қайнысынан айбынатын едi. Ендi өзiн-өзi тез билеп, Сәдiрмақанның түксиген жүзiне
күле қарады:
— Жеңгесiне ес болар сендей қайнымның бары қандай жақсы.
— Мен саған жақсыны көрсетем, — деп Сәдiрмақан дүңк ете түстi. — Кәне, жаның
барда, айт шыныңды, қарындасымды кiмге шығарып бергелi жүрсiң?
— Iжкiмге де.
— Мә‚ саған iжкiмге де!
Қарулы қолдың келте қайырып сiлтеген дойыр қамшысы Күлбарамның иығын тiлiп
түстi. Күлбарам жылан шаққандай шыңғырып жiбердi. Сәдiрмақан жеңгесiнiң
айқайына, әлдене деп жалынғанына құлақ аспастан‚ ендi батыл қимылдап, әйелдiң
ұзын қос бұрымын бiлегiне орап ала сала, бортылдата жөнелдi. Ара түскен Ранайды
қатты итерiп жiбердi. Өзi көзiне қан толып, Күлбарамды ұрып та, теуiп те жатыр.
Жеңгесiнiн жан даусы шыға айқайлағанын естiген сайын, айызы қанғандай, қамшыны
тездетiп сiлтейдi. Сол арада есiк ашылып, iштен Кәдiрмақан шыға келдi. Құр қол. Ол
әйелi мен қарындасын көрiп, мән-жайды тез түсiне қойды да, iнiсiн шойындай
жұдырығымен салып кеп жiбердi. Сәдiрмақан құлай жаздап барып, бойын тiктеп,
артына ақырын бұрылып қарады. Сосын Күлбарамның бiлегiне орап алған бұрымын
қоя бердi де‚ ағасына тұра ұмтылды. Дереу екеуi шаппа-шап ұстаса кеттi.
Ел жиналып қалды. Қайдан жеткенi белгiсiз, Қыжымның түнгi тиыштықты бұзып:
— Бәрi осы сайқалдың кесiрi! Қарап тұр, әлi бұл жәлеп талайды жалмайды, — деп
санқылдай естiлдi.
Төребай шиедей боп төбелесiп жатқан ағалы-iнiлi екеудi шыр айнала жүгiрiп жүр:
— О дұрыс! Сәдiрмақан‚ сен iштен теп! Кәдiрмақан‚ сен бар ғой тұмсығын бұз! Әп,
бәрекелде! Мiне, аз-замат! Отыз екi тiсiн қиратып, қолына санап бер! — деп айызы
қана айқайлап қояды.
Сол арада жұрт кенет дүр сiлкiнiп, қақ жарыла бердi. Пiрмақан қамшысын сығымдай
ұстаған күйi iлгерi жүрiп келедi. Оның ашу қысқан жүзi қап-қара боп кетiптi. Төребай
оны көре сала сақтық ойлап, төбелесiп жатқан екеудiң арғы жағына атқып шықты.
Пiрмақан әй-шәйға қараған жоқ‚ келе екi баласын қамшының астына алды. Екi ұлы әке
бетiне келмей, тұра-тұра қашты. Ашушақ шал оларды ауыл айналдыра қуып жүрiп
сабады да, тас-талқан боп бүлiнiп, үйiне келдi. Үрзиядан мән-жайға қанғасын‚
Нұрсұлуға:
— Ана жүгенсiз кеткен қызыңа еге бол! Осыдан әлдекiммен қашып кететiн болса‚
менен жақсылық күтпе! — деп қатты ескерттi.
Ранай түнiмен жөндеп ұйықтай алмады. Ағасының ел көзiнше масқаралап,
абыройын төккенiне ызаланды. Соңғы кездерi сөзге iлiге қоймаған отбасының
жаманаты шығып, алып-қашты әңгiме ел iшiне кеңiнен тарап барады. Оған мына
уақиға май тамызғандай болды. Ендi әке-шешесiнiң мұның әр басқан қадамына
қарауыл қойып отыратыны айдан анық. Сол ойына түскенде, ұйқысы шәйдай ашылып
кеттi. Ағасына ызаланып, iшiнен ауыр-ауыр сөздер айтты.
Ертеңiне күн арқан бойы көтерiле Мақбалдың ортаншы ұлын ертiп, Мақамаш келдi.
Ол қашанғы әдетiнше есiктен дәудiрлеп сөйлей кiрдi. Малдас құрар-құрмастан аман-
саулық сұрасты. Сосын Пiрмақанның тобылғы сапты қамшысын қолына алып көрiп,
оны аяғын жерге тигiзбей мақтай жөнелдi. Жас жiгiттiң майпаздағаны сонша, әуелгiде
оң қабағын бермей отырған қара шал әрi-берiден соң елiгiп, ысырылып отырды. Құда
баланың сөзi жанына жағып кеткен ол ара-арасында қомпаңдап та қояды.
Соны көрiп‚ Ранайдың әкесiне жыны келдi. Ол жаққа туралап қарамай, алдында
отырған баланың шашынан иiскедi. Бiрде көзiне көзi түсiп кетiп, дiр ете қалды.
Баланың бет пiшiмi, қой көзi шешесiнiң аузынан түсе қалғандай екен. Ранай аз
қобалжып отырып‚ оның құлағына аузын тақап:
— Кiмнiң баласысың, а? — деп сыбырлады.