сөз жоқ, шынды құдай ұрғандай қып, әрi мен сәнiн қырық құбылта
жетiлдiрiп, неше саққа жүгiртiп, енесiнiң құлағына қорғасындай етiп құйып кетуi
айтпай-ақ белгiлi. Оны құлағы шалған шешесiнiң көкбеттiкке салып, мұны ана
айттырылған жерге қол-аяғын байлап-матап беруге жүзi де жанбайды. Әкесi болса,
оның ар жағында. Ескi десе өлiп түсетiн қара шалдың бұ сөздi ести қалса, ерiн
бауырына алып тулап, дүниенiң шәт-шәлегiн шығаратынына сөз жоқ. Жаңа шешесiнiң
мысықтабандап отырып мұның сырын бiлуге тырысқанына қарағанда‚ бiрдеменiң
ұштығын әкесiне жеткiзген де сияқты. Онда жағдай қиын. Ежелден тiсi бар руының
баласына қыз бермек түгел қазақшылықты да ұмытып, үйiнен қара су да татқызуға
пейiлдi емес. Соны көре-бiле тұра бұл морт мiнездi әкесiнен қандай мейiрiм, қандай
жақсылық күтедi? Мұның бәрi түптеп келгенде жас баланың ана сүтiн емгендей өз
саусағын сорған алданышындай емес пе? Алданыштың ақыры жер соқтырып кетсе
кәйтпек? Онда қара жерге өрт қоясың ба, жоқ әлде ана Жамал сұлудай боп... Болмаса
“қос қанат құсқа бiткен маған бiтсе” деп... Шынында‚ екi аяқты пенденiң қанаты жоғы
жаман. Онсыз айналаңның ырду-дырдуымен басың мәңгiрiп жүргенде‚ жұмыр жердiң
бетiнде не болып не қойып жатқанын‚ осы өмiрдiң қандай болашаққа барып ұласар