— Алдыраз болсын. — деп Пiрмақан кенет ырза боп кеттi. — Кәне, шәй iш! Женттен
ал! — деп‚ тәртiбi қатты шал баладай елпеңдеп, жалпылдады да қалды.
Бар сырын iшiне бүккен Көптiлеу сазарған қалпын бұзбастан:
— Құда, саған ойласа келген бiр шаруам бар едi, — деп сөзiн әрi қарай жалғастырды.
— Мына Ертiлеужанға бәлекей алып берсем бе деймiн. Ана шиеттей балдарға жайлы
бiреу табылса деп қоям.
— Жөн‚ жөн. Немене сонда көздегенiң бар ма?
— Әзiрге жоқ. Кәзiр не көп‚ қыз-келiншек көп емес пе? Бұйырған бiреуiн алады да.
Осы арада Нұрсұлу шыдамай, жаулығының ұшымен көзiн сүртiп жатып:
— Ажырамас құда едiк. Оған құдай қойды ма, — деп ауыр күрсiнiп қойды.
— Не айтары бар.
— Көптiлеужан‚ айтып-айтпай не керек‚ бiр елдiң басшысысың ғой. Ояғын өзiң
бiлесiң де.
— Бiлгенде мынадай ой түсiп отыр. — Көптiлеу есiгi ашық тұрған ауызғы бөлмеге
қарады. — Құдағай, ана есiктi жапшы. Бiреу-мiреу дегендей...
Есiк жабылды.
13
Бағанадан берi ауызғы үйдегi пеш жанында шiлтер тоқып отырған Ранай кенет
жабылған есiкке таңдана қарады. “Мұнысы несi? — дедi iшiнен. — Сонда... олар
мынадай ыссыда қамашауда жасырынып отырып не айтпақ? Әлде ақылдасар
шаруалары бар ма?” Күдiгiнiң түбiне жете алмаған қыз шiлтерiн тоқи бердi. Аздан
кейiн iш жақтан әкесi мен Көптiлеудiң үздiк-создық даусы күңгiрлеп шыға бастады.
Бұл құлақ салып тыңдай бере, кенет өз атын естiп, бiлегiне мұп-мұздай боп жылан
оратыла кеткендей боп тiтiркенiп кеттi. Дереу қолындағы шiлтердi жерге қоя сап, аяғын
ұшымен басып, есiктiң сыртына тақап барды. Олардың сөздерiн тыңдағысы келсе де,
әуелi бата алмай бiраз тұрды. Сосын өрекпiген кеуiлiн зорлап басып, темiр тұтқадан
қатты ұстап тұрып‚ iш жаққа құлағын тосты. Ендi үйдегi кiсiлердiң даусы жаңағыдай
емес, анығырақ естiле бастады. Көптiлеу ұзақ жортуылға шыққандай суырыла сөйлеп
отыр.
К ө п т i л е у. Көп айтатыны жоқ, Пiреке, мен ана сорлы жетiмектердi аяйым. Ата-
бабамыз құда мың жылдық деген емес пе? Мұның несi ерсi? Қалай десең де бұл
жатырлас, қаны бiр. Ал үрен-сүренi белгiсiз басқа бiреудi алсақ, ана перiштелерге өз
шешесiндей бола алмас деп қорқам. Сол себептi өзiңе салмақ салғалы келдiм.
П i р м а қ а н. Апырмай, құда-ай, мынау бiр бiздiң үш ұйықтасақ түсiмiзге кiрмеген
нәсте едi. Табан астында бiрдеме дей қою қиын ғой. Бiз де бiр тайпы елмiз. Туған-
туысқанымыз бар. Солардың кеңесiн тыңдап көрелiк.
К ө п т i л е у. Асықтырмайым, ағайын. Менiң ниетiм үзiлген жiптi қайтадан
жалғастыру ғана. Туған-туысқан дейсiң, Пiреке, бiрақ кәзiр бұндай шаруаны сары
майдай шайқап жататын уақ па? Ағайын деген не, ол бар болсаң, көре алмайды, жоқ
болсақ, бере алмайды. Сен асылы оларды қой, онан да өз ақылыңа салып көр де, бiр
жауабын бер. Әгәр үйтiп талқыға салып жатар болсаң, қас бар, дос бар дегендей, ел
iшiне алып-қашты әңгiме тарайды да кетедi. Сосын оның арты жақсы бола қоймайды.
Одан да, Пiреке, өзiңнiң бiр жағына шыққаның мақұл. Түбi жатжұрттық бала ғой, бiзге
бұйырмаса, әйтеуiр, маңдайына жазылған бiреуге барады емес пе? Менiң ойым
апасының орнын басса, ана балдарға ана болса дегендiк. Берсеңдер, оны өздерiң
бiлесiңдер, бермесендер де‚ өздерiң бiлесiңдер. Мен олай еттi деп өкпелемейiм.
П i р м а қ а н. Көптiлеужан‚ сен бiздi асықтырма, қабырғамызбен кеңесiп көрейiк.
Және де атастырылып қойылған жерi бар едi. Серттi бұзу, о да бiр қиын нәсте.