— Жоға.
— Ендеше, қайдамың не? Жүр үйге, Үрзия сығалап қарап тұр.
Олар тамға кiрдi. Күлбарам терезеге қалың мата тұтып, үй iшiн ала көлеңке қып,
еденге су сеуiп тастаған екен. Бөлме қоңыр салқын. Ранай көрпе үстiне отыра кеттi.
Содан ол бiр жағынан Ержiгiттi қимай, бiр жағынан жетiм балаларды аяп, көпке дейiн
өзiне-өзi келе алмады.
14
Ортадан сәл биiгiрек‚ ұқыпты киiнетiн Сегiзов Көптiлеу баяндаған ақпарды
сабырмен тыңдап отырды да, кенет мейiрiмдi қой көзiн бұған қадады. Хатшының өзiне
сынай қарағанын сезiп, Көптiлеу сөзiнен жаңылысып қалды.
— Жарайды. Әзiрге осы да жетер. Ал ораққа дайындық қалай?
— Әзiрге кiрiсе қойған жоқпыз.
— Бұл жарамайды. Осы бастан дайындалу керек. Астық таситын көлiк жағын да
қамдай берген жөн. Байқа, былтырғының кебiн қайтадан киiп жүрмейiк. Биыл бiр түйiр
дән жерге төгiлетiн болмасын. Ораққа кiсi жетпейдi дейсiң бе? Неге? Ендеше көмек
сұрау керек. Ана темiржолшылардың әйелдерi үйлерiнде қараптан-қарап бос отыр.
Солардан жеке бригада құрса, орақты мерзiмiнен бұрын аяқтауға болмай ма? Болады.
Демек солай ету керек. Екiншi, партия қатарына өтем деушiлердiң тiзiмi қораш. Кедей,
шаруадан, темiржолшылардан көбiрек тарту кәжет. Саяси үгiт-насихат жұмысын
әлсiретiп алдыңдар. Шаруашылықпен айналысқан жақсы, бiрақ мұны да ұмытпаған
дұрыс. Сосын “Бiрлiк” сияқты үлкен қалқозда қызыл бұрыш үйi, не кiтапхана жоқ. Ұят-
ақ! Орын тапсаңдар, кiтап жағынан көмек беремiз. Ал Байқожадағы мектептi жетi
жылдық ету керек. Кеше Елеусiн керпiш бастырып жатырмыз деп хабарлады. Сендер
неге оған қатынаспадыңдар?
— Тәке, өзiңiз бiлесiз, кiсi аз, оларды жұмыстан алаңдатып...
— Жоқ, бұл жарамайды. Егiн жайын ойлаған дұрыс, бiрақ келешегiмiздi де естен
шығаруға болмайды. Балалар бiздiң iзбасарымыз емес пе? Өзiмiз дұрыстап оқи
алмадық‚ ендi олардың бiлiм алуына жай жасайық та. Сонымен керпiш басамыз ба?
— Сiз айтсаңыз, әрине... — Көптiлеу бағанадан берi тамағына тiрелiп тұрған сөзiн
қалай бастаудың ретiн таппай iркiлдi. Ақыры батылданып: — Тәке‚ қам керпiш осал
болады. Ертең қара нөсер құйса, шетi опырылып шыға келедi, — деп баспалдақтап бiр
қойды.
— Сонда қыш керпіштi қайдан табамыз? Керпiш күйдiретiн заводымыз жоқ.
— Тәке‚ үйтiп әлекке түсiп жатудың не кәжетi бар? Осы бiздiн даламызда не көп,
босқа қаңқиып тұрған күмбез көп. Неге соларды бұзып, керпiшiн алмасқа? Олардың
керпiшi қандай! Өмiрi әрiн бермейдi.
Хатшы оған сәл таңдана қарады да, көзiн төмен түсiрдi:
— Айта берiңiз.
— Байқожаның желке тұсында Қызкүмбез бар. Кiмдiкi екенiн тiрi пенде бiлмейдi.
Соның керпiшiн алсақ, мектепке молынан жетедi. Менiңше, қам керпiш басып,
әуреленудiң түкке де керегi жоқ. Ана Ержiгiт сияқты жiгiттердi жауып жiберсе,
күмбездi бұзу деген шаруа ма?
— Жарайды онда, Пұсырманмен ақылдасып көр. Іске кiрiсiңдер. Өздерiң
батпасаңдар, қаладан он шақты жұмысшы жiберейiк.
Көптiлеу аупарткомнан сыртқа шыққанда, күн ыси бастаған екен. Ақ кителiнiң
жағасын ағытып, бетiн орамалмен сүрттi. Есiк алдында зiңкиiп өскен үлкен қара
ағаштың көлеңкесiнде тұрып, өткен-кеткенге көз салып бiраз тұрды. Содан кейiн
аяңдап отырып, қаланың базар тұсындағы жорасы, Жосалыдағы сельпоның бастығы
Әбдiқұлдың үйiне беттедi. Ол бiрнеше дүкендi айналып өтiп, базардан шыға бере, кенет