Көптiлеу түстен кейiн атына мiнiп, Байқожаға қарай тайпалта жөнелдi. Сары қасқа
аттың тiзгiнiн бос ұстап келедi. Тақымын қысса болды, сыр мiнез жануар су шайқалмас
жорғасына басады. Қиғаш түскен күн сәулесiнен мойны алтындай құбылып көрiнедi.
Дапа тып-тиыш. Қызғалдақ ұшып, боз жусандардың бастары сарғайып қалыпты.
Ойдым-ойдым жантақтар жаңа ғана пiсе бастағанын көрсетiп‚ бастарына май сағыздай
сарғыш бүрiн жарып шығарыпты. Бiр жазықта қаптай өскен мысыққұйрықтың күмiстей
ақшыл шашақтары үп еткен самалмен дiрiлдеп, аппақ теңiздей боп көрiнедi. Қай
жерден де биыл қардың қалың боп түскенiн, жазғытұрым жаңбырдың көп жауғанын
анық аңдайсың. “Не десең де шаруаға жақсы болды. Қолдағы азын-аулақ малға шөп
жетедi”, — деп қойды iшiнен. Сосын ойындағы шаруасын ақылына сап, салмақтап
көрдi. Iштен өзiнiң мықтап сенiп келе жатқаны — Пiрмақанның малжандылығы. Өз
есебiнше, арғы бетте Iзет барып жүрген көп түйеден боз iнгендi босағасына байладым
десе, қазымыр шал қалайша қолқ етiп түсе қалмайды? Сосын ол: “Не де болса
көрермiн”, — деп ойлап, атына қамшы салды.
Стансаға жақындағанда, Көптiлеу алдын кеспей тоқтап тұрған бiр әйелдi көрдi. Сол
екен‚ iшi жылып қоя бердi. “Iншалла, жолым болады екен”, — деп ойлады. Көптiлеу
тақағанда барып, арқасындағы сұр қабын жерге жылдам қоя салған Қыжым иiлiп сәлем
еттi.
— Көп жаса! Қалай, мал-жан аман ба? Ауылдарыңда не жаңалық бар? — дедi
Көптiлеу райланып.
— Жаңалық көп, қайнаға. — Қыжым түрiк ернiн қайқитып, берi таман жақындай
түстi. — Ана құдашаңды жалаңаяқ Ержiгiтпен әне кетедi, мiне кетедi деп, көзiмiз
көкшиiп отырмыз.
— Ау, оның бесiк құдасы бар емес пе?
— Өй, басқарма қайнаға-ай, ондай жоқ-жұқа жерге қыз берiп Пiрмақан ауыш па? Ол
бiр орынды жердi көздеп отыр ғой...
— Ал жақсы... дегендей.
Көптiлеу мұны iштей жақсылыққа жорып, желе жортып жүрiп кеттi.
— Кеше ғана iннен iнге тығылып жүрген сорлы едi. Ендi шiрене қалғанын қараш!
Пiшту! — деп, Қыжым оның соңынан қарап тұрып, ернiн шығарды.
Пiрмақан мұны сыртқа шығып қарсы алды. Етi қызып келген атты қораға байлап,
ақырға бiр айыр шөп тастады. Iзiнше iшке кiрiп, Нұрсұлу салған шәйi көрпеге
Көптiлеумен қатарласа отырды:
— Бiр жаққа бет алып бара атсың ба?
— Ауданға. Түнгi пойызға мiнем. Өздерiң амансыңдар ғой?
— Бiздiкi отқан‚ — дедi Пiрмақан селқос.
— Естiп атырмыз, құдашаны құтты жерiне қондырмақ ниеттерiң бар көрiнедi...
— Өй, Көптiлеужан-ай!
— Бағы ашылсын‚ құдайым алдынан жарылқасын! Басқа не деймiз?
Осы кезде Ранай екi бетi қып-қызыл боп, iшке кiрiп‚ өзi көтерiп әкелген әйдiк сары
самаурынды жерге қойды да, кiдiрмей ауызғы үйге шығып кеттi. Шалымен тақымдаса
отырған Нұрсұлу жас келiншекше ызылып, қызыл күрең шәйдi аса бiр баппен кәрлен
кеселерге құя бастады. Кесенi қолына алып жатып‚ Пiрмақан:
— Мына шәйiңнiң сүтi аз ғой, — деп күңк ете қалды.
— Сиыр биыл қысыр қалды. Сүттi көршiден сұрап әкелдiм, — дедi әйелi.
— Немене, сүттен тарығып отсыңдар ма? — дедi Көптiлеу.
— Аздап...
— Ойбай-ау, құдай қосқан құдамыз, оны маған неге ертерек айтпадыңдар? Құдай
айырмаса, адам айырмайтын жақын емеспiз бе? Сендер сүтсiз отқанда, менiң
тамағымнан ас қалай өтедi? Ар жақта сүтi бұлақтай боз iнгенiм бар. Жақында соны Iзет
әкеп тастар. Бұл — басы бүтiн бергенiм.