сыртқа шықпақ болдық. Әуелi мен шықтым. Менiң iзiмнен жолдасым ерiп келе атқан
едi‚ ол босағаға жақындай бере‚ кенеттен аузын кере ашып‚ көзi жасаурап тұрып‚ ла-а-
ақ еткiздi. Құсық жерге шұбалып түсiп барады. Ол жерге тисе‚ бәрiмiз бiр-бiр қаптан
астық төлеймiз. Бастағы уәдә солай. Соны көрiп‚ маңдайымнан қара терiм бұрқ ете
түстi. Бiрақ iстейтiн амал жоқ. Iшiмнен оны: “Шамалы шыдамады ма екен?” — деп бiр
боқтадым. Дәл осы кезде... — Әлмақан жан-жағына алаң-ғұлаң етiп қарады.
— Иә‚ осы кезде...
— Сосын...
— Әрi қарай не болды? — дедi отырғандар гуiлдесiп.
— Ойбай‚ айтары жоқ‚ — дедi Әлмақан әңгiмесiн соза түсiп.
— Мiне‚ қызық...
— Содан?
— Соданы сол‚ — дедi Әлмақан екi көзiн бақырайтып. — Оның арт жағында келе
жатқан Әйбек шал сол арада... екi алақанын была-а-ай... құсыққа тоса қойды...
— Апырмай‚ ә?
— Иә‚ әрi қарай...
— Ендi бiр қаптан астық бере қою оңай ма? Әйбек шал алақанына толған құсықты...
былай... жерге түсiрмей... жұтып жiбердi!
— Ищә-әй!
— Ий!
— Осы кезде мен де жалма-жан қимылдап‚ екiншi рет лоқси берген жолдасымды
желкесiнен бүрiп алдым да‚ сыртқа шығарып үлгердiм. Сүйтiп‚ астық төлемей кеттiк.
— Қатырған екенсiңдер!
— Рас болса‚ мынауың сұмдық қой!
— Жеркенбей‚ қалай өзi... — деп‚ үй iшi аранық ұясынша гу-гу еттi.
Осы кезде бағанадан берi әлденеге қитығып отырған Пұсырман оның сөзiн бөлдi:
— Әлеке, ел сенi көп бiледi дейдi. Бiлсең, айта қойшы, мына Қызкүмбез қашан
салынған?
— Өй, ол ертеректе ғой. Менiң әкем айтып отыратын‚ ертеде мына Көнектердiң бiр
байының сұлу қызы болған деп. Аты Жамал. Өзi көзi тостағандай, ақ қыз екен. Мына
Көнектердiң қыздары шетiнен әдемi боп келедi. Бұ да шешесiне тартқан‚ ажарлы бала
бопты. Оны жастайынан бiр байдың баласына атастырып қойған екен дейдi. Ақыры қыз
бой жетедi. Бай құдасына кiсi жiберiп, қызын ұзатуға келiседi. Тойға даярлық ол кезде
алдын ала жасалады емес пе? Мына Балқыларда бiр әйдiк жырау жiгiт бар екен‚ тойға
со да келiптi. Ол түнiмен жырлапты. Өзi айтқыр жүйрiк жырау екен‚ соған Жамалдың
кеулi кетедi. Өзi сұлу, ана есалаңға барғысы келмейдi. Бiрақ ол заманда үйту қайда, мал
бергесiн‚ шаруаң бiттi. Қойшы, сонымен не керек‚ ертеңiне жырау екеуi кездесiп‚ уәде
байласады. Содан қалыңдық ойнайтын түнi Жамал бiр қайымын тауып, жарау атқа
мiнiп‚ түн жамылып‚ жыраумен бiрге қашады. Олардың қашқандарын бiлiп‚ қуғыншы
шығады. Олар бiр күннен кейiн Ырғыздың маңайында қашқындарды қуып жетедi. Сол
арада Балқы жiгiт Жамалға: “Сен тарта бер! Мен оларды бөгеп көрейiн!” — дейдi.
Жамал тарта бередi. Балқы жiгiтi он шақты жiгiтпен жаңғыз өзi шайқасады. Бiрақ көп
кiсiге бiр адам не iстей алады? Ол төбелестiң кезiнде қарақұсынан сойыл жазым тиiп‚
табан астында тiл тартпай кетедi. Ал Жамал болса‚ сол қашқаннан қашып отырып‚ құм
арасына кiрiп кетедi. Со күнi дауыл соғып‚ оның iзiн жасырып тастайды. Қуғыншылар
оны әрi iздеп‚ берi iздеп‚ таба алмағасын‚ керi қайтады. Жамал болса адасып кетедi.
Қайдан шыққанын‚ қайдан келгенiн бiлмейдi. Бұрын жолға шығып көрмеген кiсiге
Қырдан Сырға жете қою оңай ма? Күн ыссы. Ол бiр күн жүредi. Екi күн жүредi. Үш күн
жүредi. Бiр аптадан кейiн қыз арып-ашып Сырға жете берген кезде‚ аты шөлден өледi.
Ендi қара жаяу қалған‚ әлi құрыған Жамал дарияға жете алмай, мына Байқожаның
қырқасына жақындай бере шөлден өледi. Артынан iздеп келген әкесi маңдайын