Стр. 54 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

Не десең де алғаш рет көпшiлiктiң басын қосып, үлкен бiр iс бастады. Керпiш басылып
болғасын‚ ертең ұста жалдап, мектеп үйiн тұрғызады. Күз болғанша сыңғырлаған төрт
бөлме дайын тұрса, биыл қыс бойы тоңып, парта жетпей шыққан қара сирақтар қалай
қуанады десеңшi! Жаңадан салынған пешке көмiрдi төпеп салып жiберiп, класс iшiн
жып-жылы қып қойып, әдәбиеттен не тарихтан сабақ айтқан қандай рахат! Ондайда
оқушылар да тоңғанын ұмытып, бәрi көздерi алақандай боп, өздерiне бимәлiм бiлiм
теңiзiн бойларына сiңiрейiн деп, ықылыстана тыңдайды. Бұл бiлгенiн аяп қалмайды.
Асылы iстеп жүрген жұмысыңды бағалайтын кiсi болмаса да, сөзiңдi тындайтын
адамның болғанына не жетсiн! Бұл сонда тарих сабағының үстiнде өз өлкемiзде де
жұрт таң қаларлық‚ үлгi аларлық уақиғалар көп деп, мына Қызкүмбездiң кеше Төлес
Әлмақаннан естiген хикаясын жыр қып айтып бередi. Аталарымыздың ескi замандарда
да бүгiннiң кәдесiне жарар ескерткiштер соққанын мадақтайды. Өй, сосын несiн
айтасың! Ержiгiт күлiмсiреп қойып, керпiштi баса бердi. Ойында — Ранай. Ендi соны
үйiне кiргiзсе, шаңырақ көтерсе, ол да бiр ғанибет емес пе? Оның не сөкеттiгi бар?
Сонау жылы әке-шешесi Бұқар асқанда құлаған отауын қалпына келтiрiп, ел қатарлы
өмiр сүрсе, оның несi айып? Мына қысқа өмiрде мұның да маңдайына жазылған ырыс,
несiбе, жар, бала сүю бар шығар? Бәрiнен де кешкiсiн жұмыстан шаршап-шалдығып
келгенде көк түтiнi көңiрсiген өз үйiнiң төрiнде емiн-еркiн жатқанға не жетедi! Тек оны
соңғы кезде Пiрмақан құдасына кiсi жiберiптi деген қауесет ойландырып тастады.
Артынша, онда не тұр, алам да қашам деп, қолын бiр сiлтедi.
Күн екiндiге құлады. Ауадан күйген топырақтың исi шықты. Шiлде жақындап келе
жатқанын сездiргендей, Сыр даласының ыстығы күшейiп барады. Ержiгiт жаңадан
қамба жасап болды да‚ үйiне қайтты. Қуаң шәй iшiп жатыр екен. Жуынып болғасын,
дастарханның шет жағына отыра берген бұған Сәуинә:
— Осы сенiң бiзге айтпай жүрген бiр гәбiң бар-ау, — деп сыр тарта сөйледi.
— О не гәп? — Ержiгiт аң-таң.
— Бүгiн Үрзия ана жiгiттерiңе еге болыңдар, оған беретiн далада жатқан қыз жоқ,
жайына қарап жүрсiн деп шаңғытып кеттi.
— Өй, сол ма?
— Сен. Оған күлме, — деп сөзге Қуаң араласты. — Бұлар шетiнен бiр қатты тұқым
едi. Асылы соны қоя қойсаң кәйтедi? Жазым етiп жүрер.
— Сонда маған нағылады?
— Ойбұй, қарағым-ау‚ әлi шикi екенсiң ғой. Нағылады дерiң бар ма? Қазақтың сасық
қулығы мен iшкi есебiн кiм бiлiп болған? Адам да бiр — ат та бiр. Белең алған ат
аяқасты жалт бергенде, мойын омыртқаңның үзiлгенiн бiр-ақ бiлесiң.
Ержiгiт қарсы дерек тауып айтпаса да, Қуаңның сөзiн ақылына сап көрдi. Ақыры
мұның бәрiн соңғы жылдарда жақсы-жаманды көп көрiп‚ кеуiлi шайлығып қалған
кiсiнiң қос үрей пiкiрi дегенге ойы сая бердi. Сол үстiне сүт сұрап Күлбарам келдi.
Ержiгiт келiншектiң жүзiне қарап, оның бекер жүрмегенiн сезiп, орнынан тұра сала
дағдылы жерге қарай тартты. Қораның ың жағына кеп темекi шектi. Аздан кейiн
Күлбарам да жеттi:
— Ойбай, темекiңдi күрт, көрiп қалар!
Ержiгiт темекiсiн лақтырып жiбердi.
— Маған келдiң бе?
— Саған келгенiмдi қайдан бiлдiң? Мен, мүмкiн...
— Бiлемiз, бұзау емiп қойыпты дейдi. Жаңа ғана сиырыңның желiнiн төмпештеп
жатқан жоқ па ең.
Күлбарам күлдi де, естiгенiн айтты. Сол арада аяқ астынан бiрдеме сытыр ете
қалғандай болды. Ержiгiт жалт қараса, бiр оқжылан басын қақшитып ап‚ түймедей көзi
жылт-жылт етiп, ирелеңдей қозғалып, бұларға жақындап келiп те қалған екен.
Келiншек қорқып кетiп‚ берi қарай ыршып түстi. Жылан бұлардың тұсынан өте шықты
да‚ қалың адыраспанның iшiне кiрiп кеттi.