Стр. 58 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

К ө п т i л е у. Шын бел шешсеңдер, ояғын өзiме қоя берiңдер. Шiлмән көп дегенде
ауданға барар. Одан асып қайда барар дейсiң? Дау-жанжал шыға қалса, бәрiн өз
мойныммен көтерiп алам. Онан да өздерiңе тиiмдi деген жағын қарастырып көрiңдер.
П i р м а қ а н. Сен не десең де құдаңды қатты қинадың. Бiрден кесiп айта қоятын
бала емеспiз, шаға емеспiз. Ақылдасып көрейiк дедiм қой. Сол сөзiм сөз.
К ө п т i л е у. Жарайды онда. Туһ‚ тамы құрғыр жанып кеттi ғой. Құдағай, ана есiкке
жел бершi.
Ранай селк ете қалды. Құлағын тартып ала сала‚ аяғын тез-тез басып, орнына отыра
қойды. Есiк ашылды. Iштен тер мен сексеуiл шоғының иісi шықты. Содан құсқысы
келiп, басы айналған қыз шiлтер тоқитын ұзын темiрге жiптi қайта-қайта шатастырып
iле бердi. Ойы сан-саққа жүгiрдi. “Ендi кәйттiм? — дедi iшiнен. — Жезде деп әзiлдесiп
жүрген кiсiме қалай барам? Балдар дейдi. Бала болса, кәйтем? Қой, осы мен нағып
отырмын? Онан да Күлбарамға барайын”. Ол шiлтерiн терезе алдына қоя сап, сыртқа
шықты. Дала қапырық екен. Үп еткен жел жоқ. Ранай үйден ұзай бергенде, кенет
аспанға тiк шаншыла бұралаңдай билеген құйын соғып, басындағы орамалын ұшырып
әкеттi. Ол анадай жерге қалықтап барып жерге түскен орамалына жүгiрiп барып, қолын
соза бергенде ту сыртынан:
— Көк тiгiлгiрдiң жүрмейтiн жерi жоқ екен, — деген барқылдаған тарғыл дауысты
есiттi.
Жалт қараса, Үрзия көйлегiнiң етегiн қолымен басып, берi қарай дедектеп келе
жатыр. Ранай орамалын алып, басына дұрыстап тартты да, жақындап тоқтаған
жеңгесiнiң шикiл сары жүзiне ұрлық қылған кiсiдей iштей қорқасоқтап қарады. “Бұ да
бiле ме екен?”
Үрзия мұның бетiне сиқырлана күле қарап, салған жерден сампылдай жөнелдi:
— Ай мен күндей қайын сiңiлiм-ау, соншама берекең қашқандай не болды? Тiптен
бетiнде оймақтай да қан жоқ қой. Әлде ана ғашығыңды көре алмай, түн ұйқыңды төрт
бөлiп шықтың ба?
— Сен, қатын, жайыңа жүр. — Ранай жалт бұрылды.
— Қараң қалғыр, мынау не дейдi‚ әй? Өй, жетi жұрттан қалмаған салдақы. Осыдан
ағаңа бәрiн айтпасам, мына қара жер ойылып кетсiн! — деп Үрзия аяғымен шеге
топырақты бұрқ еткiзiп бiр тептi.
Ранай үлкен ағасының үйiне тұра салды. Жолшыбай ұшырасқан бiр-екi ауыл қызына
мойнын бұрмады да. Кеудесi қысылып, ауа жетпегендей әдемi қос танауы қусырыла
түскен. Қара көзi шоң түскендей жалт-жұлт етедi. Ол тапал тамға тақағанда барып уһ
деп демiн бiр-ақ алды. Өрекпiген кеуiлiн зорлап басып, маңдайына сусып түсiп
қобырап кеткен шашын орамалдың iшiне тықты. Күлбарам күннiң жанып тұрғанына
қарамастан, есiк алдына су сеуiп‚ шағыр сыпырғышпен көр-жердi сыпырып жүр екен.
Ол бұған таңдана көз тастады:
— Немене, жәй ма? Өзiңнiң түрiң жоқ қой, әлде жаман хабар есiттiң бе?
— Жоқ. Жәй, — дегендi Ранай тамағы құрғап, әзер айтты. — Жаңа үйге Көптiлеу
келген...
— Е, ол бұрын-соңды келмей жүрген бiреу ме едi? Сен қыз да қызықсың осы.
— Жоқ, оның басқасы бар. Ол... ол... менi сұрай келiптi.
— Не дейдi?! — деп Күлбарам ернiн сылп еткiзiп, бетiн шымшыды. — Ендi не
бетiмдi айтайын? Өзiңнiң ұнжырғаң түсiп кетiптi ғой. Қой, оған қиналма. Құдайға
шүкiр, кәзiр сәбет заманы емес пе? Өзiң қалаған жiгiтпен қол ұстасып кете берсең,
жолыңа кiм кесе-көлденең тұрады? Зорласа, сотқа бар!
— Сотқа?! — Ранай шошып кеттi. — Үйтсем, әке-шешем терiс батасын бермей ме?
— Қой, әлге дейiн терiс батадан өлген iжкiмнiң моласын көрген жоқпын. Менi ағаң
алып қашқанда‚ менiң әкем де қарғаған едi. Сонда да, мiне тiрi жүрмiз ғой.
— Сенi... қайдам...
— Өзiң немене айнып қалғаннан саумысың осы? — дедi Күлбарам тiктелiп.