тұсын зеңгiр биiктеп анықтап көре алмайсың. Көрмеу көрсоқырлыққа барып ұласады.
Көрсоқырлық та бiр — миғұла да бiр. Құмырсқаның илеуiне тек миғұлалар ғана керек.
Олар ауыздарына тiстеген бiр-бiр дәнi бар масақтарына қанағат етiп‚ алдыңғы арба
қайда жүрсе дегендi мирас қып‚ тiршiлiктiң арзан‚ ыржақай қуаныш-сүйiнiшiне мәз
болады. Сонда Ранай да сол топтың шылауында кетпек пе? Әлде одан ұзап шыға ала
ма? Бұл, әрине, сүйтедi. Ержiгiт те мұны қоштайды. Тек қызды жiгiттiң жанбай жатып
сөнетiн оттай рай байқатып‚ жұлқынып алға шығатын тұста именшектей беретiнi
ойлантып тастады. Әлден көлеңкесiнен қорыққан жан ертең жан алысып‚ жан берiсетiн
тұста қажырланып, қайрат қыла алар ма екен? Әлде Жамал сұлудың сүйген жiгiтiндей
боркемiк тартып, бас сауғалап, жөнiм қайдасың деп басы ауған жағына тайып отыра
ма? Ондай жағдайда бұл нағылмақ? Бұрынғының қыздарынша талайына жазылған
тағдырына бой сұнып, есалаң Малбағардың шылауында пенде боп кете бере ме? Жоқ‚
бұл басқаша қайрат көсетедi. Аянбай тартысқа түседi. Сол сәт қыздың кеуiлiнде басқа
бiр сумақай ойдың шетi қылт-қылт еттi. Ал тартыс, бiрақ жiгiт жеме-жемге келгенде
сенен қол үзiп кетсе кәйтесiң? Оны зорлап дегенiңе көндiресiң бе? Көнсе‚ жақсы.
Көнбесе, бар тартысың ақыл-есi кiрмеген жас баланың әке-шешесiне жасаған
қияңқылығы сиякты боп қалмай ма? Ранай дiр ете түстi. Ой торлаған қара көзi
әлденеден үрiккендей төңiрегiне жаутаңдай қарап, маңайындағы қара-құрадан көмек
дәметкендей елеңдеп отыр. Iзiнше осы қалпын ерсiсiнгендей сабыр шақырып, күрсiне
терең дем алды да, ұршық иiрiп отырған шешесiне ұрлана көз тастады. Нұрсұлудың
баяғы қалпы: шағаладай ақ жаулығы қақырайып, бiр талдап созған шүйкесiне ойлана
қарап қалған. Ранай көзiн тайдырып әкеттi. Әлгi қырсық шалған сумақай ой бiреу
шегелеп қағып тастағандай басынан кетпей қойды. Ал жiгiт дәрменсiздiк еттi дейiк.
Сонда сен не етпексiң? Малбағармен бiрге ащы-тұщыны бiрге татып, көп салпы етектiң
бiрi боп жүре бересiң бе? Қой, айта көрме! Үйтiп азап тартқанша... Ранай шынымен
сүйтерiне иланды. Ол үшiн қолынан келгенiнiң бәрiн де iстейдi.
Соған бел буған Ранай тас түйiн боп отыра бердi.
Түн ортасы ауа Пiрмақан келдi. Босаға жаққа ет салынған қапты былқ еткiзiп тастай
салды. Сосын шешiнiп, салулы төсегiне қисайды
— Иә, не бiтiрiп қайттың?
— Жылын бердiк.
— Байғұс балам-ай, — деп Нұрсұлу көзiне жас алды.
— Әтеңелеттер, адам боп қапты. Ана жиендерiңдi айтам. Шетiнен монтиып тұр.
Көптiлеудiң сөз iләмiне қарағанда, iнiсiне бәлекей алып бермек-ау. Ана жетiм
сорлылардың маңдайына мейiрiмдi бiреу тап келсе де.
— Анасыз жетiм хас жетiм деген...
— Не айтары бар. — Шал берi аударылып жатты. — Ал өзiң не бiлдiң? Рас па екен?
— Рас боп шықты.
— Сен не дедiң?
— Жетесiне жетер болса, бiраз сөз айттым,
— Ендеше, бүгiннен бастап үйден бисеубет шығарма. Ертең құдаларға кiсi жiберем.
Жесiрiн алатын болса, алсың‚ алмаса, лұқсат берсiн дейiм.
Ранай әкесiнiң сөзiн анық есiттi. Қатты абыржып, жастыққа аузын басып, тым-тырыс
ұзақ жатты. Әке-шешесi қайтып үн қатқан жоқ. Ойы әр саққа шауып, ол түнiмен көз
шырымын алмады. Есiне қайта-қайта кеше Күлбарамнан естiген Қызкүмбездiң
хикаясын ала бердi. Сүйтiп жатып‚ көзi iлiнiп кетiптi. Азанда тұра сала терезеден
қараса‚ Қызкүмбез паң ажарын күн сәулесiне тосып‚ қасқая қарап тұр.
Ранай оған қатты қызықты.