таралған бетiнiң жағы суалып, есесiне бұғағы аздап бiлiне бастаған. Соңғы кездерi
жетiле түскен кеудесi толысып, iштен сыртқа шiрей тепкен жас қуатты айқын
аңғартып, көйлектi тырситып кере бастаған. Ержiгiт соған бiлдiрмей көз қырын салды
да, басын көтерiп:
— Жағдайды естiген боларсың, айттым ғой, әкең көнбейдi деп, — дедi.
Ранайдың танауының қос желбезегi дiр ете қалды:
— Менiкi... кейiннен әкем қарғамасын дегендiк... қой...
— Сол қарғыста не тұр дейсiң? Өзiң, қалай...
— Не қалай? Айнып қалды дейсiң бе?
— Жоға. Үй-iшiң не дейдi?
— Не десiн? Кеше апам күнi бойы ұрысты. Ойлары анаған... беру. Алдыма ана
жетiмектердi көлденең тарта бередi. Бiр жағынан соларды аяп...
— Үйтiп әлден толқысаң...
— Толқып тұрған мен жоқ.
— Ендеше бiр жағына шықсақ...
Ранай “қашан” дей жаздап, iркiлiп қалды. Сол кезде жыңғыл арасы сытыр еттi.
Қалың бұтақтарды қолымен ысырып, аяғын бұрала басып, Күлбарам шыға бердi:
— Еркем, ағаңның келетiн уағы боп қалды. Ертең де күн бар емес пе, қайтайық.
Ранай Ержiгiттiң алақанынан қолын суырып ап, жеңгесiне iлесiп, ауыл жаққа
беттедi. Жолшыбай жусан түйiртпектерiне бiр рет сүрiнiп кеттi. Ойы да сондай. Соңғы
кездерi қалайша тез өзгерiп бара жатқанына iштей таң. Әуелгiде дүниедегi ең жақсы
көретiн жiгiтiмен қол ұстасып, сыбай-салтаң кете беру оған оп-оңай көрiнсе де, күн
сайын соның алыстағы қол жетпес армандай қиындап бара жатқанына көзi жетiп
келедi. Ондайда есiне Қызкүмбез түседi. Жаны қаламайтын кiсiден шығына қашып,
құрбан болған Жамал сұлудың тәуекел тiрлiгi қолынан келмейтiн тәрiздi. Неге екенi
белгiсiз, оң босағадан аттап шығуға қорқасоқтай бередi. Егер ата-анасы ана
атастырылған жерге бар деп қинаса, бұлай әбiгерге түсiп, ойланбас та едi. Олар туған
апасының орнын бас, үш баланы жетiмсiретпе деп, бұл ойламаған тұстан қолқа салып
отыр. Сондағы әке-шешесiнiң көздеген ойы — қысы-жазы ет демей, қара азық демей
науадай құйып тұрған майлы жерден қол үзбеу. Майлы жер? Барсақ, екi қолыңды
жылы суға маласың да отырасың. Ал Ержiгiтке тисең? Ел қатарлы тiршiлiк. Бiрде
жетiп, бiрде жетпей жатқан айлық. Бiрақ өзiң ұнатқан жiгiтпен аз ғана өмiрде ащы-
тұщыны бiрге татып, қара жердiң бетiнде биберекет шашылып жатқан ризық, несiбеңдi
тiзе қоса терiп жеген де бiр ғанибет емес пе? Сонда бұл несiне күйбектей бередi? Әлде
дүния‚ мал-мүлiк адам бойындағы жақсы қасиеттерден артық па? Наны ашыса, кешегi
Николай заманында қандай жетесiз тон кимеген? Ондай болыстар қолына билiк
тиiсiмен жан-жағында жүрген азын-аулақ жақсы кiсiлердiң өзiнен мойны артық
екендiгiн басқаға сездiрмес үшiн түрлi сылтаумен маңайына рулас, аталас, сойыл
соғарларын жинайды. Көпiре сөйлеп, көлгiрсiп тұрып, бар шаруасын бiлдiрмей
тындырып жатады. Оларды қойшы. Мына Көптiлеудiң осы iстегенi дұрыс па? Рас,
халыққа жайлы деп жұрты мақтайды. Алғаш рет осы өңiрде қалқоз құрып, жаңа
тiрлiктiң отауын тiгiскен де сол. Ендi соны қалайша бұрынғы ата-баба жолын қуып
жүрген ескiшiл кiсi санайды? Бәлкiм, ол да ана жетiмектердi аяп, амалсыздан осылай
iстеп отырған шығар? Осы шынымен амалсыздан ба? Басқа бiр жолы табылмады ма?
Сонда ол қандай жол? Оны өзi де бiлмейдi. Қай жағына ауып түсерi белгiсiз қылпып
тұрған қылыштың жүзiнде отырғандай, iштей қобалжып келедi. Олар әгiн қара нөсер
шәйып, шабдарлап тастаған тамды айналып өте бергенде, қарсы алдарынан қолында
бiлектей дойыр қамшысы бар Сәдiрмақан шыға келдi. Жүзi iңiр қараңғылығында
тымырсып жатқан дария бетiндей күңгiрт, сұсты.
Ол қалың табанды қазақы етiгiн жерге қадай басып, бұлардың жолын кес-кестедi.
Ожар ағасының не ойлағанын бiлмесе де, бiр шатақтың боларын сезген Ранайдың
зәресi ұшып кеттi. Өне бойы қалшылдап, жеңгесiне жақындай түстi. Күлбарам да осы