— Не де болса айтылып қалды, — деп, қолын сiлтей салды.
Оған кеуiлiнiң бiр түкпiрiнде көмбедей жасырып жүрген сырын абайсызда сездiрiп
қойғанына Ержiгiт ендi өкiндi. Ранайды алдағы жұмалардың бiрiнде үйге кiргiзсем бе
деп, той қамына әлден кiрiсiп, кеше қаладан сатып алған бiр буат матасына көз салды.
Оны жөндеп жатып, аузы дуасыз, жырқылдақ Төребайға бiр рет барлай қарады. Iзiнше
оның Пiрмақанмен iлiк-шатыс екенi есiне түсiп, бiр күдiк бүйiрiне шаншудай қадалды.
Сонда да сыр бермей, басқышта тұрып, алға көз тастады. Пойыз стрелканың жанынан
өтiсiмен екiншi жолға түсiп, салдырлап тарта бердi. Бiрiншi посты кейiн қалды. Ол өзi
мiнген вагон стансаның орта тұсына жақындағанда, Төребайға қарап қолын көтердi:
— Ал, Төке, Сотыйға сәлем айтарсың!
Ол құдық басында пойызға жапырласа қарап тұрған бiр топ қыз-келiншекке көз
қылып, мата буған түйiншегiн жерге лақтырып жiбердi де, тұтқадан сол қолымен
ұстады. Сосын сол аяғын ең төменгi басқышқа қойып, оқ аяғын төмен қарай
салбыратты. Пойыздын қарқынынан әулеп соққан жел шалбарының балағын жындана
жұлқылады. Жерге қарап едi, кәзiр табаны тиген бойда диірменнiң доңғалағынша елiре
тартып, кейiн қарай жұлқа жөнелетiндей қиыршық топырақ жiгi сезiлместен айналып
жатқандай тұп-тұтас. Ержiгiт бойын тiктеп, аз-маз iркiлiп қалды.
— Әй, түс. Ранай қарап тұр! — деп айқайлады Төребай.
Сол қамшы боп, Ержiгiт батылданып, тас-мас жоқ-ау деген жерге жете бергенде,
серiппеше атыла, дiк-дiк етiп түсе қалды. Әуелгiде пәтiмен бiраз жерге дейiн дедектеп
жүгiрiп барды. Тiзесi суыққа шалдыққандай икемсiз, доғал. Буын-буыны кiлт-кiлт
етедi. Ол ендi өкшесiмен жер тiреп тоқтаймын дегенiнде‚ көлденең жатқан көк тасқа
сүрiнiп кетiп, суға сүңгитiн кiсiше, қос қолын алдына қарай соза етпеттей кеп құлады.
Төребай қатыны ұл тапқандай тарқылдады:
— Өй, мәледес! Ха-ха-ха-ха!
Ержiгiттiң ұяттан бетi өртендi. Жалма-жан орнынан атып тұрып, үстi-басын қағынды
да‚ удай ашып бара жатқан тiзесiне қарамастан‚ анадай жерде жатқан түйiншегiн ала
сап жүре бердi. Содан үй жағына қарай бұрылғанында, бiр топ қыз-келiншектiң iшiнен
Ранайды көрiп, тұла бойын әлдеқандай от тiлi жалағандай ду-ду ете түсiп‚ жаман
қысылды. Ол құдық басына соқпастан қиястап өтiп кетпекшi болып едi, қас қылғандай
қарсы алдынан Қыжым жаланып шыға келдi де‚ әй-шәйға қаратпастан бұған тарпа бас
салды:
— Кәне, базарлық. Жүр анаяққа! — деп, бұны қолынан сүйрелегендей қып, құдық
басына апарды.
Ержiгiт базарлығын үлестiрiп жатып, пойызға қарады. Машинист тастап кеткен
темiр жезлдi сол қарына iле салған тырыли арық Мұздақбайдың:
— Әй, Төребай, сау бол! Құда қаласа, Жосалыдан бiр-ақ шығасың! — деп
айқайлағанын есiттi.
Төребай оған қолақпандай жұдырығын түйдi. Әйелдер ду күлдi.
Жүк пойызы салдыр-гүлдiр етiп, арлаған қалпы екiншi постының тұсынан өтiп
барады. Ауыр составтың екпiнiнен үйiрiле соққан шаң алып ақ жыланша шұбатылып,
пойыздың қыр соңынан қалар емес. Қызыл қоңыр вагондар оған таң қалғандай
бастарын шайқап қояды. Ержiгiт Төребайға қарап: “Қасқа, өтiп кеттi-ау!” — дегенiнше
болмады, кенет вагондардың арасы ышқына пысылдай бастады. Iзiнше болат буферлер
бiр бiрiне сарт-сұрт соқтығысты. Сәлден соң вагондар жүрiсiн бiрте-бiрте баяулатты.
Қара паровоз бiр рет ұзын мұрт тәрiздi ақшыл буын будақ-будақ шығарды да, iлбiп
барып тоқтады.
Аңсыз тұрған Төребай пойыздың екпiнiмен шегiншектеп кетiп, құлай жаздады.
Дереу есiн жиып, ыржалақтап, өзiне үрке қараған ешкiсiне ұмтылды. Қас қылғанда, бас
жiп тас боп, шиелiнiсiп қапты. Төребай кендiр арқанды шешпек боп‚ ұш жақын әрi-берi
тартқылап көрiп едi, түйiннiң жуық арада шешiлетiн түрi көрiнбедi. Сосын: “Өй,
көрiңдi... Қайырсыз неме болмасын!” — дедi де‚ ол қалтасынан шаппасын ала сап‚ бас