төбелеп, жан-жаққа ұста iздетiп, кiсi шаптырып, осы күмбездi салдыртады. Оның жайы
осы. Немене... мұны жәй сұрадың ба?
— Жоқ, ертең соны бұзамыз, — дедi Пұсырман шеге қаққандай боп, әр сөзiн нықтап
айтып.
Жұрт шошып кеттi. Олар Пұсырманның шаралы қара жүзiне үрке де, таңдана да
қарап қалған.
— Пұсеке, бұл әзiлiң бе, әлде шының ба? — дедi Әлмақан әлден уақыттан соң
ақырын тiл қатып.
— Шыным. Аудан солай деп шештi. Күмбездiң керпiшiн алып, мектеп саламыз. —
Пұсырман Көптiлеуге бұрылды. — Көлiк жағын кәйтсек екен?
Осы шаруаны Пұсырманның айтқанын қалап отырған Көптiлеу ырза боп кетiп:
— Он шақты арба дайын. Ана Қоңырбай, Iзет, Дәуiттер барады‚ — дедi.
— Дәуiт дейдi. О байғұстың не жаны жүр екен? — деп‚ сол арада бiр қушықеш жiгiт
әзiл айтқан болды.
— Қойыңдар‚ ағалар, — дедi осы кезде Мақамаш қыза сөйлеп. — Наным, сенiм
деген не? Жаңа тұрмыс құрамыз деп жатырмыз. Ол үшiн түкке керегi жоқ күмбездi
қиратып, кесегiн алса, мектеп салса, не ерсiлiгi бар? Көненiң көзiн құртпай,
көгермеймiз.
— Әй, қарағым, қоя тұр, — деп Көптiлеу жекiрiп, оны тиып тастады.
Тамақ үстiнде ешкiм тiс жармады. Тамақтан соң, Пұсырман үйiне кеттi. Оның iзiн
ала iшке асып-сасып Дәуiт кiрдi. Ол:
— Құрдас-ау, бұ нағылғаның? Шиеттей бала-шағам бар. Кiсiнi күмбез бұз деп,
жасаған бұл қай қастығың? — деп сампылдап сөйлей берiп едi‚
— Әй‚ доғар‚ — дедi Көптiлеу түсiн суытып. — Оны бұздырғалы жүрген мен емес‚
ана Пұсырман. Мен райқом айтқасын‚ ат-көлiк‚ адам тауып беруге тиiспiн. Бұл арада
менiң не қатынасым бар? Ал сен бар ғой‚ нақа қорықсаң‚ бiрдемесiне тиме де, ат
айдағаныңды бiл.
— Ендi... Өзi... Менен басқа кiсiнiң ыңғайы жоқ па?
— Немене мен жоқ кiсiнi жерден қазам ба?
— Ал, Дәуке, бүгiн апамызбен қоштасып шық‚ ертең барсың ба, жоқсың ба? — деп
манағы қушыкеш жiгiт әзiл айтты.
— Қой, шырағым, бұл ойнайтын нәсте емес, — дедi Қалампыр оны жақтырмай.
— Бұл деген қараңғылық қой. Осыны ел қашан қояды‚ а? — дедi тағы да билiгi
қыштап отырған Мақамаш.
— Қойғанда‚ сонда не iстеу керек? — Әлмақан оған қабағын шыта қарады.
— Не iстеу керек? Жаңа тұрмыс құру керек. Мектеп, клуб салу қажет. Қазақтың
сауатын ашып, ескi салт, дәстүрдi қойдырып, Европа халықтарынан қалай өмiр сүрудi
үйрену керек.
— Сонда бiзге үстелге отыр, айырмен тамақ же демексiң бе?
— Сүйтсе‚ несi бар?
— Қайдам сендердiң замандарыңның қандай боларын. Бiздi қанша өзгертем десең
де... Қиын ғой, — деп Әлмақан үнсiз қалды.
Осы екi арада бағанадан берi үнсiз отырған Ертiлеу сөзге кiрiсiп‚ Мақамашқа қарап:
— Сенiкi дұрыс емес, — дедi. — Менiң Қызкүмбездi бұзып, әруақтың қаһарына
ұшырар жайым жоқ.
— Сен бар ғой...
Мақамаш қарсы дерек айта берем дегенде, Көптiлеу ақырып жiбердi:
— Әй‚ иттер‚ доғарыңдар! Дүния сендерге қарап қалса да, үндерiңдi өшiрiңдер!
Екеуi жым болды. Көптiлеу төсек салдыратын ыңғай бiлдiрiп‚ орнынан тұра бердi.
18