Шiлмән шығып кеттi. Есiк сарт етiп жабылғанда, Пiрмақан селк ете түстi. Бiр сәтте
бағанағы момақан қалпынан тез айығып, кәрiне мiнiп, орнынан атып түрегелдi де‚
тобылғы сапты қамшыны ала сап‚ Сәдiрмақанды қыр арқадан тартып-тартып жiбердi.
Сәдiрмақан қолымен басын қорғаштады. Бұл қара шалдың жынын онан әрмен
қоздырды. Сәдiрмақанды қайтадан бортылдата жөнелген шал тiстене сөйледi:
— Өй, нәсiлсiз ит! Көргенсiз! Екi араға килiгiп нең бар а? Құда? Мә‚ саған құда!
Құда болсақ, бұрын болғанбыз. Өй, жетесiз!
Сәдiрмақан жым болды. Ендi қара шал ентiгiп тұрып‚ қысқаша бұйрық бердi:
— Тез шап!
17
Көптiлеу нағыз отыр. Атқа мiнiп, атақ-дәрпi төңiрекке шашылғаннан берi ертеректе
шалқайған дәулетiн әлдеқашан қалпына келтiрiп те алған едi. Қара қаңылтыр шатырлы
алты-жетi бөлмелi кең сарайдай үй – осы маңайдағы жұрттың көзi талай сұқтанған
берiк отау. Жыл сайын Қыр жақтағы малына мал қосылып, дастарханы кең жайылып,
iшiп-жемi молайып келедi. Жылда орақ науқаны аяқталысымен салт атқа мiнiп, жұмыс
бабымен жүрген боп, ел аралап кетедi. Бұл оның ең жақсы көретiн кәсiбi. Семiз сары
аттың буын бұрқыратып, Қызылды жайлап отырған жылқышы, түйешiлердiң
ауылдарына түсiп, түстенiп шығады. Бұл ат шалдырған үйдiң әр кезде апысы кiрiп,
күпiсi шығып жатқаны. Ошақтағы қазанда сүр ет бүлк-бүлк қайнайды. Көптiлеу болса,
қос көпшiктi шынтағының астына басып, қожайынның шаруа жайлы айтқан әңгiмесiн
ауық-ауық басын изеп қойып, салғырт тыңдап отырып‚ осы үйге кiрiп-шығып
лыпылдап жүрген жас келiншектердi жылан арбаған торғайдай көзiмен бағады. Анда-
санда өзiне құмарлана қараған екi қара көздi аңлап қалса, үй егесiне сездiрместен‚
келiншектiң жан түкпiрiнде не барын аңлағысы келгендей, көп мән аңғарта тесiледi.
Соны түсiнген ол байғұс та ұрлана қызарып, күлiмдеп қоя бередi. Соның арты өзiне
ғана мәлiм. Анада Алмашкүлдi де сүйттi. Әлi өмiрдiң дәмiн толығымен татып
үлгермеген келiншектi әдемi сөзбен тұралатып тастап, көздеген мақсатына жетiп
тынды. Оны Пұсырман бiлмейдi. Кәзiр де ол маңқиып отыр. Бәз-баяғы жайбасар күйi.
Осы сорлы әйелiнiң түн баласында қайда жүрiп, тұратынына назар аудармайтын да
шығар. Әйтпесе суық жүрiсi күн санап көбейiп бара жатқан әйелiнiң iзiнен сұрау сап,
тым құрымаса көлденеңнен бiр рет те көз тастап көрмей ме екен? Әлде оған қойнында
жатқан некелi әйелiнiң бөтен қолдың айтқанына көнiп, күндердiң күнiнде әбiрей
төккенi бәрi бiр ме? Не десең де, бұл Көптiлеу түсiнбейтiн бiр нәрсе. “Мейлi, ақырын
көре жатармыз”. Көптiлеу көзiн ақ киiзден көтерiп, жаңа ғана шаралы жүзiне тепкен
мысқыл iзiн дем арасында жоғалтып, байсалды қалпын тапты да, үйде отырған
кiсiлерге жағалай көз тастады. Пұсырманды көрiп, есiне Қызкүмбез түстi. Мұның
күмбезде алты аласы, бес бересi жоқ. Кеше Ержiгiттiң айтқанына құлақ аспай, ауданға
барып, жаңа мектептi салдыру жөнiнде келiсiп қайтқаны мұның шымбайына батып
кеттi. Уысынан шыққысы келген жiгiттiң сазайын тарттырмақ ниетпен Қызкүмбездi екi
араға қыстырып, бiр жағынан керпiш бастыру жұмысынан құтылып шықты. Бүгiн
Пұсырманмен ақылдасып, осы шаруаға бас-көз бол деп тапсырды. Сондағы ойы...
Ол әлгi ойынан шұғыл арылып, ұзақ-сонар әңгiменi сабақтап отырған Әлмақанға
бұрылды:
— Сосын не болды, Әлеке?
— Әр жағын... айтары жоқ, түн iшiнде жаназасын шығарып, апарып қойдық. Бiр
кезде бүткiл ел сыйлаған шал едi, байғұстың басына қатын‚ бала-шағасы мен ет жақын
ағайындары ғана жиылды. Жарияға жар салуға, өзi... — дедi екi бетi шәй iшкен сайын
қызара түскен Әлмақан.
— Сонда қалай, жаназа да шығартпайтын болғаны ма? — дедi Ертiлеу дүңк етiп.