Стр. 60 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

көзi атыздай боп, ерiксiз тоқтай қалды: бiр-бiрiне жалғаса салынған тапал тамдардан
сыртқа шыққан көп әйел, бала-шаға батыс жаққа қызықтай қарап тұр! Бұ да со жаққа
қарай берiп... күлiп жiбердi. Әбдiқұлдың баласы Мырзақан жақында алған келiншегiнiң
алдына түсiп ап‚ екi шелек суды маймалаңдай көтерiп, жорғалап келедi екен. Бұрын
дағдыланбаған iсi екенi анық көрiнiп тұр: шалбарының балағы су-су. Өзi келiншегiне
қарап, бiрдеме деп келедi. Бұл өлкеде әйелдiң шаруасын ер кiсiнiң iстеуi масқара, ел
естiп көрмеген өрескел жағдай екенi оның қаперiне кiрiп шығар да емес. Соны көрiп,
Көптiлеу iшiнен жиырыла қалды. Әсiресе, оған қатты батқаны, осы дүмдi жердiң қызын
Мақамашқа ыңғайлап жүргенiнде, мына қутұяқтың аңдаусызда алдын орап, қағып
кеткен едi. Ал мұның iнiсi болса, әлi лақылдап жүр. Ол қабағын шытып, екеуiнiң алдын
кесiп өте бере әдейi тоқтап, күтiп тұрды. Мырзақан екi шелек суды төгiп-шашып,
жақын кеп сәлем бердi. Келiншек қысылып, бетiн әрi бұрып әкеттi.
— Ә, саламатсың ба? Әке-шешең пақуатты ма? Дұрыс, дұрыс. Мiне, бұл жаңа
заманның жасының өнегесi. Қатындармен тең прабалымыз деймiз, құр сөзден не өнедi‚
одан да осылай көмектесу керек. Отын жарып, су тасып‚ малдың астын тазалап,
көйлек-көншек тiксең, қолыңа iждеме де жұғып қалмайды. Мiне, сенiң қолыңа жұққан
дым да жоқ қой. О-от, ма-ладес! — дедi Көптiлеу күлiп.
Мырзақан кекесiндi ұғып, жүзi лезде күреңiтiп кеттi:
— Мен жәй, көтере алмағасын...
— Жоқ‚ қайта осының дұрыс. Ал жүрейiк‚ — деп ол Әбдiкұлдың үйiне барды.
Қыш керпiштен салынған алты бөлмелi үйдiң ауласы кең екен. Толық денелi Алтын
баласын көрiп, қатты қызарып кеттi де, сыр бермей‚ Көптiлеумен амандың-саулық
сұрасты. Төрге көрпе салып‚ көпшiк қойды. Соңғы кезде қарны шығып толыса бастаған
Әбдiқұл ырқылдап отырып:
— Баламыз осы, жаңаша тұрмыс құрып атыр, — дедi де, қысыла күлiп қойды.
— Ау, оның несi мiн?
— Әй, Көптiлеу, қалай десең олай де, бiз көненiң жұрнағы емеспiз бе? Мұның бәрi
маған бiр түрлi ерсi көрiнедi де тұрады.
— Оның рас, — дедi Көптiлеу лез қоштап. — Кәзiр бiздiң ақылымыз жете бермейтiн
нәстелер шыға бастады ғой. Дәстүрiмiз де күн санап өзгерiп барады. Кешегi жылдары
етке қамыр салмаушы ек‚ кәзiр бұған да үйрендiк. Ата-бабамыз аузына татып алмаған
арақ деген пәлеңдi суша сiмiретiн болдық. Бүгiнде онсыз дастарханның сәнi келмейтiн
болды. Бұ қалай‚ а? Ендi бiраздан соң тұздаған шөп пен кәпөскi жейтiн шығармыз.
— О да болмай қалмас. Оны қойшы, осы менiң түсiнбейтiнiм‚ өзiм мал сауып, су
тасысам, қатын алып нем бар, а?
— Оны қайдам.
Iшке Мырзақан кiрдi. Қолында домбыра. Ол қаладағы темiржолшылар клубының
директоры боп iстейтiн. Әбдiқұл баласына қарады:
— Қашан барасыңдар?
— Жақында.
— О не, Әбеке? — деп Көптiлеу берi еңсерiлiп түстi.
— Мырзақанжан жастардың басшысы емес пе? Солар бәгөнқұлыппен кәнсерт
қоямыз дейдi. Сол. Сосын Роза деген жұтынған бiр қыз шығып тұр. Шiркiннiң даусы
күмiс қоңыраудай сыңғырлайды. Жанып тұрған бала, — деп Әбдiқұл сүйсiнiп қойды.
— Е, солай де.
Тамақ үстiнде Әбдiқұл айтқанға болмай, бiр бөтелкенi ашып, лоқылдай күлiп,
стақандарға лақылдата күйды. Оны iшке тастап алғасын‚ екеуi күй тыңдалық дестi.
Мырзақан үкiлi домбырасын баппен ұстап, құлағын ұзақ келтiрiп, күй шақырық ретiнде
пернелердi бiрнеше рет сыдырта жүгiртiп басып өттi де, басын кегжитiп, кенет
шабыттанып қағып-қағып жiбердi. Сосын бiр күйдi тарта жөнелдi.
— Өй, пәли! Көп жаса! — деп қоштағанымен, Көптiлеу домбыра тартқан‚ терме
айтқан кiсiнi онша жақтыра бермейтiн едi. Өнердi жын-шайтанның iсi деп бiлетiн ол