кәзiрде де күйдi қалғып-мүлгiп, шала тыңдап отыр едi, жаңа ғана iшке тастап алған‚ ақ
арақтың уыты ма, әлде кейiнгi кездерi түрпiдей дөрекiленiп кеткен жанының жiбиiн
дегенi ме, бiрте-бiрте бойы жайылып, кеуiлi көтерiле бастады. Домбыраның сонау ұзын
мойынынан түспей тұрып ап, әлденеше рет қайталанған мұңлы ерке саз еркiн төгiлiп,
бiрте-бiрте гөй-гөйге ұласардай бебеулей жөнелдi. Аздап өксiк буғандай үн күмiлжiп
шығады. Астыңғы iшектiң ащы зарына үстiңгi iшектiң қоңыр назы қосылып, мына
пәнидегi бақыт атаулының бiр ғана сәттiк‚ кәзiр бастан кешiп отырған уағың ғана
екенiн‚ кейiн оның орнын жер сипатып кететiнiн пәш еткендей талмаусырап боздайды.
Ерте ме, кеш пе, қашан тiршiлiгiңдегi қара нөсерiне жеткенше дейiн әлгi бақыттың
есiнен шықпай, бармағыңды тiстетерiн айтып жатқандай. Шамасы, бұл дүнияның
жүзiнде одан өткен азап жоқ болар. Ақмарқа да шiлде жалмаған сәуiрдiң жас көгiндей
жоқ болды. Соны қанша ұмытайын десе де, құйттай бiр себеп есiне салады да кетедi.
Мiне, тағы да сылқым қыздың жұмсақ нұрлы жүзi көлбеңдеп, көктен құлаған Ай
сәулесiнше мың-сан құбылып, көз алдынан кетпей тұрып алды.
Көптiлеу бойын әзер дегенде жиып алды.
— Кәке, кәне, әпетит ашсын‚ — дедi Әбдiқұл ырқылдай күлiп. Көптiлеу стаканды
басына бiр-ақ көтердi. Ендi Мырзақан жаңа күй тарта бастаған екен.
— Мынауың қандай күй?
— “Құдаша” ғой. Бапас тартқан.
— Құдаша...
Көптiлеу жымың ете қалды. Есiне Пiрмақан түстi. Сосын қыныр шалдың осал
жерiнен ұстағанын бiлiп, оның бағана оп-оңай елп ете қалғаны көз алдына кеп, iшiнен
сылқ-сылқ күлдi.
15
Iзет екi өркешi баладай боталы iнгендi жетегiне алып келе жатыр. Кеше бiр кiсi
бұған Көптiлеудiң пәрменiн жеткiзген едi. Соны естiген бойда бұл кiдiрмей, бүгiн таң
сыз бере атқа қонған. Ендi астындағы атының жайлы жүрiсiне салып, ауанымен жүрiп
келедi. Ау-тауық жетегiндегi iнгенге бұрылып қарап қояды. Төрт аяғы терт жаққа
жайылып, тайраңдаған iнгеннiң әйдiк шаралы көздерi күн сәулесiне шағылысып,
жаңбыр шайған жүзiмше мөлт-мөлт етедi. Алтындай шудасы мойнына төгiлiп,
үлпiлдейдi. “Мұндай асыл малды Көптiлеудiң көзi қалай қиды екен?” Iзет атын
қамшымен тартып қап, желе-жортып кеттi. Содан салдыртқан бойы Байқожаға кеп
кiрдi. Пiрмақанның тамын оп-оңай тауып ап‚ қорасына келiп тоқтады. Шал үйiнде екен.
Ол iнгендi көре сала, аяғына кебiсiн киюге де үлгермей, далаға жүгiре шығып, мұның
тiзгiнiнен ұстап, қошаметтеп, аттан түсiрдi. Тез арада әйелiне шәй қойдырды. Iзет сыр
бермедi. Iнгеннiң бұйдасын Пiрмақанның қолына ұстата салысымен төрге шығып,
малдас құрып, түйенiң жарты етiндей боп, дүңкиiп отырды. Шай үстiнде Пiрмақанға
бұрылып қарады:
— Құдаң мына iнгендi берiп жатып, айтатын бiр сөзi бар деп едi...
Пiрмақан сәл-пәл абыржып, қозғалақтап қойды:
— Оны... ендi, кейiннен бiр жауабын берер дерсiң. Ал өзiң... әңгiме-қауғадан
мұғайым құтылдың ба?
— Құтылдық қой.
— Е, солай де. Бiздiкi азаматтар аман-есен жүрсе дегендiк қой.
— Оған не сөз бар. — Iзет iшiн ашпай, томаға-тұйық отыра бердi.
— Осы менiң таң қалатын бiр нәстем бар. Кешегi ата-баба дәстүрi бұзыла бастады.
Бүгiнде бала әке сөзiн құлағына да қыстырмайды. Бұрында мұны кiм көрген?
— Пiреке, заман өзгергесiн‚ адам да өзгермей ме? Бұ да соның бiрi емес пе? Әркiм өз
қатарына қарайды. Кеше бiз де өз тұстастарымызға қарап өстiк. Бұрынғы ата-бабаның