бүрiккен Сәдiрмақан да кеше дастархан үстiнде қабағын ашпай қойды. Шал қитығып
қалды. Шамасы, бұл да жаңа заманның әкелген жаңалығы да. Соны көрiп-бiлiп жүрген
ана жасөспiрiм Балмақанның ертең не дейтiнiн кiм бiлсiн? Ол да бiр әйелдiң
айтқанынан шыға алмай, шүу қарақұйрық деп, басы ауған жағына қарай тартып
отырар? Сонда мұның қара басы сопайып даңғыраған алты бөлмелi үйде жаңғыз
қалмақ па? Үйтер болса, баланы неге асырап-абырады, неге бар тапқанын солардың
аузына тосты? Бәрiн ертең келiн жұмсап, немере сүйiп, олардың қызығын көрсем деп
iстеген жоқ па? Бұ да, мұның ата-бабасы да сүйттi. Егер сол жол бұзылатын болса, онда
бала өсiрудiң не керегi бар? Қатын жолда, бала белде деп, жаңғыз аттың шаңын
кептiрмей, көрiнген қыз-келiншекке қол салып, жүре бермей ме? Бiрақ үйткен тiрлiкте
не береке бар? Өз үйiң, өлең төсегiң, өз ошағың болмағасын, тапқан малың кiмге керек?
Бұ да шалды көптен берi мазалап жүр. Ол аздай, Көптiлеуi түскiрi де тосыннан қолқа
салып, мұны екi оттың ортасына тастап‚ әрi-сәрi ғып кеттi. Пiрмақан соның қай жағына
шығарын бiлмей дал. Былай тартсаң, арба сынады; олай тартсаң, өгiз өледi. Арбаны да
сындырмай, өгiздi де өлтiрмей, жол тапсам ба деп, әуре-сарсаңы шықты. Тек ретi жоқ.
Ол тығырыққа тiрелгендей, жөткiрiнiп қойды. Әй, құрсыншы! Көре жатармыз. Тек
мына жаңғыз басты жалаңаяққа қызының барам дегенiне жол бермеу керек. Оның
үстiне ежелден iштерiнде қатқан мұздың әлi көбесi де сөгiлген жоқ. Кеуiлдегi ызғар
кетпей жатып, қалайша жүз жылытып алыспақ? Ол мүмкiн бе? Онан да Көптiлеуге не
деп жауап бергенi мақұл? Оның бетiн қайтарып тастаса, соңыра өкiнiп жүрмей ме? Не
десең де, орынды, қыдыр айналған жер емес пе? Барса, мал-мүлiк деп жатпайды.
Мұның өз перзентiне тiлеп жүргенi де осы емес пе? Ендеше одан бас тартқаны
ақылсыздық қой. Жоқ‚ әлде балаларының айтып жүргенiнiң де бiр қисыны бар мы? Әй,
оны кезiнде көре жатармыз. Онан да мына Ержiгiтi түспегiрдiң осы ауылдың қара
сирақтары мектеп бiтiрiп, жалпақ жалғанды тiтiркентiп уысында ұстап тұратын патша
бола қоятындай, қайдағы бiр керпiш басуды мұның мойнына арта салғанын қарашы!
Кашанда бас пайдасын көздеп үйренген шал ортақ, қауым жұмысына әр кезде
ықылассыз. Бұ жолы бас тартуға шамасы жетпедi. Ендi, мiне, лайға түспек. Пiрмақан
қамбаға келгесiн‚ бөз дамбалының екi балағын тiзесiнен асыра түрiп жiберiп, қамбаға
түстi де, әрлi-берлi жүрiп, лайды ұзақ кештi. Сосын сыртқа шығып, кетпенмен
балшықты қамбаның шетiне үйдi де, қалыпқа сала бастады. Сәдiрмақан үндеместен,
қалыпты ала жөнелдi.
Анадай жерде ауылдың басқа кiсiлерi де керпiш басып жатыр. Бүгiн жұмысқа
Қыжым да шығыпты. Онан әрiректе жұмысы мандымаған Төребай темекi шегiп тұр. Ол
мұны көрдi де, екi танауынан көк түтiндi будақтатып, жанына келдi. Ыржиып
амандасты. Шал оны жақтырмай, күңк еттi:
— Қалай, бала-шағаң аман ба?
— Жаңа бiрезде аман болатын. Кәзiр бiлмейiм, — дедi Төребай ыржиып.
Шал үндемедi: “Әй, берекесiз ит!”
Төребай мұны тағы да шабынан түрте бастады:
— Әй, жезде, сонымен қызыңды Ержiгiтке беретiн болдың ба?
— Оның саған не ауыр-жеңiлi түсiп тұр?
— Маған бәрi бiр, тек кетерде жүз гiрәмiн iшсем‚ сол жарайды. Ана түйенi кiм бердi‚
а? Айтпай-ақ қой, дәдең онсыз да бiлiп алған. Оны саған Көптiлеу қалайша көзi қиып‚
есiгiңе бұйдасынан байлай салды? Әлде... Ойбай‚ қойдым. Онан да ана Балмақаның
түйеңе көз қырын салып қойсын. Кәзiр пойыз деген жаудай.
— Е-е, — дедi де, Пiрмақан жұмысымен айналыса бердi.
Төребай тақымдап қалмады:
— Құдадан не хабар бар? Үндемейсiң. Дұр-рес‚ Шiлмәнды сүйтiп қу тақырға
отырғызу керек. Кеше Көбекпен сөйлесiп едiм... Ойбай‚ қойдым, қойдым, аузыма құм...
Пiрмақан қамбаны тауысқасын‚ саз топырақты қайтадан қопсыта шауып, үйiп, су
құйып бөктiрдi де, үйiне қайтты. Тұла бойы ал-сал. Нұрсұлу жалпылдап жүр. Бұл оған