Стр. 66 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

көргендей ат-тонын ала қашады. Осынысы дұрыс па, а? Ол өз алдына. Ата жолы деген
бар емес пе? Соны ана қолымыздағы үлкенiмiзге сабақ қып, үйретiп отсақ та, ол
неменiң бүгiнгi заманға қарай бүйрегi бұра бередi. Өздерi сүйтiп отырғасын‚ оның
баласының не боларын кiм бiлiптi.
Пiрмақан теке сақал шалдың өзiне қарай мысықтабандап, қиялап келе жатқанын
сезiп үндемедi. Өзi қашаннан берi ұстанып жүрген, құлаққа iлмейтiн машығына басып,
жүзiн төмен салып, iш жағында екіұдай боп арпалысып жатқан ойдың сыртқа тебер
табын бет-өңiне шығармастан‚ нехош қалпы салбырап отыра бердi. Сырттай қарағанда‚
қасындағы кiсiнiң айтқан сөзiн естiмейтiн мылқау сияқты. Бетiнiң бiр жерi де бүлк
етпейдi. Оны тыңдар Шiлмән емес, сөзiн әрi қарай сабақтап отыр:
— Бiз де аманбыз. Малбағарымыз жұмыс iстеп жүр. Биыл әрмияға алып кететiн
сыңайы бар. Соның алдында аяқтандырсақ деп едiк...
— Е-е, жө-ө-н‚ — дедi Пiрмақан қалғып-мүлгiген қалпын бұзбастан.
— Талай жылдан берi аяқ-табағымыз араласып келе атыр. Ища дескен жоқпыз.
— Дұр-рес.
— Ендi баламызды қолымызға алсақ деймiз,
— А-а? — Пiрмақан әлдеқандай таңғажайып сөздi естiгендей, ертеден төмен салып
отырған басын шұғыл көтерiп алды. — Ол дұрыс қой. Бiрақ кәзiргi заман басқа.
Ескiлiктi қолдап отыр деп бiреу-мiреу жоғарғы жаққа түрте қалса... Сен соны бiр ойлап
көрдiң бе?
— Түртiп бiзде әкесiнiң ақысы бар ма?
— Ойбай-ау, жұрт кәзiр оған қарамайтын боп кеттi ғой. Жақын кiсiлердiң арасына от
салып, шағыстырғанды жақсы көредi.
— Қой, құда, шегiрткеден қорыққан егiн екпес деген. Өзiң сүйдеп отқасын‚ өзгелер
не демейдi? Онан да ың-шыңсыз бастаған iстi аяқтайық. Өзiң өткенде кiсi жiбердiң. Сол
мерзiмiм — мерзiм. Құдай сәтiн салса, осы айдың аяғына таман баламызды қолымызға
бер. Сот дейсiң бе? Қой, үйтiп не көрiнiптi? Өз әкесiн абақтыға жаптырса, кезiнде
көрермiз. Жоқ, Пiреке, үйте алмайды. Жәй сөз ғой. Аяғын қия бастырма. Не, не? Ау,
құда, немене өз балаңа өзiң еге бола алмайсың ба? Қой, күмiлжитiн iждемесi жоқ...
Есiк қатты ашылды. Дәлiзде әңгiменiң соңғы жағын толық естiген Сәдiрмақан iшке
кiрiп келдi. Соңғы кездерi әке алдында молда боп отыратын Сәдiрмақан қатты өзгере
бастаған едi. Әсiресе, еншi жайы сөз болғанда‚ әйелiнiң сөзiне құлақ асып, оны
ашықтан-ашық қоштамаса да, тура қарсы да шықпай, әрi-сәрi боп қалады. Сөзiнiң
ығытына қарағанда, осы отбасында бiр күн де тұрғысы жоқ. Соны сезген Пiрмақан да
қаны қатып, iшiне ауыр зiл жиып алған. Соны көрген Сәдiрмақан тұрпайы‚ ожар мiнез
ашып келедi. Ол жақсы отыр, жаман отыр деместен‚ аузына не келсе‚ соны қойып
қалатын боп жүр. Ол бұ жолы да әй-шәй жоқ:
— Құда‚ қам жеме, о қызға өзiм еге болам. Алла бұйыртса‚ өз қолыммен құтты
жерiне қондырам, — деп түйеден түскендей етiп қойып қалды.
“Осы иттiң келеңсiздiгi-ай!” Пiрмақан iштей кiрпiше жиырылды.
— О өркенiң өссiн! Мiне, сөз, — деп, Шiлмән көтерiлiп қалды.
— Ал ана елдiң пыш-пышына құлақ аспа. Ана жалаңаяққа қыз қайда? Ерегiссем, оны
пiштiрiп жiберем.
— Апырмай, ә?!
— Рас, сүйтем.
Дастархан жайылды. Ет желiндi. Құдалар жұмыс бабын‚ мал жайын‚ уақтылы шөп
шауып алған‚ алмағандарын бiр қыдыру әңгiме қылды. Дастархан жиылысымен‚
Шiлмән жинала бастады. Пiрмақан аузының ұшымен қонсайшы деп едi, қиқар шал
ыңғай бермедi.
— Ықтиярың бiлсiн‚ құдағайға сәлемде, — дедi Пiрмақан оның кеткенiне iшiнен
қуанып отырып.