Стр. 71 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

Ранай Ержiгiтке: “Саған айтқан бiр өтiнiшiм болсын. Қол ұстасып кете беру қайда
қашар дейсiң, әуелi ата-анамның алдынан өтiп көршi”‚ — деп қиылды. Алғашқыда
көнбеген ол ақыры қинала отырып келiстi. Сол күнi кешкiлiк Қуаң Пiрмақанның үйiне
барды. Ол төрде тұйғындай боп отырып, әрiден сөз қозғады. Екi рудың арасындағы
дау-жанжалды тастау керектiгiн‚ татулыққа не жететiндiгiн бiр қыдыру сөз қылды да,
бiртiндеп құдалық жағына ойысты:
— Әй, Пiрмақан‚ әкелерiмiз бiр-бiрiмен ренжiссе де, қан құйысқан жау емес едi ғой.
Осы ашу-ызаны қояйық. Содан пайда тапсақ‚ тапқан пайдамыз кәне осы? Онан да мына
балдардың келешегiн ойлайық. Екi жас бiр-бiрiн қалайтын көрiнедi. Сен өкпендi қой да,
балаңды бiзге бер.
Пiрмақан қырсыға тiл қатты:
— Әй, Қуаң‚ басы байлауы қызға құда түскендi қай ата-бабаңнан көрiп едiң? Оның
атастырылған жерi бар екенiн өзiң де бiлесiң ғой. Ендi балдар бiр-бiрiн қалаған екен
деп‚ сақал-шашым ағарғанда антты бұзар жайым жоқ.
— Ау, құда болсаңдар‚ бұрын болдыңдар. Кәзiр сәбет заманы емес пе? Көзiңнiң ағы
мен қарасындай перзентiңдi қалайша жаны қаламайтын бiреуге шырылдатып байлап-
матап бересiң? Баланың обалына қаласың ғой.
— Онда сенiң шаруаң болмасын.
— Өй, сөзiң бар болсын, — дедi де, Қуаң орнынан түрегелдi. Былай шыққасын,
насыбай шақшасын ұмыт қалдырғанын бiлсе де, қайтып бармады.
Екеуiнiң сөзiн анық естiген Ранай Күлбарамды жұмсап, Ержiгiттi топ жыңғылдың
iшiнде кездесуге шақырды. Өзi мұнда келгелi қашан анда-санда елегiзiп, жан-жағына
жiтi қарап қойды. Пiсе бастаған жыңғыл, адыраспан‚ ажырықтың ұнамды ақшылтым
исiн құмарлана жұтып, ара-арасында табақтай ай кеудесiне құлап түскен ұлы дарияның
тыныштығын бұзғысы келгендей, ақ шабақтардың құйрығымен суды шолп еткiзгенiн
естидi. Ержiгiт әлi жоқ.
— Бұған не көрiндi? — дедi Күлбарам.
— Келер.
Айтып ауыз жапқанша болмады, әрiректегi жыңғыл арасынан асыға қадам басқан
бiреудiң аяқ дыбысы естiлдi. Күлбарам мойнын созып қарады да:
— Ойбай, Сәдiрмақан! — деп жылдам бұға қойды.
Ранайдың зәресi зәр түбiне кеттi. Асып-сасып‚ қасындағы қалың жыңғылға тығыла
бердi:
— Рас па?!
— Ә, бәлем, қорықтың ба? — Күлбарам сылқ-сылқ күлдi.
— Кетшi, сен де бiр.
Ержiгiт бұлардың жанына кеп‚ борпылдақ топыраққа отырып жатты. Оның қалың
қара шашының ұш жағы бұйраланып, әр жерден селтиiп-селтиiп тұр. Қою қасының
арасы бiлiнбей тұтаса көрiнедi. Ол езу тартып:
— Көп күттiңдер ме? — деп Күлбарамға қарады.
— Сен бүйтiп шалқақтай берме, қызымызды көрсетпей қоярмын‚ — дедi Күлбарам
күлiп.
— Кешiгем деген ойымда да жоқ едi. Ана Төребайдың кездесiп қалғаны. Өзi қызу
екен‚ қайдағы жоқты айтып, басымды қатырды. Содан әзер алдалап, шаққа дегенде
құтылып шықтым.
— Ал ендi сөйлесiңдер, — дедi де, Күлбарам жыңғылдың басқа тұсына кеттi.
Екеуi оңаша қалғасын‚ жақтары қарысқандай үндеспей бiраз отырды. Ранай сөздi
неден бастарын бiлмей, басқа етер ермек таппағандай, жанындағы жыңғылдың иiр
бұтағын ақырын тартқылады. Үстiне киген қос етек‚ гүлдi ақ жiбек көйлек. Дiр-дiр
еткен тозаң сияқты сарғыш сәуле түсiп тұрған аққұба жүзi мен биiк қабағы қызғылт
тартып көрiнедi. Күн санап толысып келе жатқан бар мүшесi балғын тартыпты. Етi