— Өй, онда сенiң не шаруаң бар? — деп Көптiлеу оны тиып тастады да, Қоңырбайға
көз қиығын салып қойды. “Әй, келеңсiз, жақсы отыр, жаман отыр демей, аузына
келгенiн аталай бередi. Ақыры сонысынан тәңiрге жазып жүрмесе нетсiн!”
— Апырмай, о кiсi қаншаға келдi екен? — дедi Қоңырбай.
— Тоқсанның бесеуiне келiптi.
— Онда не арманы бар.
— Бала-шағасының алдында...
— Жарықтық‚ батыр кiсi едi. Өзiн iждемеден жеркенбейдi деушi едi ғой.
— Ол рас. — Әлмақан қозғалақтап қойып, бiр әңгiменiң шетiн қозғады. — Айтары
жоқ. Бiрде Әйбек ақсақал көршi үйге барса, кiлең арақ iшiп отырған белсендiлердiң
үстiнен шығыпты. Iшiндегi бiреуi мұны көргесiн‚ тас кенеше жабысып: “Ақсақал, осы
сенi iждемеден жеркенбейдi дейдi. Кәне, соныңды көрсетшi”, — дептi. “Қарағым, мен
бiр кәртейген адаммын‚ менi нағыласың?” — десе, анау дәл бiр ақы-пұлы күйiп бара
атқандай жабысып қоймапты. Со кезде бiр қу жiгiт ағаш тостағанға меймiлдетiп iспiрт
құйып ұсыныпты. “Ойбай, қарағым, ендi кәртейгенде күнәға батар жайым жоқ. Тарт
әрi!” — десе, әлгi тұрып: “Ақсақал‚ бұ не дегенiң? Бiз ұсынған дәмдi әрi итергенiң
қалай?” — деген екен‚ шал: “Ойбай, қарағым, мен бiр надан кiсi, ояғын қайдан бiлейiн.
Мен iшпеген у бар ма? Әкел, iшсем iшiп көрейiн”, — дептi де, тостағанды қолына
ұстапты. Сосын басына бiр-ақ көтерiптi. Iспiрт дегенiң қиын ғой, абайламаса болмайды.
Шал содан дем жетпей, тұншығып қала жаздапты.
— Қап, аузын былғады-ау!
— Содан немене мас болып па?
— Қайдағы? — Әлмақан күлдi. — Ол сосын бiрдеме жегiсi кеп‚ дастарханға қолын
созса‚ жiгiттер дастарханды ала қашыпты. Сасып қалған Әйбек жан-жағына қарайды.
Осы кезде бiр қара тышқан iргеден шыға кептi. Сол екен‚ шал дереу оны құйрығынан
ұстап ап‚ бы-ла-а-ай... жұтып кеп жiберiптi!
— И-й-бәй!
— Қалай тәбетi шапты екен?
— Құрсын‚ құрсын! — деп отырғандар гу ете түстi.
— Оның және бiр қызығы бар. Бұ жолы өзiм басы-қасында болдым, — дедi Әлмақан
мырс-мырс күлiп.
— Апырмай, ә?!
— Е, ол қалай болды?
— Көктемнiң жаңа-жаңа туа бастаған кезi едi. Қызылды қыстап отқанбыз. Со жылы
азық-түлiк ертерек таусылып қалған едi. Төменгi жаққа кеткесiн‚ азық қайда? Бiз Әйбек
ақсақал үшеумiз үш түйеге мiнiп, үш түйенi жетекке алып, Қоңыратқа тартып берейiк.
Әйекең жолды бес саусағындай бiледi. Түнгi салқынмен тартамыз да отырамыз.
Қойшы‚ содан не керек‚ Қоңыратқа да жеттiк. Ол-пұлымызға қап-қап астық сатып ап,
елге қайттық. Күн жыли бастаған сайын‚ жанымыз шығып келедi. Не де болса ел
Сырдан өтпей тұрып жетiп алайық деп, күн-түн демей жүрiп отырдық. Бiр күнi кештете
Қызылдың iшiнде отырған Кедейлердiң бiр байының ауылына кеп құладық. Әйекең:
“Балдар, осы йерде бiр күн дем алайық”‚ — дедi. Бiз түскен үй қыстан күйлi шығыпты.
Жөн сұрасып болғасын‚ отағасы тұрып: “Әй, Әйбек‚ сенi бiр қойдың етiн жейдi дейдi.
Iждемеден жеркенбейдi дейдi. Соны өз көзiммен көрсем деймiн. Мынау кұнан қой.
Бәтеңдi бер, кәзiр сойдырам. Осыдан бiр жапырақ ет, бiр қасық сорпа қалдырмай iшiп-
жеп кетсең, ақы-пұлын сұрамайым. Әгәр бiрдеңе қалатын болса, бiр қаптан астық
төлейсiңдер”, — дедi. Әйекең: “Болсын”, — дедi. Бiздiң де қарнымыз ашып келе атқан
едi. Белбеулерiмiздi босатып-босатып қойдық. Бiраздан соң әйдiк ағаш табаққа бiр
қойдың етiн салып әкелдi. Бiзге бөтен табақ тартты. Қойшы, сонымен не керек‚ Әйбек
бiр қойдың етiн жылан жалағандай етiп жеп қойды. Артынша бiр қазан сорпаны да iшiп
алды. Сосын бағана дем аламыз деп отырған Әйекең: “Отағасы, лұқсат болса, жүремiз”,
— дедi. “Лұхсат Алладан”, — дедi таңғалған ақсақал. Дереу орындарымыздан тұрып,