11
Соңғы күндерi Ержiгiттiң аяғы сайдан сайға тимедi. Таңертеңнен ауылдағы
кiсiлердiң тiзiмiн алып, әр отбасына қанша керпiштен келетiнiн есептеп шықты. Күн
көтерiле ауыл советтiң председателi Елеусiнге барды. Екеуi отырып, ұзақ ақылдасты.
Ақыры кешкiсiн ауыл азаматтарын кеңсеге жинап алды. Пiрмақан‚ Сәдiрмақан‚
Төребай, Тышқанбаев және басқалар отырып болғаннан кейiн‚ Елеусiн мән-жайды
түсiндiре келе:
— Мектеп болмағасын, ауыл балалары қалаға барып оқи алмай жүр. Ендi соған
арнап үй салсақ, қара баллар осында оқиды. Бұл жақсы емес пе? Бiз бүгiн Ержiгiт
екеумiз есептеп шықтық‚ әр отбасына бес жүзден керпiш басу керек екен. Ол деген
бұйым боп па, он шақты күнде басып бiтiресiңдер. Сосын асар салып, мектептi күзге
дейiн салып бiтiрсек‚ оқушылар бiр қуанып қалмай ма? — дедi.
Пiрмақан басын төмен салып жiберiп‚ үнсiз отыр. Елеусiн қыңыр шалға жақтырмай
қарады:
— Ал, Пiреке, не дейсiз?
— Қарағым, бұйырсаңдар, орындаймыз да, кәйтемiз, — дедi Пiрмақан былқ-сылқ
етiп.
— Пiреке, бұл бұйрық емес, қатысам десе, әркiмнiң өз ықтияры.
— Онда, жақсы екен. — Шал жымың ете қалды. — Мәсәлән‚ менiң оқитын балам
жоқ, сонда мен неге керпiш басуға тиiспiн?
— Ау, сенiң балаң оқымаса, басқалардың баласы бар емес пе?
— Басқада менiң шаруам қанша?
— Ақсақал‚ ондай ынтымақ бұзатын сөздi айтпаңыз, — дедi Елеусiн қабағын
шытып. — Үлкен кiсiсiз, жас адамдардың көзiнше олай дегенiңiз ұят емес пе? Бұл —
көпшiлiктiң жұмысы. Көппен көрген ұлы той деген. Ел ықыластанып жұмылып
жатқанда, сiздiң шанышқыдан жырылған балықтай жырақ қалғаныңыз жарамайды.
Олай жырақ қалдырмаймыз да. Әлiмұрыққа жететiн болсақ, осы кезге дейiн дара-дыру
жүрдiк қой. Ырыс алды ынтымақ деп халық бекер айтпаған. Кәне, мына тiзiмге
жазылыңыз, мың керпiш.
— Қалайша мың? — Пiрмақан бiреу етiне бiз сүғып алғандай ыршып түстi.
— Сәдiрмақан ше?
— Ау, ол балам емес пе? Бәрiмiз бiр үймiз, ол әлi еншi алған жоқ.
— Еншi бермей жүрген өзiңiз шығар, ол да ел қатарлы азамат, жұмыс iстейдi, үйлi-
баранды. Сонымен мың керпiш.
Пiрмақан қыңырайып үндемедi.
Жұрт тiзiмге жазылып болды. Кезек Қыжымға келгенде‚ Елеусiн ойланып тұрып:
— Оны жазбай-ақ қойыңдар. Азаматы жоқ әйел адам керпiш баса алмас, — дедi.
Ержiгiт кеңседен қуанып шықты. Түнiмен болашақ салынатын мектеп үйiнiң
сұлбасы көз алдынан кетпей қойды. Ертеңiне таң алакеуiмнен тұрып, балшық илеп,
қамба жасады. Бұл кезде жұмыстан қолы бос Төребай да лай илеп жатыр екен. Одан
әрiректе Пiрмақан күлдәрi дамбалының балағын түрiп жiберiп, жүн-жүн балтырына
дейiн келетiн саз балшықты кешiп жүр. Қасында Сәдiрмақан. Анадай жерде олардан
бөлек тұста Кәдiрмақан қалыбын көтерiп, алғашқы шикi керпiштi тастап та үлгерiптi.
Дабырласқан жұрт кеуiлдi-ақ. Жұмыстың пiрi бар деген рас екен‚ Ержiгiт те
ықыластанып‚ қызу кiрiсiп кеттi. Түнiмен бөгiп шыққан қою балшықты кетпенмен
сыртқа лақтырып болғасын‚ шеге топыраққа араластырып, қалыпқа сарт еткiзiп ұрып
қалады. Сосын ағаш қырғышпен бетiн тегiстейдi де, қос қолымен көтерiп ала жөнеледi.
Тақырдың алыстағы шетiне жете бере‚ шалт қимылмен қалыпты жерге қоя сап,
етпетiнен түсiредi. Сосын қалыпты ақырындап‚ жоғары суырғанында‚ екi қам керпiш
тақыр үстiнде томпиып жата бередi. Ол осылайша бiрнеше қатарға керпiш тастап
үлгергенiн де андаған жоқ. Өзi кеуiлдi-ақ! Ара-арасында ыңылдап ән де айтып қояды.